Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫ ЕУРОПА ТӨРІНДЕ

СЫР ӨНЕРПАЗДАРЫ ЕУРОПА ТӨРІНДЕ


Жыл Сыр мәдениеті үшін соны жетістіктермен басталды. Күні кеше «Тұманды Альбионның» астанасы Лондонда облыстық филармонияның «Ақмешіт фольклорлық» ансамблі өнер көрсетіп, Қазақ өнерінің бәсі биік екендігін тағы бір дәлелдеді. Осылай деген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында жыл басынан бері атқарылған шаруаларды баяндады.

Жаңа жыл Тұран топырағында аламан айтыспен басталды. Астана қаласының 20 және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларына арналған «Астана – биік төрім, Қызылорда – туған жерім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтулы шараға республиканың әр өңірінен 14 ақын қатысып, бас жүлдені Мейірбек Сұлтанхан иеленді.
2018 жылдың 1 сәуірінде тұңғыш рет облыс әкімінің кубогы үшін «QYZYLORDA OPEN - 2018» атты халықаралық балдық би турнирі өткізілді.

Облыс аймағында балдық би өнерін дамыту, шығармашыл өнерлі жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға Украина, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғыстан мемлекеттерінен және Астана, Тараз, Шымкент, Қарағанды, Павлодар қалаларымен қатар еліміздің басқа да облыстарынан 500-ге тарта өнерпаз қатысты. Облыстан «Алекс» би өнері мектебінің 60-қа жуық бишісі өнер көрсетті.
Сондай-ақ республика бойынша алғаш рет біздің аймақта «Тарихшылар мен өлкетанушылардың» облыстық форумы өткізіліп, облыстық музейде жас өлкетанушылар бірлестігі құрылды. Бүгінде мұражайда «Қасиетті Қазақстан және Археология» залы ашылды. Облыс музейлерінде әр айдың үшінші жексенбісінде барлық санаттағы азаматтарға және төртінші жексенбісінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Ашық есік» күндері өтеді.
Сонымен қатар, Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында 4-11 наурыз аралығында филармония өнер ұжымы Ресей Федерациясының Орынбор, Ясный қалалары мен аудандарында концерт берді.
Сәуір айының 26 жұлдызында композитор К. Дүйсекеев атындағы «Туған жер», 17 мамырда Б.Шөкенов атындағы «Отан ана», қарашада КСРО халық артисі, Халық қаһарманы Р.Бағланова атындағы «Ақмаңдайлым» атты республикалық әншілер байқауы өтетін болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі.
11 сәуір 2018 ж. 1 380 0