Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық «магнит адамның» денесі 100 келілік темірді көтереді

Қызылордалық «магнит адамның» денесі 100 келілік темірді көтереді

Қызылорда қаласында магнит адам тұрады. 59 жастағы Нартай Тұрсановтың кеудесіне темір біткеннің барлығы жабысады. Сырдың толағай тұрғынының жеке рекорды қазір 110 келі, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап.

 Нартай Тұрсановтың айтуынша, бұл салмақты бағындыру тұла бойындағы күштің шегі емес көрінеді. Нартай Тұрсановтың өз салмағы 95 келі, ал кеудесімен көтеретін жүгі одан ауыр. Зіл батпан темірді қолмен ұстамай төске жабыстыру қасиеті оның бойынан 20 жыл бұрын байқалған екен. Алғашында 40 келі шамасында салмақ бағындырған Нартай Тұрсанов қабілетін бірте-бірте жетілдіріп, қазір 110 келіге міз бақпайды.  

«Циркші, спортшы емеспін. Магнит адам ғаламтордан көрсеңіздер бұны ғалымдар ешқандай дәлелдей алмайды. Бұл ғылымда тіркелмеген әлі, зерттеліп жатыр. Бұны олар да айтады құдайдың берген қасиеті дейді де қояды. Бірақ олар толық мойындайды неғұрлым биотогы күшті адамдардың соғұрлым емші екенін мойындайды», - дейді магнит адам Нартай Тұрсанов.

Балта, балға біткеннің барлығын өзіне тартатын апайтөсті көруге ұмтылған сырбойылықтар қатары күн санап көбейіп жатыр. Арнайы жаттығусыз зіл батпан жүкті төске ұратын магнит адамның ерекше қасиеті талайды таңқалдырған.  «Ол жалғыз темірді ғана тартпайды. Оған қоса әйнек-шынылар да тартыла береді. Пластмасса да тартылады. Қазақ баласының осындай қабілеті бар екенін бүкіл әлем көрсе екен, әлем таныса екен деп жатырмыз», - дейді қала тұрғыны Кенжебай Тоғызбаев.  «Биомагнетикалық күш күнделікті тұрмыста еш қиындық туғызбайды» дейді Нартай Тұрсанов. Енді ол жеке көрсеткішті арттыруды көздеп отыр.
25 маусым 2018 ж. 1 806 0