Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенеден келген кесел

Кенеден келген кесел


Қызылорда облысында кенеден келетін кесел өршіп тұр. Жыл басынан бері өңірде 14 тұрғыннан конго-қырым безгегінің белгілері анықталып, 4-еуі мезгілсіз ажал құшқан. Сондықтан биыл ауру ошағына айналған өңірде уытты кенемен күресу кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.
Осы мақсатта жыл басынан бері Шиелі кентіне, содан соң 15 елді мекендерде мал басы мен қораларға, суаттар мен шаңлақтарға 2 мың 277 литр кенеге қарсы қоспалар себілген болатын. Дегенмен көктем айларында жүргізілген залалсыздандыру шараларына қарамастан Қызылорда облысында, оның ішінде Шиелі ауданында кене шағу деректері азаймай отыр. Бұған дәлел ауданда 2021 жылы 36 кене шағу деректері тіркелсе, биыл 109 адамды кене шаққан. Яғни биыл кене шағу жағдайлары 33 процентке артқан. Ал соның ішінде 7 адамнан конго-қырым безгегі анықталып (1 жағдай нақтыланбаған), өкінішке қарай 1 адам ажал құшқан. Облыстағы жағдай да мәз емес. Былтыр облыс бойынша 238 адамды кене шаққан болса, биыл бұл көрсеткіш 40 процент көбейіп, 601 жағдайға жеткен.

Конго-қырым безгегін емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, аймақта безгекті емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің мол қоры бар.
– Облыс бойынша медициналық мекемелерде КҚГҚ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін вирусқа қарсы препараттар, иммундалған плазма және т.б. қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныс құрал-жабдықтар қоры жеткілікті мөлшерде жасақталған. Дегенмен ауылдық аймақ тұрғындарын әрдайым сақтанып жүруге шақармын, – деді Әлия Әбдіқайымова.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Мырзагелдіұлы болса, облыс тұрғындарын барынша сақтануға және далалық жерде абай болуға шақырды.
– Қазіргі таңда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауырып, 1 науқас ем алуда. Тиісті медициналық ем шаралары қолданылған 9 науқас қанағаттанарлық жағдайда үйлеріне шығарылды. Өкінішке қарай өңірімізде 4 адам кененің кесірінен қаза тапты. Қайтыс болған науқастар – Қызылорда қаласы, Жалағаш, Шиелі аудандарының тұрғындары. Жалпы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын болдырмау, алдын алу шаралары да көптеп жүргізілуде. Осы ретте тұрғындарды табиғат аясында, далалық жерлерде сақтық шараларын сақтап, кене шаққан жағдайда дәрігердің тағайындауынсыз ем жүргізбей, жедел түрде медициналық ұйымдарға қаралуға кеңес беремін, – деді Жангелді Мырзагелдіұлы.

Сақтансаң сақтайды
Биылғы жылы конго-қырым қанды безгегі бойынша облыста 116 елді мекен қолайсыз аймақтар қатарына кіргізілсе, Шиелі ауданынының 16 елді мекені осы тізімнен табылыпты. Жоғарыда атап өткендей көктем айларында аталған елді мекендерге залалсыздандыру жұмыстара жүргізіліп, соның ішінде 43 579 мүйізді ірі қараға, 742 түйеге, 71 031 уақ малға, 26 871 жылқыға және шаршы метрі 263,6 болатын мал қора мен 95,6 шаршы метр шаңлақ және 108,5 шаршы метр суатқа кенеге қарсы препараттар қолданылған. Дегенмен кененің көбейіп кетуі және де өлім жағдайларының тіркелуі себепті өткен аптада ауданда уақ малдарды тоғыту жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Телікөл ауылдық округінде 400-ге тарта уақ мал тоғытылса, Алмалы ауылдық округінде 100-ден астам уақ мал тоғытылған.
Айта кетейік, Конго-қырым безгегі негізінен кене және малдар арқылы адамға жұғатын ауру түрі. Оны жұқтырған адамның кенет дене қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ауыра бастайды, басы айналады, денесі қақсайды. Жүректің айнуы, лоқсу, диарея, асқазан мен тамақтың ауруын дәрігерлер ауру белгілері ретінде атайды. Негізінен Африка, Таяу Шығыс, Азия елдерінде жиі кездесетін ауру. Оған шалдыққандар арасында адам өлім көрсеткіші – 10-40 ­процент. Сондықтан барша аудан тұрғындарын сақтық шараларын сақтап, қора-жайларды таза ұстауға шақырамыз.

Рамазан ӘНӘПИЯ
25 шілде 2022 ж. 326 0