Өскен өңірдің Дүйсенбісі
Өлеңді жазушы едім, дүркін-дүркін,
Сүйсініп оқушы еді туған жұртым.
Соңғы кез қалам суып кетті біраз,
Иыққа мінгеннен соң газет шіркін!
Сүйсініп оқушы еді туған жұртым.
Соңғы кез қалам суып кетті біраз,
Иыққа мінгеннен соң газет шіркін!
Бұл Дүйсенбі Смайыловтың өлеңі. Шиелінің шежіресін, ондағы ата басылым «Өскен өңір» газетінің тарихына қалам түртсеңіз бұл есімді кездестірмеуіңіз мүмкін емес. Алғашқы редакторы Мәді Молдыстамов болған, «Стахановшы» атанған, одан кейін «Коммунизм жолы» аталып келген газетке Дүйсенбі Смайылов ағамыз жауапты хатшы, редактор болып, сонымен қатар газеттің атауын «Өскен өңір» деп Шиелі өңірінің шамшырағына айналдырғаны мағлұм. Бір ауданның басылымына бас болу дегеніміз оңай шаруа емес, әрине.
Бас редактор дегеніміз – погонсыз генерал, атақ-дәрежесі рәсімделмеген ғылым докторы, патентсіз өнертапқыш, лицензия алмаған конструктор десек те болады. Погонсыз генерал болатының – газет бетінде стратегияны белгілеп, түрлі тактика қолданасың. Билік пен оқырманның арасында елшілікке жүресің. Түн ортасында, басылымның соңғы бетін баспаханаға жіберер алдында «Осы материал қалай өзі?» дейтін қиын жағдайлар туындайды. Ол кезде саған ешкім көмекке келмейді. Мұндайда тек білім мен білігіңе, ішкі интуицияңа сүйенесің. Сөйтесің де ұстараның жүзінде отырып, ең соңғы шешімді қабылдайсың. «Тәуекел!» дейсің. Сөйтіп, генерал секілді мылтықсыз майданды басқаруыңа тура келеді. Патентсіз өнертапқыш дейтініміз, газетті оқыту үшін үнемі тың идея ойлап табуға тиіссің. Жаңа тақырып, жаңа кейіпкер, жаңа айдар, жаңа коллаж, жаңа штрих. Соның бәрімен газетті күн сайын қамтамасыз етуің керек. Ендеше, өнертапқыш емей, кімсің? Лицензиясыз конструктор дегеніміздің мәнісі мынау: Басылым бетінде жарияланатын материалдардың бәрін де қолмен құрастырасың. Бұзып, қиратып, газетке лайықтап, қайта жасап шығасың. Автор ойына ой қосасың. Жөндейсің, қырнайсың, аударасың, біріктіріп, кіріктіресің… Сонда конструктордан нең кем?
Міне, осындай талап үдеден шығып, қаламын қаруына айналдырған Дүйсенбі Смайылов Ортақшыл ауылында дүниеге келіп, алдымен педучилищені, одан соң КазГУ-дің журналистика бөлімін бітіреді. Ең алғаш еңбек жолын ұстаздықтан бастағанымен, кейін журналистік қызметке бар ғұмырын арнады. Дүйсенбінің журналистік мектебінде Қ.Мырзахметұлы, С.Мұсайымов, А.Достияров, Н.Аюпов, А.Айтуаров, тағы басқа ондаған ауыл-село тілшілері тәрбиеленіп, газет мәртебесін көтерді. Ол туралы Қайырбек Мырзахметұлы «Аудандық газетте Сейтқасым, Жүніс ағалар көптен істейді екен. Екеуі күн құрғатпай материал жазады. Сейтқасым оқта-текте фельетон, сықақтармен кемшілікті түйреп тастайды. Жұрт Сейтқасымның қаламына ілікпесек болар еді деп жиі айтатын. Ортамызға бір күні Ә.Боранов, Ф.Жүсіпова қосылды. Кейін Алматыдан ауа райы жақпай, «Мың бір түнді» мөлдіретіп аударған Қалмахан келді. Газеттің күнделікті қым-қуыт дүрбелеңіне жоғарыдағы кісілер қиналатын сыңай байқатты, ілесе алмай отырды. Жас болғасын ба, біз Шәден Бектасов, Оразбек үшеумізге жүк көбірек түсті. Жауапты хатшы – Дүйсенбі Смайылов. Дүйсекең макетті шебер жасайды, қаламы ұшқыр, өлең жазады. Редакторымыз – обкомнан келген, мамандығы мұғалім Қалқабай Әбенов. Ол кісі бас мақала жазудан қолы босамайды. Бар жүк редактордың орынбасары Ә.Сатыбалдиев пен жауапты хатшы Дүйсенбіге түсумен болды. Сыр алдырмайды, аудандық газет облыста көш басында тұрды. Көркемдігі, мәселе көтеруі жайында жылы пікір молайды.
Жастық шақ аудандық газеттің қиын сәттерін бастан өткізетін, шыңдалу мектебі болды. Бәрімізді журналистік биікке тәрбиелеген Дүйсекеңнің еңбегіне тағзым етпесек, есімін еске алмасақ, аруағы алдында күнәһар болармыз. Журналист Дүйсекең жазылған әрбір дүниені түрлендіріп, тақырып тауып қоятын нағыз шебер еді. Шаршамайтын, жалықпайтын. Жастарды өзіне тартуда құшағы ашық болатын. Әдебиетке жақын жастардың басын қосып, әдеби бірлестік ұйымдастырды. Ол кезде мектепте оқитын Оразбек Сәрсенбаев, Сәрсенбек Жұмабековтерді бауырына тартып, жазған дүниелерін үзбей жариялап отырды» деп естелік жазады.
Тағы бір сөзінде «Дүйсенбі Смайыловтың абырой-беделін өзі еңбек еткен «Өскен өңір» басылымы көтерді. Газет редакторы, аудандық партия комитетінің хатшысы, обкомда нұсқаушы, облыстық газет редакторының орынбасары дәрежесіне дейін жоғарылады. Ол қай қызметте жүрсе де, қаламын қару етіп, жұрт көкейіндегі өткір проблемаларды көтерді, соңынан ерген ақын-жазушы талапкерлерге сәт сапар тілеп, шынайы лебізін жолдауды ұмытпады» деп пікір келтіреді.
Сыр перзенті Дүйсенбі Смайыловтың есімін елге танытқан екінші қыры ақындығы болатын. Республика жұртшылығына кең тараған «Жас дәурен» ансамблінің репертуарына арнап, сазгер Әсет Бейсеуов екеуі бірігіп, «Сыр маржаны» атты ән жазды. 1975 жылы «Ленин жолы» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне тағайындалды. Алайда арада біршама уақыт өткенде белгісіз жағдайда көз жұмған әріптес ағамыз Дүйсенбі Смайылов 43 жасында әкесі сынды құйрықты жұлдыздай ағып түсті.
Кемеңгер ақын А.Құнанбайұлының «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген өлең жолдары Д.Смайылов ағамызға қаратып айтылғандай. Қырықтың қамалын бұзған шақта қайран өмірмен қош айтысып кете барған қырағы журналист ағамыздың биыл дүние дидарына келгеніне 100 жыл толады. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған қалам иесінің есімі ел есінде сақтала бермек.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ