Отаным – бақыт ордасы
Өткен жұмада «Бұдабай Қабылұлы» атындағы аудандық мәдениет үйінде Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шара дүниеден озған майдан жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Мерекелік шараның шымылдығы ҚР Әнұранымен ашылды. Содан соң кешегі жауынгерлер мен олардың ізін жалғастырған Отан қорғаушыларды аудан әкімі Нариман Мақұлбеков арнайы құттықтады.
Мерекелік шараның шымылдығы ҚР Әнұранымен ашылды. Содан соң кешегі жауынгерлер мен олардың ізін жалғастырған Отан қорғаушыларды аудан әкімі Нариман Мақұлбеков арнайы құттықтады.
– Барлығыңызды ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына – 30 жыл толуымен құттықтаймын. Бұл күн – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, айбынды армияның атағын асқақтатқан нағыз ерлердің мерекесі. Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстың соңғы солдаты Сәрсенбек Байжановты, Кеңес Одағының батыры Георгий Ковтуновты, генерал-лейтенант Құрбан Қаражановты, милиция генерал-майоры Құлахмет Қалменовты, прокуратура органдарының генералы Бекзатхан Асқаровты, Олег Бижановты ел әрқашан мақтанышпен айтады. Сонымен бірге Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Жұмат Қалекеев пен тәжік-ауған шекарасында мерт болған Ержан Әбдиев сынды ерлердің ерлігі қашанда халық жадында сақталады. «Ерлік білекте емес, жүректе» деген халқымызда ұлағатты сөз бар. Ерлік туған жердің қасиетімен, ананың сүтімен, әкенің қанымен және ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен сіздердей батыр ағаларымыздан беріледі. Бұл азаматтар әскери саланы таңдаған жастарға үлгі болары сөзсіз. Қазіргі таңда ауданнан әскери оқу орындарына түсуге сұраныс көбейіп келеді.
Атап айтсақ, Жасұлан республикалық мектебінде 4 ұланымыз, Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 3, Шоқан Уалиханов атындағы Кадет корпусында 4 азаматымыз білім алып жатыр. Бұл жастарымыз болашақта елін, жерін қорғайтын, халқымыздың тыныштығына қызмет ететін білікті әскери мамандар болатынына сеніміміз мол. Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбітшілігімізді көздің қарашығындай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған әскеріміздің айбыны арта берсін! – деді Нариман Мақұлбеков.
Аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін кеш марапаттау рәсіміне ұласып, бірқатар азаматтар ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай «Қазбат бітімгер медалімен», аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мұнан соң аудан өнерпаздары Меруерт Дүйсебай, Әділбек Тәшімов, Сафуан Көрегенов, Мөлдір Әлиева, Рахат Қалкөзовтер «Белгісіз солдат», «Ән сал, сарбаз», «Қазақстан», «Елім менің» секілді бірнеше патриоттық әндерді орындады. «Тұмар» би тобының бишілері болса «Батыр қыздар» биін мың бұрала биледі. Ал «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева «Кім білген?» атты әнді орындап, жиылған жұрттың қошеметіне бөленді.
Рамазан ӘНӘПИЯ