Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ РӘМІЗДЕРІ – ЕЛ РУХЫ

ЕЛ РӘМІЗДЕРІ – ЕЛ РУХЫ

Дәл осындай атаумен Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінде патриоттық кездесу өтті. Мемлекеттік Рәміздердің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Қызылорда облысының жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болып отыр.
Оған жекпе-жектен ҚР чемпионы, Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейбітжан Әмірханұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлшат Махан, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов қатысты. Патриоттық кездесуді «Қызылорда облысының жастар Одақтары» ҚБ-нің төрағасы Ж.Алдабергенов жүргізді.
Шара дәстүрге сай Әнұранмен ашылды. Мемлекеттік рәміз – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын, мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын жеткізетін құнды белгі. Бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі.
Әлем чемпионы, бүгінде еңбектері әлемге әйгілі Бейбітжан Әмірханұлы спорт саласындағы жетістіктерінің құпиясымен бөлісті. Өскелең ұрпаққа салиқалы сөздер айтып, орамды ой білдірді. Шиелілік жастарға ер жігіттерге қандай қасиеттер тән болу керектігін айтып, жастарды өз елінің патриоты болуға үндеді.
Жиынға қатысушылар спорттық жарыстарда жеңістің төрін бағындырып, еліміздің көк туын көкте желбіреткен Бейбітжан Қоблановқа сауалдарын бүкпесіз жолдады.

«Өскен өңір» ақпарат

07 қараша 2022 ж. 492 0