Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұзынсары

Ұзынсары

«Ұзынсарыға сақтаған сыбағам еді» деп Нағима жеңгей жеңді білектей қос қазы мен бір өзі бір табақ болатын телшікті, қыртысы қалың семіз жамбасты, жая мен омыртқаны кебежесінен суырып алды.
Мейіздей сап-сары болып сақталыпты. Жеңгей айтқан ұзынсары туралы оқығанбыз, естігенбіз. Оны адам екен деп, ұзын, сары кісі екен деп ұғып, күлкіге қалғандар туралы да білетін едік. Дарқан даланың даналық дәптеріне жазылған дәйекті дәстүрдің бірі. Тек жұрттың аузынан естімегелі қай заман. Мен ғана емес, ас үйде отырған әлденеше адам таңырқай қараған. Білгенімізбен, суырылып сөйлеп, ескі әдет жайында сөз қозғауды артықтау санағанбыз. Нағима жеңгейдің өзі қамырдан қыл суырғандай етіп ептілікпен сипаттап шықты. Сөз арнасы жалпы жұртқа бағытталғанымен, ішкі мәйегі әлі де таңырқап отырған жас келініне бағытталғандай.
Ілкі заманда ертеңін ойлайтын қазақ бар дәмдісі мен майлысын ұзынсарыға сақтаған, – деді жеңгей. Ұзынсарының мағынасы былай, көктем келіп, жарықтың ұлғаюы баршаға жақсы әсерін тигізеді. Түн қысқарып, күн ұзармақ. Қыстың күні ел ерте жатады, өйткені шаруа істей қояды дейтіндей емес, дала қараңғы. Ал қарбалас шақ көктемде. Ұзақ қыстан қыстығып шыққан шаруа адамының бойындағы қажыр кеміп, қайрат азаймақ. Аш өзек тұс. Міне, сол кезде құнарлы ас ішкен адам әр күні жылға азық болатын көктемнің әр сәтін текке жібермей, апырып-жапырып жұмыс істейді. Биылғы ұзынсарыда азық-түліктің кейбір түрлері қымбаттап кетті. Қайта соғымның екі-үш табағын сақтап қойғаным дұрыс болыпты. Дүние дүргіліп тұрғанда, жағдай тұрақтағанша талғажау қылуға әбден жетеді.
Әттең, бұрынғының салт-дәстүрін сақтай бермейтіндігіміз қандай өкінішті. Әйтпесе, мақсат-мұраты бүгінгі күнге дөп келіп тұрған жоқ па?!

Әзірлеген
С.МАДИЯРОВА
07 қыркүйек 2022 ж. 311 0