Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЗАҢСЫЗ АҢШЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

ЗАҢСЫЗ АҢШЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жан-жануарлардың, құстардың, балықтар мен өсімдіктердің ондаған түрі жойылып кету қаупінің алдында тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс», деп атап көрсетті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өзінің Твиттер әлеуметтік желідегі парақшасында адамдардың планетаны қоршаған ортаның ластануынан құтқару үшін бірігуі керектігін айтты. «COVID-19 біздің жауапсыздығымызды, табиғатқа ұқыпсыз қарайтынымызды көрсетті. Ұрпағымыз үшін осы әлемді таза әрі қауіпсіз күйінде сақтап қалайық» деді Президент. Бұл мәселе тамаша табиғаты талайды тамсандырған Қазақстан үшін де аса өзекті болып отыр. Әсіресе, Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап қалу үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда? Жуырда браконьерлікпен күресіп жүрген табиғат инспекторларының жұмысымен танысып көрдік.
Жалпы Шиелі аумағында «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың қарақұйрық, жорға дуадақ, арқар секілді біршама түрлері мекендейді. Олар негізінен Қызылқұм беткейде, яғни Ботабай, Қарғалы аумағында және Қаратау маңында өмір сүреді.
Дәл қазір «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі РМ Оңтүстік Қазақстан Арыс және Қарақтау мемлекеттік қорығы инспекторларының жұмысы қызатын шақ. Өйткені аң аулау маусымы ашылып, мылтық асынғандар қанжығасын майлауға асық. Қорық қызметкерлері ауыл-ауылда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп әлек. Олардың басты міндеті – Түркістан мен Қызылорда облыстарының аумағында жануарлар дүниесін қорғау. Абыройға қарай жыл басынан бері заңсыз аң аулаған ешбір жағдай тіркелмепті. Бұл да болса Е.Ұзақбаев, Н.Оразбаев, Ғ.Саттыбаев есімді қорықшылардың тынбай еткен еңбегінің нәтижесі болса керек. Осы орайда инспектор Ғабит Оразбаевты сөзге тарттық.
– Аңшыларға жануарлардың қандай түрлерін аулауға рұқсат етілген? Сондай-ақ, оларды аулау мерзімі қандай?
– Қазақстан аумағындағы аңшылық мерзімі «Аң аулау қағидалары туралы» ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен бұйрыққа сәйкес өткізіледі. Ауланатын аңдар қатарына 34 сүтқоректі және 59 құс түрі жатады. Атап айтсақ, биыл 1 шілдеден бастап суырға, 15 шілдеден бастап сібір еліктері аталықтарына және 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін аналықтар мен төлдеріне, 27 тамыздан 30 қарашаға дейін қаз, үйрек, қасқалдаққа, 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін борсықтарға, 15 қыркүйек пен 30 қараша аралығында қараторғайға, 3 қыркүйектен 30 қарашаға дейін кекілікке, 3 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін қабандарға, 1 қарашадан 2023 жылдың 15 ақпанына дейін қоян, қарсақ, түлкілерге рұқсат етілген. Ал, Сібір еліктерін аулау тиісті аңшылық шаруашылығы субъектісі аңшысының қатысуымен және белгіленген аңшылық ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
– Аңшыда қандай құжаттар болуы тиіс?
– Аңшы куәлігі мен қару ұстауға рұқсат қағазы болмаса, аңға шығуға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, аңшылық нысанының арнайы рұқсаты керек. Құстар мен аң аулауға да рұқсат қажет. Бұл ережелер бұзылса, 10 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынады. Құжаттар ішінде аңшы куәлігі, ҚР-ның салық заңнамасы белгiлеген мемлекеттiк баждың төленгені туралы түбіртек, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат қағазы, аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары, аңшылық атыс қаруын қолдану арқылы аң аулау үшін аңшылық атыс қаруын сақтау және алып жүру құқығын растайтын ҚР iшкi iстер органдарында берілген рұқсат қағазы мен жыртқыш құстар мен аң аулаған кезде аушы жыртқыш құстың паспорты болуы тиіс. Сонымен қатар, аудан аумағында аңшылық құру үшін алынатын жолдама мен арнайы рұқсат алуға аңшы куәлігіне жарнасы төленгені жөнінде белгі міндетті түрде болуы шарт. Аңшылар жабайы аң-құстарды жолдамада көрсетілген аң аулау мерзімінде және мөлшері бойынша аулауы тиіс. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заң мен Қазақстан аумағында аң аулау ережелерінің талаптарын орындамаған азаматтар еліміздің қылмыстық және әкімшіліктік заң бұзушылықтар туралы кодекстері бойынша жауапкершілікке тартылады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
10 қазан 2022 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930