Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Табақ тартудың түрлері қандай?

Табақ тартудың түрлері қандай?


Қазақ халқында мал сою – үлкен өнердің бірі. Мал сойғанда оны жығып, төрт аяғын мықтап байлап, бауыздайды, терісін сыпырып, бас, сирағын алғаннан кейін төс етін бөлек сылып алады, жас төстікті тұздап, үйіту, пісіру, бөліп жеу, үлкендерге ауыз тигізу салты бар. Сол сынды табақ тарту да – өнер. Құтты қонақтардың алдына жасалған табақтар тартылады. Қазақта еттен табақ тартқанда оның ерекше құрмет дәрежесін білдіретін бірнеше табақ аттары бар. Осындай табақтарды жасау үшін, осы табақтарды жасағанда әдет-ғұрып пен салт-сананы білетін адам болған жөн. Әр табақ атына, маңызына қарай жасалады. Жиын-тойларға сойылған малды қонақтарға арнайды. Малдың әр мүшесінің атаулары бар. Қонақтарға сол мүшелерден бөлінетін сыбағалары бар. Сыйлы қонақтарына ең жақсы жерін атап салады. Қонақ келсе, қазан көтерген қазақ халқы қазанға еттерін атап салып, табақ жасағанда аталып жасалып, сый табақтары тартылады. Табақ бас табақ, орта табақ, сый табақ, аяқ табақ деп төртке бөлінеді. Тағы да төменде беріліп отырған табақтың түрлері бар. Әр қайсысы табақ иелеріне қарай жасалады. Ет пісіп дайын болған соң, ет бөлуші кісіге қай қонаққа табақ тарту керектігін айтады. Табақ жасаушы кісі қамыры салынған дайын табаққа қадірлі қонаққа арнап бас, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, сүбе, әсіпті бөліп-бөліп, адам санына қарап жасап береді. Табаққа жылқы, сиыр, қой еттерін араластырып салады. Құда табаққа – жылқы, сиыр, қой еттері кіреді. Мүше еттерден тоқпан жілік, жамбас, омыртқа салынады. Құдаларға құйрық-бауырды жеке дайындайды. Бауыр мен құйрықты тілшелеп кесіп, пияз, қаймақ, айран араластырып жасайды. Құдағи табаққа – жақ, қазы-қарта, қарын, тоқ ішек, асықты жілік, жылқы, сиыр, қой еттерін салады. Қазақ халқы малдың жағын құдағидың сыбағасы деп береді. Жеңге табаққа – асықты жілік, сүбе, қабырға, мойын омыртқа, қазы-қарта, құйрық, өкпе, үлтабар салынады. Ұлтабар – келіндердің сыбағасы. Ұлды қастерлейтін қазақ халқы осы мүшені ұлдың анасы келіндікі деп бөлген. Беташар табаққа – сүбе, төс ет,  қарын, ащы ішек, құйымшақ, мойын омыртқа кіреді. Мойын омыртқа – жас келіннің сыбағасы. Күйеу табаққа – төс, тоқпан жілік, қабырға, омыртқа еті, жылқы қазысы, қарта, жауырын, қой еті кіреді. Төсті қазақта күйеу сыбағасы дейді. Күйеу болып қайын жұртына бірінші рет келген күйеу жігіт «Күйеу табаққа» ақы беріп сатып алатын салт бар. Қыз табаққа – құйымшақ, тоқпан жілік, беломыртқа, құйрық, қабырға, жылқы, сиыр, қой еттері кіреді. Тағы да қыздарға жүрек, тіл, бүйрек салынады. Құрдас табаққа – тоқпан жілік, омыртқа, сүбе, қабырға, қазы, құйрық салынады. Аяқ табаққа – еттің басқа мүшелерінен жасалады. Бұл табақ ауыл адамдары мен көмекші адамдарға жасалады. Бала табаққа – беломыртқа, қабырға, бүйрек, бақай, асықты жілік, жылқы, сиыр, қой еттері салынады. Әйелдер табағына кейбір ерекше жағдайларда болмаса, бас салына бермейді. Басты жасы үлкен, сол мал арнайы сойылған, қадірлі қонақ ұстайды немесе оның ұсынуы бойынша табақ басында отырған адамдардың ішіндегі басқа бір беделдісі ұстайды. Бас табақтағы адамдар әуелі бас алынбай тұрып табаққа бас салмайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша бас ұстаған қонақ әуелі өзі бір кесіп ауыз тиеді де, содан кейін табақтастарына құйқа үлестіріп, тегіс ауыз тигізеді. Осыдан соң жарым жарты құйқасын сақтай отырып орта табақтағы жасы үлкен адамға ұсынады. Кейіннен басты мал иесінің өзіне ұсыну салты қалыптасқан.

18 шілде 2020 ж. 1 402 0