Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңға барып, таңқалдық

Таңға барып, таңқалдық

Тамылжыған тамыз айының соңында облыстық ардагерлер Кеңесі Жалағаш ауданында облыс ардагерлерінің көшпелі семинарын өткізді.
Соңғы жеті-сегіз жылда өтілмей жүрген іс-шараға, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың қайта дем бергенін Жалағаш ауданының ардагерлері облыстық делегацияны «Тағзым» алаңы аллеясында күтіп алғанда естіп білдік. Барлық аудандар ардагерлер кеңестері мен мекемелер бастауыш ұйымдарынан келген алпыстай делегация мүшелерін Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов әкімдіктің мәжіліс залында қабылдады. Аудан әкімі семинар жұмысына сәттілік тілеп, ауданның экономикалық және мәдени дамуына шолу жасады. Мұнан соң ауданға жақында келіп, жаңа леп алып келген әкімді төраға С.Дүйсенбаев, Қазалы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, Шиелі ауданы атынан өзім құттықтап, әкімнің жаңа қызметіне табыс тіледік. Жалағаш ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев сөз алып, семинар бағдарламасымен таныстырды. Арнайы үлкен автобусқа жайғасқан қонақтар орталық стадионға жетіп, онда аудандық спартакиаданың ашылу рәсіміне қатысты. Одан әрі облыстық делегация аудандық «Иманқұл» мешітінде Құран бағыштады. Екі қабатты зәулім З.Жарқынбаев атындағы №202 мектептің ­бастауыш ардагерлер ұйымының іс-тәжірибесімен, осындағы мектеп музейінің жұмысымен танысқан меймандар бір серпілісіп қалды. Б.Құлтекенов атындағы жүзу бассейіннің жұмысы, ондағы жаттығу бөлмелері қызығарлық. Қос қабатты ғимаратты ауылдың сыртта жүрген азаматы инвестор ретінде салып берген. Қызметкерлерді жергілікті бюджеттен қаржыландырады екен.
Тұлпардай жүйткіген автобус аудан орталығынан қырық шақырым жерде орналасқан Таң ауылына қарай тартты. «Қытай және Батыс Еуропа» күре жолынан солтүстікке қарай бұрылған көлік, төрт-бес шақырымдай жүріп, «Таң ЛТД» ЖШС-нің егістік алқабына бет алды. Жолы асфальтталған, барғанша жолдың екі жағына ағаш егілген, көкпеңбек. Сұрастырсақ, ашық жерлерге жоңышқа егіп тастапты. Делегация бітік өскен күріш алқабына жетіп, биылғы егін орағына баталарын беріп, шетелдік комбайн теңіздей шалқыған сап-сары егіс алқабына «жүзіп» сала берді. Облыс ардагерлері Таң ауылының орталығына барып, абаттандыру жұмыстарын көрді. Ауылдың кіреберісіне әр адамның жүрегін лүп еткізер «Сүйікті «Таң» ауылым» деген сөз жазылып қойылған. Орталық көшелер түгелдей асфальтталған, тап таза. Ауыл ішіндегі ашық алаңның барлығына күріш егілген. Бұл арқылы ауыл кебір жерді сумен шайып, сосын жоңышқа, гүлзар, ағаш көшеттерін егіп, көгалдандырып отырады екен. Бұған қалай таңданбасқа? Керемет әдіс кімге болсада үлгі. Ауыл көркін келтіру – басшыға байланысты екендігін «Таң ЛТД» ЖШС-нің төрағасы, осындай ерен еңбегі үшін жуырда «Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атанған, облыстық мәслихаттың депутаты, ауыл түлегі Имамзада Шағыртаевтың гүлденген «Таң» ауылын тамашалап, таңғалып қайтқанымыз рас. Бұны айтып отырғаным, біздің ­аудан әкімі де келгелі ауыл әкімдері мен шаруашылық басшыларына ауылды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын қолға алатын уақыттың жеткенін айтумен келеді. Өзі іс-сапармен барып келген ­Сырдария ауданының «Ақжарма» ауылын мысалға келтіріп, аудан тұрғындарын тамсандырған болатын. Бұл мәселе аудан шаруашылықтарына ие болып отырған инвестор азаматтарды да ойландырғаны жөн.
«Таңдағы» Имамзададай, қылыштай жарқылдаған, тапқан табысының бір бөлігін ­ауы­лын абаттандыруға арнайтын жігіттер қайда? Жан жағымызға жалтақтап, таңданып қашанғы жүреміз?! Облыстың Нағи Ілиясовтай, Таңдай, Ақжармадай ауылдарын барып көріп, олардың мол тәжірибелерінен сабақ алып, шаруашылықты көрікті ауылға айналдыруға болатындығын іс жүзіне айналдырып жатса, халықтан тек қана алғыс алатындығына, ақсақалдардың бата беретіндігіне көзіміз жетті.
Ардагерлердің облыстық семинары «Таң» ауылының мәдениет үйінде қорытындыланды. Әсем ғимараттың алдына да күріш егілген. Бұл жер келешек гүл алаңына айналары сөзсіз. Мәдениет үйінде Бұхарбай батыр, Аққұм ауылдарының бас­тауыш ардагерлер ұйымының іс-тәжірибесімен таныстық. Семинарды Жалағаш ауданының әкімі А.Есжанов пен облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев қорытындылады. Ауыл іргесіндегі жоңышқалыққа ақшағаладай үш қар үй тігіліп, қонақтарға дастархан жайылып, сый-сияпат жасалды. Дас­тархан басындағы әңгіме-дүкен барысында облыстың қарқынды дамуы, әсерлі игі істер, ардагерлер ұйымдарының жұмыстары мен жас­тар тәрбиесі сөзге тиек болды. Облыс ардагерлерінің аудандардағы семинары жалғасын табатыны айтылды. Сөйтіп, Таңға барып, таңқалғанымыз бар.

Өркен Исмаил,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
12 қыркүйек 2022 ж. 262 0