Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақы өлшемдерді өшіріп алмадық па?

Қазақы өлшемдерді өшіріп алмадық па?

Әлем жаңа технологиямен модернизацияға ұмтылуда. Сәйкесінше, бізде қалыс қалып жатқан жоқпыз. Жаңаға ұмтыламыз деп, ескінің жарамдысын ұмыт қалдырып бара жатқандаймыз. Мәселен, қазақы өлшем бірліктер. Ғасырлар бойы елдің кәдесіне жараған, керек десеңіз тіліміздің қаншалықты бай екенін дәлелдей түсетін халық тапқырлығы дерсіз бұны.
Бұрнағыда Шығыс елдерінде ұзындық өлшемдері ретінде адамның дене бөліктерінің өлшемі негізге алынған. Халық арасында, әсіресе ауылдық жерлерде жиі қолданылатын «бие сауым», «сүт пісірім», «әрі-беріден соң», «қас пен көздің арасында», «қадам», «қарға адым», «батпан», «пұт», «қадақ», «мысқыл» тағы басқа қашықтық өлшемдер мен салмақ өлшемдері халқымыздың ғасырлардан туындаған күнделікті тұрмыстарында қолданылған бірліктер.
Мәселен, бас барпақпен сұқ саусақтың арасына қысып алған затыңыздың мөлшері – бір шым-шым деп аталады. Ал бір шөкім десе – бес саусағыңызбен бірдей қысып аласыз. Бір уысты да білесіз – бес саусақпен жұмып тұрып алған затыңыз. Ал жұмбай алсаңыз, бір «шеңгел» деп аталады. 1 граммды байырғы тілмен 1 «мысқал» деп айтсаңыз болады. 16 килограммды қазақта «бұт» дейді. 1 центнерді 1 «батпан» десе, жарты тоннаны «зіл» дейді. Мұнан өзге «елі», «сүйем», «құлаш», «қарыс», «білем» сынды сөздер бар. Бұл аталғандар саусақ және қолмен өлшенетін бірліктер.
Аршын – көне түрік заманында қолданылған ұзындық бірлігі. Ол кездегі мәні белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда XVI ғасырдан бастап бір аршын шамамен 71, 12 см-ге тең ұзындық өлшемі ретінде қолданылған. Парсы тілінен енген бұл өлшемнің бастапқы дәл мағынасы шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралық. Кейбір деректерде қан аршыны деген атпен аталып, саусақтың ұшына дейінгі аралыққа тең өлшем деп те атайды. Кез – байырғы деректерде аршынмен мағыналас айтылады.
Танап және тепе – қазақ халқының егін шаруашылығымен айналысқан кезде жер мөлшерін өлшеуге пайдаланылған бірліктерінің ішінен ең көп қолданылғандары. Танап – еліміздің суармалы аудандарында 1 танап=1820, 23 шаршы метрге тең деп қолданылады. Тепе – байырғы аудан бірлігі. Ол шамамен екі шаршы шақырымға тең. Қазақта ат басындай алтын, тайтұяқ алтын деген, алтынға байланысты да өлшем бірліктері бар. Бұлардың шамасының қаншалықты екені зерттеуді қажет етеді.
Құлашпен қорытындылайық, екі қолды созғандағы ортан теректердің басын жалғайтын ұзындық өлшем бірлігі. Бажайлап қарасаңыз, қазақы өлшем бірліктері айтқыңыз келген көлеммен ұзындықты дәлірек жеткізеді. Мен мұнда тек жүзден бір бөлігін ғана жазып шықтым. Өшіріп алмауға бірге атсалысайық. Өйткені мұндай тіл бізде ғана бар.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
01 тамыз 2022 ж. 544 0