МӘНШҮК АТЫ МӘҢГІЛІК
Жуырда Жуантөбе ауылдық мәдениет үйінде ауыл әкімдігі және аудандық мәдениет бөлімінің қолдауымен Кеңес Одағының Батыры, пулеметші Мәншүк Маметованың туғанына 100 жыл толуына орай іс-шара өтті.
Шара шымылдығы «Мезгілсіз үзілген моншақ ғұмыр» атты театрландырылған қойылыммен ашылды.
Шара шымылдығы «Мезгілсіз үзілген моншақ ғұмыр» атты театрландырылған қойылыммен ашылды.
Сондай-ақ аудан өнерпаздары арасында театрландырылған қойылымнан байқау өтті. Мұндағы мақсат – сұрапыл соғыс жылдарында жаратылысы нәзік болса да, сайдың тасындай сарбаздардан кем түспей, қайтпас қайсар қайратымен қан майданда ерлік көрсеткен қазақтың батыр қызының ерлік жолын дәріптеу. Айта кеткен жөн, осы ауылдан соғысқа аттанған майдангерлердің ұрпақтары да байқауға демеушілік танытты.
Одан әрі ауыл әкімі Азамат Есімов сөз алып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Оқ пен оттың ортасында жүріп, ерен ерлік көрсетіп, өшпес даңққа бөленген батыр Мәншүктің есімі халық жадынан өшпеуі тиіс. Жылдар ұзаған сайын жарқын бейнелері мен бекзат болмысы ел жүрегіне жақындай түсері ақиқат. Батыр қыздың ерен ерліктері өскелең ұрпақ үшін ұлтын сүю мен халқына қалтқысыз қызмен етудің жарқын көрінісі болып мәңгілік жасай бермек. «Мезгілсіз үзілген моншақ ғұмыр» арқылы сыр шертілген сұрапыл жылдар шындығы көркем өнер тілінде тағылым түйгізді, – деді ауыл әкімі.
Сұрапыл соғыстан сыр шерткен байқауға «Халық» театрының жетекшісі Меруерт Жомартова, №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің психолог маманы Ләззат Төлешова, кітапхана қызметкері Ұлдана Қасқабаева қазылық етті.
Аталған байқауға 10 ауылдан үміткерлер қатысты. Байқауға қатысқан барлық өнерпаздар небәрі 21 жасында қан майданда қаза тапқан қаһарман қыздың өмір жолы мен оның ерлік жолын халыққа паш етті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Сұлутөбе ауылынан келген Ақмарал Серікбайқызы иеленсе, I орынды Алғабас ауылынан қатысқан Айнұр Ысқақова қанжығасына байлады. Ал Бәйгеқұм ауылынан келген Әсел Нұралы ІІ орын, Нартай ауылынан келген Ұлжан Нұрбайқызы ІІІ орын иегері атанды. Сондай-ақ арнайы жүлдеге Бидайкөл ауылынан келген Ақерке Нысанбекқызы мен Еңбекші ауылынан келген Аяжан Ерғалиева лайық деп танылды. Қалған қатысушыларға арнайы номинациялар мен сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар осы ауылдан майданға аттанып аман-есен елге оралған майдангерлердің ұрпақтары да байқауға қатысқандарға сый-сияпат ұсынды.
Ш.Тілеубаев