Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Аудан тұрғындары үшін мал шаруашылығымен айналысу таңсық нәрсе емес. Қолда бар малды бағып-қағып, оны көбейтіп отырған қараша халық мал ұстаудың бейнеті мен берекеті бірдей екенін айтады.
Малдың соңында алаңсыз жүргендер ғана оның бабын тауып, табыс көзіне айналдырып отыр. Негізі әр елді мекен мал ұстауға ыңғайлы. Әрине, оның бейнеті де бар. Тынымсыз еңбекті талап ететін кәсіптің бұл түрімен айналысуға кент тұрғыны Тұрар Мырзалиев тәуекелге барған. Ол кәсіп ашуды алдына мақсат етіп қойыпты. Төскейінде төрт түлігі тең өрген шиелілік Тұрар Мырзалиев бала кезден әкесіне еріп, маңдай термен еңбектеніп, кәсіп жасау жолдарын үйренген. Ер жете келе бар береке төрт түлікте екенін түсінген ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 1 225 200 теңге несие алады. Алған қаражатқа төрт бас сиыр алып, кәсібін дөңгелеткен. Мақсат – өзінен артылдырып, өзгеге өнім ұсыну.
– Мал өсіру оңай шаруа емес, маңдай терді талап ететін адал кəсіп. Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Малдың жем-шөбін дайындаудың өзі үлкен мəселе. Бірақ «Еңбекпен келген нан тəтті» демей ме?! Жанға лəззат берері де осы, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қайсыбір істі қолға алғанда ерекше құштарлықпен қарау керек. Тұрар алдағы уақытта мал бордақылау ісімен айналысуды да көздеп отыр. Оның қора қопсысы да малға жайлы. Жем-шөп қоры жеткілікті.
Ата-баба кәсібін қолдан келгенше өркендетуді парыз деп білетін Тұрардың ісі жастарға үлгі. «Тіпті әлі де қолдау болып жатса, ендігі де мал бордақылау ісін өркендетуге жұмыс істемеймін» дейді жас кәсіпкер.
Иә, мал баққанға бітеді. Қай уақытта да мемлекетті тығырықтан шығаратын сырттан келетін қарыз емес, халықтың қара күші мен төккен тері. Қала берді іске асқан ілкімді істері мен жаңашыл жобалары екенін әсте естен шығармаған абзал.

Ш.Тілеубаев
11 қазан 2022 ж. 166 0