Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры

Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры

Ұлтымыздың ұлы ұстазы, руханиятымыздың көсемі атанған қазақ халқының біртуар перзенті ­Ахмет Байтұрсынов өзінің сан салалы нақыл сөздерінің бірінде: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп айтқан екен.
Сонымен бірге «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған. Қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысының туған күнімен орайластырып, 2017 жылы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен Тілдер мерекесін 5 қыркүйекке ауыстырған болатын. 1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап 22 қыркүйекте атап өтілетін мерекенің өзгеру себебі – қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен байланысып жатыр. Биыл 150 жылдығы аталып өтіп отырған Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа емле, төте жазу, араб графикасы сынды жаңа үлгі ұсынған реформатор. Ол – қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, қазақтың ақыны, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Осы аталған мереке мен мерейтойға орай, №207 «Жаңатұрмыс» орта мектебінде «Тіл мерекесі – ел мерекесі» тақырыбымен жоспарланған айлық өтуде. Жоспарға сай ұйымдастырылған «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты кітап көрмесі «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясын да қамтып өтсе, түрлі іс-шара, танымдық сайыстар, тәрбие сағаттары білім алушыларды рухани құндылықтарға ­бау­луда. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Нұрмағанбетованың «Көп тіл білу – уақыт талабы» тақырыбындағы қызықты грамматикалық сұрақтары мен тапсырмалары қатысушылардың қызығушылығын тудырып, ой қозғай білді. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлшат Бодықованың «Знатоки русского языка» ойыны, 6-сынып жетекшісі Салтанат Мамбетбаеваның «Үш тұғырлы тіл», 3-сынып жетекшісі Ләзиза Әбдіраманованың «Тіл – халық мұрасы» атты танымдық-ақпараттық тәрбие сағаттары білім алушыларды тілдің қадір-қасиетін біліп, көп тіл білудің маңызы мен құдіретін сезінуге тәрбиелейді. Мектеп тәлімгері Гүлбану Мырзахметованың 8-сынып оқушыларымен «Ахмет Байтұрсыновқа 150 жыл» тақырыбындағы іс-шарасы ұлт көсемінің азаматтық, ақындық, саяси болмысына жан-жақты шолу жасап, ұлттық құндылықтарға, патриотизмге негізделген сабақ болды. ­Бастау­ыш сынып мұғалімі Гүлжаухар ­Жұмабекова 2-4-сынып оқушылары арасында «Жұлдызды сәт» зияткерлік байқауын қатысушылардың жас ерекшелігіне сай жоспарлап, тартымды өткізе білді.
Бұл мерекенің негізгі мақсаты туған тілге деген құрмет мен сүйіспеншілік, сондай-ақ, өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін танып-білуге бағытталған десек, осындай шаралар арқылы оқушылар өзіне керегін алып, білім қоржынын кеңейтеді, тілдің маңызын түсінеді деп білеміз.

Жанат Тиыштықбекқызы,
№207 «Жаңатұрмыс» орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
19 қыркүйек 2022 ж. 441 0