Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлігі есте ерлердің

Ерлігі есте ерлердің

Алмалы ауылдық округі әкімінің аппаратының мамандары Шарапат Төлебай мен Айжан Бердекешованың ұйымдастыруымен №181 орта мектебінде «Ардагер жолы ұлылық, ұрпағы жүрсін ұғынып» атты Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерімен кездесу өтті.
Аталған шараға Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс-қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері Шиелі аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан ­Байжанов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары Жолдасбек Қуандықов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Мұхтаров, Семей сынақ полигонының ардагері Қыдырия Күлбаев, ауыл әкімінің уақытша міндетін атқарушы Гүлжайна Ерденқызы, мектеп директоры Светлана ­Бакирова, ардагерлер А.Мырзаев, Ф.Жұмабаев, Ғ.Қиянбеков, Н.Беркімбаев қатысты.
Жиынның басты мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беруге үлес қосудағы ардагерлердің атқарар рөлін айқындау. Жиын туралы сөз қозғамас бұрын тарихқа үңілсек.
Орталық Азияда орналасқан Тәжікстан Республикасында 1992 жылы басталған азаматтық соғыс кезінде Тәжік-Ауған шекарасындағы қауіпсіздік босаңсыды. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында бітімгершілік операциясы жүргізілді. 1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін «ҚАЗБАТ» жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған қақтығыс алаңында 11500-ге жуық қазақстандық жау­ынгерлер әскери борышын өтеген. Оның арасында біздің жерлестеріміз де бар. Осы уақыт аралығында 60-қа жуық шиелілік шекара шебінде азаматтық парызын атқарған. Жауынгерлік тапсырманы орындау барысында облыс бойынша 2 азамат ерлікпен қаза тапса, 4 азамат жарақат алған.
Жиынды мектеп директоры ­Светлана Кеңесқызы ашып берді.
– Туған жердің әр азаматы өткенінен үлгі алып өседі, өркендейді. Тарихына үңіліп, әр дәуірдің тұлғаларынан рухани күш жинайды. Міне, есімі тарихта алтын әріптермен таңбаланатын тұлғаларымыздың бірі осы Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдары ардагерлері. Бұл азаматтардың әскери адал антынан танбай, жат жерде ел мүддесін қорғауы нағыз патриоттығының дәлелі. Бүгінгі өскелең ұрпақ осындай батыр ағаларының ерлігінен рухтанып, бағыт алатыны даусыз, – деді ол.
Әскерилердің, ардагерлердің ерлігі қашанда ел есінде. Олар жайлы қаншама кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді. Әсіресе, осы Тәжік-ауған қақтығысы туралы мемлекет тапсырысымен «Қазбат» сериалы түсірілген болатын. Жиында осы фильмнен үзінді көрсетіліп, бір сәт батырлардың арасында біз де қанды оқиғаны көзімізбен көргендей күй кештік. Әп-сәтте оқты жауынның астында қалған қазақ әскерінің сол уақыттағы қиналғанын көрдік, қаншама боздақтарымыздың жат жерде шейіт болғаны жанға жара салды. Осыған дейін жиынның мән-мағынасына терең бойлай алмаған оқушылар фильмнен кейін дереу еңселерін тіктеп, жанарларында жалын жарқырады. Бойларын патриоттық сезім билеп, өздерінің тарихи тұлғалармен, тірі аңыздармен кездесіп отырғанын ұғынды. Кезек-кезек қол көтеріп, ардагерлерден сол оқиға жайында естеліктер сұрады.
Ал бітіруші түлектер АК-74 оқу автоматын шашудан шеберлігін танытты. Мұнан соң ауыл әкімінің бас маманы Ш.Тұрсынбайқызы мен әдіскері А.Дүрмұхамедқызы патриоттық ән орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар ұстаз Ергешқызы ән айтса, оқушылар би билеп, күй шертті.
Іс-шарада жастық шағының бір кезеңін оқ пен от астында өткізіп, ұрпаққа өмір жолын өнеге еткен Асан Мырзаев сөз алып жастарға ақыл-өсиетін жеткізді.
– Тарих беттерінде өзіндік із қалдырған тәжік-ауған асуының ақиқаты жайлы өздеріңізбен бөлісу, сол күндерде қатерге бел буып, ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлер жайлы сыр шерту біз үшін үлкен құрмет. Біз Отан алдындағы азаматтық борышымыз бітімгершілік миссияны орындаған Қазақстан жауынгеріміз. Сіздер, келешек ұрпақ, Отанды сүйетін, елін, жерін қорғайтын ержүрек батыр атаның ұрпақтарысыздар. Қазір еліміз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш, бейбітшілік заманда өмір сүріп отыр. Әрдайым солай болғай, – деді ардагер.
Өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміздің ерлігі ұмытылмайды. Ер қуаты – қару болса, елдің қуаты – қайтпас, қайсар батырлары.

Ш.Тілеубаев
25 қазан 2022 ж. 197 0