Өзбек билігі инфляция деңгейін палаумен өлшеуге көшеді
Өзбекстанда инфляция деңгейін бағалаудың тың тәсілі пайда болды – бұдан былай ел аумағында Биг Мак немесе "Оливье" индексіне ұқсас «палау индексі» бойынша ұдайы есептейтін болады. Бұл жайында аталған елдің Статистика жөніндегі мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі хабар таратты. Осы салаға жауапты құзырлы орын өкілдерінің уәжіне қарағанда, азық-түлік бағасының динамикасын талдау үшін құрамына танымал өнімдер кіретін, ұлттық нақышты бейнелейтін тағамды қаперге алады. Есептеу үшін эталон ретінде қоғамдық асханаларда (мейрамхана емес) дайындалатын күріш мөлшері мен рецептісі алынады: 700 грамм сиыр еті, 1 келі күріш, 1 келі сәбіз, 100 грамм ас бұршақ, 300 грамм пияз, 50 грамм мейіз, 300 грамм өсімдік майы, 10 грамға дейін тұз және тағы басқа да қоспалар. Осылайша ала шапанды ағайындылар бұл бағыттағы зерттеуге екі көрсеткішті қаперге алған: күріш келісінің бағасы мен бір табақ палау бағасы. Бұл арада қоғамдық асханалардағы бағасы ғана ескерілген. Белгілі болғандай, ең қымбат палау Самарқан облысында тіркелген: бір табақ палау бағасы 20 мың сум, ал келісі 140 мың сумға шыққан. Ал ең арзаны Наманган облысында болып шықты – бір табақ палауың 10,7 мың сум, келісі үшін 74,9 мың сум төлейсіз.