Ұмытылмас бейне
1962 жылы 37 бала мектеп бітірдік. Әр кезеңнің тәлім-тәрбиесі сол уақыттағы тыныс-тіршілікке қарай бейімделеді. Қарап отырсақ сол кездегі он жыл бір сыныпта білім нәрімен сусындаған абзал жандардың бірі болса, бірінің қасымыздан табылмауы Алланың жазуы. Жігіттердің азаматтығы бір бөлек, қыздардың ізеті мен инабаттылығы бір бөлек. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанып, өңірдің әлеуетін арттыруда аянбай еңбек еткен құрдасым Мұхамеджан Әлиев жайлы естелік айтамыз деп кім ойлаған?
Шиелі ауданы, ақын Нартай ауылында кіндік қаны тамған Әлидің ұлы Мұхамеджанның еңбек жолынан аудан халқы түгел хабардар.
Шиелі ауданы, ақын Нартай ауылында кіндік қаны тамған Әлидің ұлы Мұхамеджанның еңбек жолынан аудан халқы түгел хабардар.
М.Әлиев 1946 жылы 10-шы қарашада дүние есігін қарапайым елге сыйлы отбасында ашқан. 1962 жылы №47 М.Ломоносов атындағы орта мектепті бітіріп Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Политехникалық Институтына түсіп «Кен байытушы» мамандығын алып шығады. Кеңес үкіметі кезінде мамандарды арнайы жолдамамен жер-жерге жіберетін мұны өзбек ССР-нің Алмалық қаласындағы «Средазниакроцвет» ғылыми зерттеу институтына жібереді. Онда инженер, аға инженер болып жұмыс бастайды. Отбасылы болуына байланысты 1972 жылы туған ауылы Шиеліге келіп, теміржол жөндеу механикалық шеберханасында жұмысшы болады. Қандай бір тапсырманы орындауда шойын жолдың бойындағы жауапкершіліктің қиындығына төтеп бере білген, Мұхамеджанның зеректігіне тәнті болған басшылық 1979 жылы ашылған Шиелі локоматив депосына бас инженер етіп тағайындайды.
Бұл мамандыққа қатты қызыққан ол Алматы Темір жол Институтын сырттай бітіріп алады. Мұхамеджанның табандылығы, талапты қоя да орындата білетін қасиеті оны депо бастығының локомотив жөндеу жөніндегі орынбасарлығына көтерді.
Мұхамеджанның өмірге деген көзқарасы ерекше болатын. Ол қолына алған істі адал, таза, мүлтіксіз орындауды бірінші кезектегі міндетім деп түсінді.
Бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Шаухаманов деподағы қайнаған жұмыспен темірдей тәртіпті көріп «үлкен жетістікке жететін, үміт ақтайтын маманның бірі мұнда жүр екен ғой» – деген ойға келіп, «жалғастыра бер еңбегің еш кетпейтін жан екенсің» деп арқасынан қаға-қаға кеткен еді. Сол жақсы сөз жалғасын тапты. 1985 жылы Коммунистік Партия қатарына қабылданды. Еңбегі текке кетпеді. Сенім биігінен шыққан Мұхамеджанды 1986 жылы Облыстық кеңестің депутаттығына, екі рет аудандық кеңестің депутаттығына, екі дүркін поселкелік советтың депутаттығына ұсынылып халық қалаулысына айналды. Теміржол саласында 12 жыл еңбек еткен шойын жолдың емшісі тағы бір қырынан таныла бастады. Ұйымдастырушылық қабілетін таныған аудан басшылары 1985 жылы Шиелі поселкелік кеңесі атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Халықпен қоян қолтық араласқан бұл азамат поселкедегі қыруар кемшіліктердің орнын толтырды. 1995 жылы аудан әкімінің шешімімен жаңадан құрылған өндірістік коммерцияның «Шиелі» фирмасының директоры болып 1997 жылға дейін жұмыс істеді.
«Жігітке жеті өнерде аз» дегендей Мұхамеджан қай бір салада болсын іскерлігі мен біліктілігі даладағы жайқалған егіс саласына жетеледі. 1997-1999 жылдар аралығында Нартай Бекежанов атындағы өндірістік кооперативтің директоры болып ел ризығын жинауға ат салысты. Абыройсыз болған жоқ. Халық көңілінен шықты. Мамандардың жетіспеуіне байланысты 1999 жылы Шиелі станциясының локомотив шеберлігіне шақырылып 2005 жылға дейін локомотив шебері болып қызмет атқарды. 2005 жылдан ТЭК Қазақстан ЖШС Отын қоймасының меңгерушісі болып сол жерден зейнеткерлікке шықты.
Азаматтың биіктен көрінуіне өзінің қабілетімен қоса оны түсінетін, барлық жағдайын жасап отыратын, жақсы жары болуға тиіс. Мұхамеджан ондай жанды алыстан іздеген жоқ. Өзімен он жыл бір партада отырған Қарлығаш атты сұлумен бас қосты. Қарлығаш та жоғарғы білімді хим-биолог. Лайық жан. Екеуі бір мекемеде жұмыс істеп еңбек етті. Үлгілі отбасы. 12 немере сүйген Мұхамеджан мен Қарлығаш бақыттың құшағында өмірден мол үлесін алған абзал жандар. Мұхамеджанның ең басты мұрасы жай бәйтеректен мәуелі бәйтерекке айналған ұрпағы. «Нұр үстіне нұр» дегендей еңбегі зая кетпеген Мұхамеджан халықтан тиісті бағасын алды. Аудан әкімі кеудесіне Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» деген төс белгіні тақты.
Өмірінің соңына дейін елін, жерін, халқын сүйіп өтті. Туған жерін түрлендіру жолында маңдай терін төкті. Оның есімі ауданның тарихында сақталып қаларына сенеміз.
Айжамал Әбдіхамитқызы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Шиелі ауданының «Құрметті
азаматы»