Сөгілмесін іргеміз – біз әрқашан біргеміз
Бірлік – Қазақстан үшін терең мағынасы бар, болаттан да ауыр салмағы басым сүмбіле сөз. Себебі Тәуелсіздіктің дәні себілген еліміз көптеген қиындықты бастан кешті. Соған қарамай «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейтін тәмсілдің арқасында алға қойған мақсат-мұратқа жетті. Еліміз көпұлтты мемлекет. Кең жазиралы даламызда 130-дан аса ұлт пен ұлыстың уығы шаншылған. Сыр елі оның ішінде Шиелі ауданы өзге ұлт өкілдерінің туған мекеніне айналған.
Сейсенбі күні «Балалар жылы» және Республика күні қарсаңында облыстық білім басқармасының бастамасымен, аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Күшіміз бірлікте» тақырыбында өзге ұлт өкілдерінен құралған ұстаздар мен оқушылардың салтанатты шарасы өтті. Мақсат – Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің достығы мен бірлігін, татулығы мен ауызбіршілігін, дархан достығын, дария пейілін дәріптеп, қолдау көрсету.

Іс-шараға облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөлімінің жауапты қызметкерлері, ардагер-ұстаздар, аудандық «Шаңырақ» әкелер кеңесі мен «Әжелер мектебінің» мүшелері қатысты.
Тағлымы мол басқосуда аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбековке сөз беріліп және оған Қызылорда облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасы табысталды.
Бұл шара екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін» атты жобаны қорғау жұмыстары жүргізілсе, ал екінші кезеңде «Ұлттық құндылық – ұлт болмысы» атты көрме ұйымдастырылды. Оның ішінде әкелер мектебінің «Көненің көзі – тарихтың өзі» атты тақырыппен зергерлік бұйымдары, аналар мектебінің «Киіз үй ұлттық салт-дәстүр» тақырыбында қолөнер бұйымдары мен «Әжелер құпиясында» әжелер мектебінің тоқыма бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ «Достық дастарханы» атты көрмеде өзге ұлт өкілдерінің тағамдары таныстырылды.
Салтанатты шара соңы ұстаздар мен өнерлі оқушылардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ