22 бала балабақшамен қоштасты

Әсем етіп безендірілген балабақшада гүлдей жайнаған бүлдіршіндердің кішкентай жүректері алып-ұшып тұрды. Ән айтып, мың бұралып билеуді, сурет салып, тақпақ жаттауды үйренген балақайлар енді балабақшамен қоштасып, үлкен өмірге – мектепке қадам басты.
«Қош бол, сүйікті балабақшам!» ертеңгілігінде балалар әннен шашу шашып, аядай бөлмені бимен көмкерді. Қарап отырып, Сыр жұртшылығының таңдайын қақтырар жас таланттары өсіп келеді ме, дерсің?! «Еркетай» тобының тәрбиешілері Сандуғаш Қалымбетова мен Анар Кәрімбаева өз баласындай болып кеткен бүлдіршіндерді қимастықпен шығарып салса, музыка жетекшісі Гүлжайна Баймұратова мерекелік ертеңгілікті әуенмен әрледі. Көңілді жиын соңында бітіруші балғындар алғыс хатпен, естелік сыйлықпен марапатталды.
Шынтуайтында, кішкентай балдырғандармен осындай үлкен іс-шараны ұйымдастыру, әр балаға ән мен би үйрету – тіпті оңай шаруа емес. Бұл тұста балабақша тәрбиешілеріне сан рет алғыс айтуға болады. Әр үйдің бір еркесін тәртіпке келтіріп, тәлім мен тәрбиенің негізін қалап жүрген балабақша ұстаздарының елдің жарқын болашағын дайындауда еңбегі орасан.
Сұлушаш МАДИЯРОВА