Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптің көзін тапқан

Кәсіптің көзін тапқан


Бүгінгі кейіпкеріміз өз ісінің кәсіби маманы, шаш үлгісін жасаудың хас шебері. Зейнет демалысына шықса да еңбектен қол үзбеген. Қарғалы ауылынан сұлулық салонын ашып, кәсібін өрге домалатып жүр. Ынта мен жігер болса, қазір екі қолға бір күрек табылатын заман. Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдаулар да көп. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы да негізінен ауыл тұрғындарына арналған. Осындай қолдаудың арқасында шағын кәсіп иесі Бейсенкүл Дүрімбетова өз ісін қолға алды.
Кейіпкеріміз болмысынан дара, адал еңбек еткенді жаны қалап тұратын қайсар жан. Еңбек жолын Қарғалы ауылының мектеп асханасында аспаздықтан бастаған ол зейнетке шықса да қол қусырып оты­­ру­ды жөн көрмейді. Өмірлік серігі Құрматулла Бейсенкүл апайға қолдау білдіріп, сол жылдары ауыл әкімшілігі тарапынан хабарланған кәсіпкерлікті қолдау туралы ұсыныс – кәсіпті бастауының алғашқы баспалдағы болады. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз қаражат кәсіп бастаушыларға берілген үлкен мүмкіндік болғаны белгілі. 2018 жылы сол мүмкіндікті мүлт жібермей 450 мың теңгеге шаштаразға қажетті құрал-жабдықтарды алып, өз кәсібін Қарғалы ауылындағы тұрғын үйінің бір бөлмесін шаштаразға айналдырып, жұмысын бас­тайды.
– Шын мәнінде, сүйікті ісіммен айналысуға «Атамекеннің» септігі тиді. Қайтарымсыз қаражат аяғымнан тік тұрып, кәсіпті бастауыма себеп болды, – дейді Бейсенкүл апа бізбен әңгімесінде.
Алдына осындай мақсат қойған шағын кәсіптің иесі өзін ғана емес, қосымша көмекшісін жұмыспен қамтып отыр. Ол осы ауылдың тұрғыны Ләззат Әбілтаева. Ләззатта өз ісіне тиянақты, тұтынушылардың шашын талғамына сай алып беріп отырады. Тіпті, уақытылы 42500 теңге айлық алады. Себебі сұраныс бар жерде шеберлер артықтық етпейді. Ауылдан шаштараз салонының ашылғанына үш жылдай уақыт болыпты. Барлық ауыл халқы қуанышты. Себебі кейбір ата-аналар бұған дейін оқушы балаларының шашын алдыру үшін кентке қарай сабылатын. Ал кенттегі шаштаразда жаңа оқу жылы қарсаңында ұзын сонар кезек болатыны айтпаса да түсінікті. Ауыл тұрғындары кәсіпкерге алғысын жаудырса, ақсақалдар ақ батасын беріп кетеді. Айта кетейік, кейіпкеріміздің жары Құрматулла екеуі 3 қыз, 2 ұл өсірген бақытты отбасы. Бізде «кәсібтің көзін, еңбектің тезін» тапқан кәсіпкердің ісіне береке тіледік.

Шапағат Тілеубаев
30 наурыз 2021 ж. 462 0