Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалағаштықтар мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал шаруашылығын дамытуда

Жалағаштықтар мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал шаруашылығын дамытуда

BAQ.KZ. Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғындары отбасылық бизнеске бет бұруда. Биыл ауданда «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200-ден астам жобаны қаржыландыру жоспарланды. Сәуір айында 15 ауыл тұрғыны 583 400 теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді.

Жалағаштықтар кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Өткен жылы жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200-ден астам аудан халқы өз істерін бастады. Бұл бағдарлама биыл да кәсіппен айналысуға ниеттілерге қолдау білдіреді. Оған қоса, берілетін қаражат көлемі де біршама артқан.

«Еңбек» бағдарламасы негізінде кәсіп бастағандардың бірі – Айбатыр Сардарбекұлы. Ол Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылында жылқы шаруашылығын қолға алып, ата кәсіпті дамытуды көздейді.

Кәсіп бастағанға дейін бірнеше жерде жұмыс істедім. Тек ауданда ғана емес, сондай-ақ Қызылорда қаласында да жұмыс жасап, отбасымды асырадым. Алайда бір айлықпен күн көру оңай емес. Сондықтан өз бизнесімді ашуды ойлап, мал шаруашылығымен айналысуды жөн санадым. Аграрлық өңірде кәсіптің бұл түрімен айналысу пайда әкеледі. Себебі шығын аз болады, - дейді Айбатыр Сардарбекұлы.

Кәсіпкер жоба аясында 583 400 теңге қайтарымсыз қаржы алған. Қазіргі таңда бұл қаражатқа 2 жылқы алып, мал басын көбейтуді көздеп отыр. Ол алдағы уақытта мал бордақылау ісімен айналысатын болады.

Мал шаруашылығын қолға алған кәсіпкердің жылқылары әзірге жақын туыстарының үйіріне қосылған. Шаруа уақыт өте келе, өз үйірін жинауды, сондай-ақ бизнесті дамытуға арналған пайызы төмен 4 млн теңге несие алуды да жоспарға енгізген.
Әзірге мал санын арттыруға біраз уақыт кетеді. Комиссия мүшелерінің кеңесі бойынша 4 млн теңге несие алуды көздеп отырмын. Осылайша мал басын көбейтіп, бардақылау ісімен де айналысып, табыс көзін ашамын. Алайда бордақылау ісіне 2 жылдан соң кірісемін, - дейді кәсіпкер.
Мал шаруашылығын дамыту, ата кәсіпті қолға алу ауыл тұрғындары үшін таңсық емес. Айбатыр Сардарбекұлының жобасы да ауыл тірлігіне бейімделген. Оның кәсібі алдағы уақытта өз жемісін берері анық. Ауданда мал шаруашылығы арқылы отбасылық бизнесті дамытып келе жатқан кәсіпкер Анар Алтыбаева жолдасы Дәулетқали Дауытовпен бірге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы үстемақысы төмен 4 пайыздық несие алды.

Кәсіпкерлер өз жобаларында бұл қаражатқа 14 бас ірі қара алуды көрсеткен. Олар әзірге 8 бас ірі қара алып, қалған сиырларды алу үшін шаруашылықтармен келісім жүргізуде.

Жалпы ауданда мал шаруашылығымен айналысуда ешқандай мәселе туындамайды. Жалағаш ауданы аграрлық өңірлер қатарында болғандықтан малды жем-шөппен қамтамасыз ету қиын шаруа емес. Осы орайда кәсіпкер Анар Алтыбаеваның жобасы ғұмырлы болары анық. Оған қоса кәсіпкердің жолдасы да жанынан табылып, кәсіптің алға жылжуына көп көмегін тигізуге әзір.
Мал басын көбейтуді біраз уақыттан бері жоспарладық. Биыл жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Кәсіптің жемісті боларына сенімдіміз. Отбасылық бизнес болғандықтан кәсіптің жандануына, оның дамуына барлығымыз ат салысатын боламыз. Негізі бағдарлама аясында пайыздық үстемақысы 6 пайызбен несие берілетін болса, анар көпбалалы ана ретінде несиені 4 пайызбен алды. Бұл да мемлекеттің қолдауы деп білемін. Мемлекеттік бағдарламаның халыққа берері көп. Сондықтан халыққа кәсіп бастауға, мемлекеттің қолдауына ие болуға шақырамын, - дейді Дәулетқали Дауытов.

Кәсіпкерлер сатып алған ірі қараларды фазендада ұстап отыр. Олар енді қалған 6 сиырды алған соң, жоба талаптарын толық орындауға кіріседі. Кәсіпкердің айтуынша, олар мал басын көбейтіп, бағымда ұстап, әрі қарай табысты еселеуді көздеп отыр.

Кәсіпкер Дәулетқали Дауытов бұл жобамен тоқтап қалмау керек екенін айтады. Ол алдағы уақытта өзі де несие алып, жаңа істі қолға алмақшы. Кәсіпкер жылқы бағып, кәсіпкерін кеңейтуді жоспарлаған.

Жобаны бастамас бұрын, көп ойландық. Бұл бағытта ісіміздің өрге домалайтынына көзіміз жетті. Жолдасым да қолдау білдіруде. Оның алдағы жоспары да менің кәсібіме көп көмегін тигізері анық. Екеуміздің де кәсібіміз бір бағытта болғандықтан жұмыстың кенжелеп қалмасы анық. Мал шаруашылығымен айналысуда еш мәселе жоқ. Қоражай кең, жем-шөп те молынан жетеді. Қазіргі таңда мал бағасы да, ет те қымбат. Бұл біздің кәсібіміздің дамуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін, - дейді Анар Алтыбаева.
31 мамыр 2021 ж. 351 0