Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кененің кеселінен абайлаңыз, қамданып қора-жайға қарайлаңыз!

Кененің кеселінен абайлаңыз, қамданып қора-жайға қарайлаңыз!

Биыл Қызылорда облысында, оның ішінде Шиелі ауданында конго-қырым геморрагиялық қызбасынан туындайтын эпидемиологиялық жағдай күрделі өтуде. Жыл басынан бері өңірде 14 тұрғыннан конго-қырым безгегінің белгілері анықталып, 4-еуі мезгілсіз ажал құшқан. Оның ішінде Шиелі ауданының өзінде 116 адамды кене шағып, 1 адам кенеден келетін кеселден көз жұмды.
Естеріңізде болса, жыл басынан бері Шиелі кентіне, содан соң 15 елді мекендерде мал басы мен қораларға, суаттар мен шаңлақтарға 2 мың 277 литр кенеге қарсы қоспалар себілген болатын. Дегенмен көктем айларында жүргізілген залалсыздандыру шараларына қарамастан Қызылорда облысында, оның ішінде Шиелі ауданында кене шағу деректері азаймаған, тіпті еселене түскен. Бұған дәлел ауданда 2021 жылдың 8 айында 31 кене шағу деректері тіркелсе, биыл мұндай жағдайлар 73 процентке, яғни 116 жағдайға бірақ барған. Ендігі мәселе жағдайды одан әрі ушықтырып алмай, күзгі індеттік маусымда залалсыздандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу.
Осы мақсатта сенбі күні аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов пен арнайы құрылған аудандық жұмысшы топ өкілдері Керделі, Жуантөбе, Бәйтерек және Иіркөл ауылдық округтерін аралады. Топ құрамында аудандық СЭББ басшысы Г.Айтекеева, төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Б.Айдаров, аудандық ветеринарлық станциясы директоры Б.Бекхожаев, ауылдық округ әкімдері және ауылдық ветеринар мамандар бар. Түсіндірме жұмыстары барысында тұрғындарға 21 қыркүйекте аудандағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ­ауруы­на қолайсыз деп танылған елді мекендерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетіні ескертілді. Сондай-ақ сала мамандары «Дезинсекциялық жұмыстардың алдында міндетті түрде ауылдағы мал қора-жайларды, шаңлақтар мен суаттарды ескі қи-көңнен, күл-қоқыстардан арылту қажет», – деді. Өйткені қи-көңдер тазартылмаған жағдайда «Креолин-Х 5%» препаратымен жүргізілетін дезинсекциялық жұмыстар нәтижесіз болмақ.
Сондықтан барша аудан тұрғындарын залалсыздандыру жұмыстарына сел-қос қарамауға шақырамыз. «Сақтансаң – сақтайды» демекші, мейлінше сақ болғанның жөні басқа. Себебі «Денсаулық – зор байлық».

Рамазан ӘНӘПИЯ
21 қыркүйек 2022 ж. 254 0