Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егістіктегі еселі еңбек

Егістіктегі еселі еңбек

Шиеліде биыл егін біршама бітік шықты. Күз басталысымен сары теңіздей толқыған далада еңбек көрігі қызып, қырман қызыл дәнге тола бастады. Ең бастысы диқандардың ала жаздайғы еселі еңбегін ысырапсыз жинап алу. Осыған сәйкес дала еңбеккерлерінің күзгі жұмыстарын аудан әкімі Нұржан Ахатов көзбен көріп қайтты. Олардың қатарында «Алтын дән», «Жер Жомарт Д», «Ақмая», «Төңкеріс-К» шаруа қожалықтары бар.
Аудан әкімі алдымен Дәулет Жұмбеков басқаратын іргелі шаруа қожалықтың ілкімді ісімен танысты. «Ақмая» шаруа қожалығында биыл 1200 гектарға сыр салысы егілген. Бүгінде 140 адам шаруа қожалықтағы тірлікті тиянақты орындау үстінде. Диқандардың дамылсыз еңбегін елеп ескерген аудан әкімі Н.Ахатов қамбаны дәнге толтыруға тілектестігін жеткізді. Әрмен қарай Асқар Бердібаев басқаратын шаруа қожалықтың жұмысына шолу жасады. Мұнан соң «Жер-Жомарт Д», «Төңкеріс-К» шаруа қожалықтарының ала жаздай еңбегін көзбен көріп қайтты. Дала қосындағы қызу жұмыстың қарқынын аңдаған аудан әкімі төрағалармен тілдесіп, қыстың қамын пысықтады.
Ең бастысы, маңдайын күнге күйдіріп, егістік басында жүрген шаруалардың еңбегін еш қылмау қажеттігін тілге тиек етті. Биыл аудан бойынша жалпы егіс көлемі 30 074,4 гектар жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілген болатын. Ал негізгі дақыл күріштің үлесі 10 750 гектарды құраса, 19 324,4 гектары басқа дақылдардың үлесінде.
Сонымен бірге күздік бидай – 1 649, жаздық бидай – 456, тары – 280, арпа – 50, дән жүгері – 110, мақсары – 1 494, соя – 150, жаңа жоңышқа – 3 400, ескі жоңышқа – 6147,8, мал жемдік асқабақ – 137,6, жемдік жүгері – 60, күнбағыс – 15, сондай-ақ картоп – 1 198,1, көкөнiс – 1769,05 және 2408 гектарға бақша дақылдары егілген.
Мал азығы қорын жасақтау мақсатында жоңышқа шөбін ору жұмыстары қарқынды жүріп, бүгінде ауданда 62 332 тонна жоңышқа шөбі жиналған. Жиым-терім науқаны басталғалы қысқы мал азықтық қорына 31,5 тонна сабан, 33,8 тонна жем және 86 768 тонна табиғи шөп дайындалды. Сонымен қатар 1649 гектар күздік бидайдан 1814 тонна, 456 гектар жаздық бидайдан 410 тонна өнім жиналды. Одан бөлек 50 гектар арпа дақылының әр гектарынан 10 центнерден өнім келіп, 50 тонна арпа қамбаға жөнелтілді. Ал 15 гектар күнбағыстан 13,5 тонна, 1494 гектар мақсарыдан 747 тонна, дән жүгеріден 330 тонна, сүрлем жүгеріден 180 тонна өнім жиналды. Аудан бойынша жалпы көкөністен 54 150 тонна, бақшалық дақылдардан 72 240 тонна өнім қамбаға құйылды. 1198 гектар картоптың бүгінде 65 проценті жиналып, 12 256 тонна өнім алынған.
Қоса кеткен жөн, күріш, тары, картоп және соя дақылдарын жинау жұмыстары әліде жалғасуда. 10 750 гектар күріштің бүгінде 8225 гектары орылса, 7420 гектары бастырылды. Орта өнім 54,3 центнерді құрайды. Ал піскен дәнді-дақыл ұшқан құстың тұмсығында, соққан желдің өтінде кетпеуі үшін 100 процент техникамен жабдықталу қажет. Бұл бағытта 331 дана трактор, 52 дана автокөлік, 116 дана комбайн, 63 дана жатка және 164 дана трактор тіркемесі жұмыс істеуде.
Шиелі ауданы бойынша күзгі егінге мемлекет тарапынан 1726,0 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, бүгінде оператор анықталып, литрі 210 тенге болып бекітіліп шаруашылық құрылымдарына берілуде.
Алқап төсіндегі диқандардың еңбегімен танысқан аудан әкімі Н.Ахатов алдағы уақытта да аудан көлемінде дала жұмыстары мен күріштік алқаптарын суару жұмыстары күн тәртібінен түспей, бақылауда болатынын жеткізді. Сондай-ақ, орын алып отырған қиындықтардың алдын алу үшін тиісті сала басшыларына шұғыл шешімдер қабылдап, қатаң бақылауда ұстау жөнінде арнайы тапсырма берді.

Шапағат ТІЛЕУБАЙ
27 қыркүйек 2022 ж. 412 0