Ерлігімен ел есінде қалған Қасымжомарт
Қазақта ақадал ісімен, азаматтық парызын абыроймен өтеуімен, қарапайым мінезімен, кісілік келбетімен есте қалған арыстар мен алыптар баршылық. Бастау суы тереңнен шымырлап шыққан тұнық болса, бұлақ суы да сол мөлдірлігінен танбай өзенге барып қосылады. Біз әңгіме еткелі отырған соғыс және еңбек ардагері Қасымжомарт Ергешовтың өскен ортасы да осы тәқілеттес. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен шақта Отан үшін кеудесін оққа тосып, қан майданда қолын жауға, жүрегін ел-жұртына арнаған біртуар азамат. Ғұмыры ғибратты, ғақлия ойымен кейінгі ұрпаққа тағылымын молынан қалдырған қарт жауынгерлерді көпке насихаттаудың жөні бөлек. Өйткені еңселі елдің ертеңі оның өткеніне қарап айқындалатыны анық. Ұлт тарихында есімі құрметпен аталып, жас ұрпаққа өнеге болар қазыналары көбейсе, мемлекет келешегі соғұрлым кемелденері хақ.
Қасымжомарт Ергешов ойы көңілге қонымды, сөзі тұщымды, көркем де келісті, нақышты да нұсқалы сөйлеп, данагөйлігімен бұқараны баурап, сұлу да сырлы әңгімесімен тәмәм жұртты тыңдата білген қария болатын. Ел мен жердің өткен тарихы мен тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, рулардың шыққан тегін жақсы білетін шежіреші еді. Өзі қара қылды қақ жарған шыншыл, бетке бастыра айтатын турашыл, парасат-пайымы жоғары кісі болды. Болашақты болжай алатын, шешендік қасиетінің арқасында оны ауыл адамдары «Жарықтық Жомекең» деп те атады. Хат танып, қалам ұстай алмағанымен, тарихқа терең бойлайтыны қатарластарын әркез тәнті ететін. Кез келген тақырыптан жан-жақты хабардар атамыз радиоқабылдағыштан күнделікті жаңалықтарды жібермей тыңдайтын. Ұл-қыздарына газет алдырып, оқытып отыратын. Балалары тақпақтап айтқан эпостық, жыр-дастандарды да ұйып тыңдайтын.
Қасымжомарт Ергешов ойы көңілге қонымды, сөзі тұщымды, көркем де келісті, нақышты да нұсқалы сөйлеп, данагөйлігімен бұқараны баурап, сұлу да сырлы әңгімесімен тәмәм жұртты тыңдата білген қария болатын. Ел мен жердің өткен тарихы мен тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, рулардың шыққан тегін жақсы білетін шежіреші еді. Өзі қара қылды қақ жарған шыншыл, бетке бастыра айтатын турашыл, парасат-пайымы жоғары кісі болды. Болашақты болжай алатын, шешендік қасиетінің арқасында оны ауыл адамдары «Жарықтық Жомекең» деп те атады. Хат танып, қалам ұстай алмағанымен, тарихқа терең бойлайтыны қатарластарын әркез тәнті ететін. Кез келген тақырыптан жан-жақты хабардар атамыз радиоқабылдағыштан күнделікті жаңалықтарды жібермей тыңдайтын. Ұл-қыздарына газет алдырып, оқытып отыратын. Балалары тақпақтап айтқан эпостық, жыр-дастандарды да ұйып тыңдайтын.
Қ.Ергешов 1908 жылы Шиелі ауданы Ортақшыл ауылында ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі Ергешбай орта жүз-торы қыпшақ-шашты оның ішінде шегірден тараған. Ру, ағайын, ел арасындағы дау-дамайларды бұра тартпай, әділ төрелік жасап, мәселені дәл шешіп отыруға билік еткен. Қорасы қойға, өрісі үйір-үйір жылқыға, табыны түйелер мен сиырларға толы болатын. Қасымжомарттың анасы 16 құрсақ көтергенімен, 8-і шетінеп, жеті қыз, бір ұлы қалады. Ергешбай ата тұяғым жалғыз болмасын деп атын, екі ұлдың есімі Қасым-Жомарт деп ырымдап қойыпты. Қасымжомарт өте зерек, алғыр, ойлы, қарапайым, қайырымды, қолындағы барын өзгелермен бөлісетін атына заты сай жомарт және турашыл болып ержетті. Мүсәпір-міскіндерге, кемтарларға көмек көрсетуді өмір бойы өзінің азаматтық борышы санаған. Ергешбай атаның анасы, Қасымжомарт атамыздың әжесі «осы жалғызымнан айрылып қалмайын» деп бес уақыт намазын қаза қылмай, Алладан амандығын тілеп, күнде бір бас мал құдайы береді екен. Ергешбай ата отбасында інісі Маматаймен ұлдан екеу болып өседі. Сонау зұлмат, ашаршылық жылдары ауыл халқын және ағайын-тумаларды аман алып қалу үшін Ергешбай ата Маматайдан бөлініп, Жамбыл облысы Шу ауданы, Қосқұдық ауылында тұратын әпкесінің қасына барып орнықса, Маматай інісі қалған туыстарымен Өзбекстанға кетеді. Қасымжомарттың Шу өңірінде әкесі қайтыс болады. Ол кісінің асын беремін дегенде анасынан айрылады. Аштықтың кесірінен малы таран-таражға түсіп ұрланып, тоналады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Қызыл Армия қатарына өз еркімен аттанады. Мұрағаттағы деректерге сәйкес, әскерге 1942 жылдың 10 маусымында Жамбыл облысы Шу аудандық әскери комиссаритына шақырылып, тізімге 26-шы болып енеді. 26-шы шаңғышылар полкінің құрамында болып, кейіннен атқыштар бригадасына ауыстырылады. Талай рет қиын сапарларға шығып, жауапты тапсырмаларды орындайды. Белоруссияның Минск, Борисов, Витебск қалаларын, Брянск орманы арқылы Ресейдің бірнеше қаласын жаудан азат етуге қатысады. Пулеметші болып, пулеметін сүйретіп жаяу Польшаға дейін барады.
Брянск орманында болған ұрыста минаның жарықшағы қолына тиіп, шынтағын жұлып кетеді. «Содан үш тәулік жатсам керек. О дүниеге аттанып кеттім ба деп ойладым. Баяғы Алладан амандығымды тілеп, күнде бір мал құдайы беретін, соңғы тышқақ лағы қалса да, мен үшін сойған әжем оятып жіберді. Қозғалуға шама жоқ, әбден жаурап, топыраққа тастай көміліп қалғанмын. Бір қолым жоқ, жан сезбейді. Көзімді топырақтан әрең аршыдым. Жоғары жақтан кішкене ғана саңылаудан жарық түсіп тұрғандай. Соған қарай ұмтылып-ұмтылып, бір қолыммен топырақты аршып-аршып, әбден әлім қалмады. Шайқаста шеп алға қарай жылжи береді. Жауынгерлердің артқа қарауына мұрша жоқ, ілеспей қалғандарын көбіне өлдіге санайды. Оқ тиіп, мерт болғандары қала береді. Мені де мина жарылып, снаряд жарықшақтары тигенде, өлдіге санаса керек, елге қаралы қағаз жіберіпті. Содан дәм-тұзым таусылмапты, үш күннен кейін ұрыс алаңында көміліп қалған жауынгерлерді іздеп, түгендегенде мені тауып алады. Ол кезде жердің бетіне бір қолыммен тырмысып шығып қалғанмын. Соғыстың соңғы күндерін Польшада өткіздім. Ұзақ емделіп, 1946 жылы елге оралып, үйге келсем, ағайындарым жылдық ас беріп жатыр екен. Соның үстінен түстім. Мені көріп, бәрі есеңгіреп қалды. Ауылда қалған келіншегім күдерін үзіп, тұрмысқа шығып кетіпті».
Бұл әкем айтқан естеліктердің бірі ғана. Әңгімені әріден қозғап, жүйе-жүйесімен дәйекті айтатын. Бірақ біз бала екенбіз, әкеміз мәңгі жанымызда жүретіндей көбін жазып алмаппыз. Жеңіс күндері жақындаған сайын «толарсақтан саз кешіп, қар жастанып, мұз төсенген жылдары қай бригада, батальон, полктерде болды, жүріп өткен жолдары» туралы тәптіштеп жазып алмағанымыз-ай деп қазір өкінеміз. Таулар алыстаған сайын асқақтай түседі емес пе, уақыт көші зымырап өткен сайын әкеміздің де жарқын бейнесі, оның даналығы, даралығы, Қаратаудай қасқайып, Алатаудың ақбас шыңдары сияқты менмұндалап асқарлана береді екен.
Қасымжомарт Ергешовтың қан майданда көрсеткен ерлігі ескерусіз қалмай, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да бірнеше медальдармен марапатталған. Кескілескен шайқаста ержүректілігі үшін ефрейтор атағын иемденіп, «Алғыс хат» алған. Жеңістің әр жылдары ауылдық, аудандық, облыстық кеңестерден көптеген мерейтойлық төсбелгілер тағатын.
Қарт жауынгер соғыстан кейінгі бейбіт еңбекте де үнемі алдыңғы қатардан көрінеді. Ел игілігі, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін орасан зор еңбек етеді. Ата кәсібін жалғастырып, мал бағып, егін егеді, бау-бақша және көкөніс өсіреді. Абыз ақсақал ауыл шаруашылығын өркендетуге атсалысады. Ол кездері ауылда жер соқамен жыртылатын, еңбектің бәрі қолмен істеледі, дайын егін өгіздің күшімен тасымалданады. Жұмысшылар таң алакеуімнен, күн батқанға дейін керзі етікпен егістік басында жүреді.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қасымжомарт ақсақалдың атақ-даңқының асқақтауына жары Айшаттың қосқан үлесі зор болды. Анамыз қара жұмыстан қайыспайтын, қаймықпайтын өте еңбекқор, ешкімнің ала жібін аттамаған адал, жұдырықтай жүрегінен жылулық ұялаған мейірімді, ағайын-туыс, отбасы арасындағы ырысты үйіріп, көрген көзге үнемі айдай шаттанып жүретін ақжарқын кісі еді. Оның қадай салған әр талы тамырланып, мол жеміс беретін алып ағашқа айналатын. Әкем мен анамыз 1946 жылы шаңырақ көтеріпті. 1947 жылы тұңғыштары Жолдас дүниеге келеді. Бірақ құндақтағы нәрестеге көз тиіп, ерте шетінеп кетеді. Жалпы анамыз 10 құрсақ көтеріп, соның төртеуін шақалақ кезінде жер қойнауына берген. Ата-анамыз бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіреді. Әкеміз әр баласының атын ерекше ырымдап, үлкен мән-мағынамен өзі қойған. «Мен ұшы-қиыры жоқ үлкен бір сара жолға түстім» деп көптен сүйінші сұратқан сәбиінің есімін Сара қояды. «Ол даңғылда маған ақыл, ес, парасат керек» деп одан кейінгі қызын Ақыл, «сара жолда қалтаңда ақша болған дұрыс екен, бақытымыз асып, дәулетіміз тасысын» деген ниетпен үшінші перзентінің атын Алтын атапты. Абыз ақсақал үшін бұдан кейінгі қуаныштың жөні бөлек, орны ерек. 1954 жылы Айша анамыздың алпыс екі тамырын идіріп, өмірге шекесі торсықтай ұл келеді. Әкеміз енді абайлап жүрейін әрі ұлым хәкім Абайдай қазақтың біртуар перзенті атансын деп атын Абай қояды. Абайдан кейінгі қыздарының атын Айымша, Айбала атайды.
Ата-анамыз бар баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Жоғары білім алуларына барлық жағдай жасады. Естуімше, Сара әпкем мектеп табалдырығын алғаш аттағанда әкем қатты қуаныпты. Сол жылы ауылға ұлттық бұйымдар жасайтың қолөнер шебері келген екен. Ұстаны үйіне шақырып алып, Сара апама арнап, сандық жасатып, бұйымға аты-жөнін жаздырыпты. Шебер кеткеннен кейін үлкен бір іс тындырғандай, шалқасынан түсіп бір керіліп алып, қызына қарап, «оқышы не деп жазыпты» деп мәз-мейрам болады. «Ергешова Сара» деп оқиды. Атамыз «Жоқ, қатесіз, дұрыстап оқы» деп қарайды. Әпкеміз тағы да «Ергешова Сара» дейді. Әкеміз түсінбей, басын изейді. Шыр-пыр болған анамыз «Балалардың туу туралы куәліктерінің бәрінде Ергешова, сіздің жеке бас құжатыңызда тегіңіз осылай жазылған ғой»,– дейді. Әкем сонда ғана соғысқа кетерде сауатсыздық салдарынан орыстар үйреткен бес әріппен Ергешов деп қол қойғаны есіне түсіп, Ергешбайдың Ергешке, өзінің Қасымжомарттан Жомартқа қысқарғанын сол сәтте бірақ біліпті. Десек те, «Жарықтық Жомарт» атанған әкеміз оны тағдырдың жазуы деп түсініп, еш өкінбепті. Анамыз бес жылдық білім алғанымен, өте сауатты кісі еді. Есеп-қисапқа жүйрік болатын. Құран аяттарын, хадистерді, шариғатта жазылғандарды, пайғамбарларымыздың өмірі, қыздары, анасы туралы аңыз- әңгімелерді, қазақ халқының ертегілерін жақсы білетін. Жамбасы жерге тигенше бес уақыт намазын қаза қылмады. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, немерелерінің бойына текті әулеттің өнегесін сіңіріп кетті.
Ашаршылық кезінде бас сауғалап кеткен туыстар кейіннен бір-бірін іздеп тауып, Ергешбай ата және Маматай ата ұрпақтары 1961 жылы тамыз айында Қызылорда облысы Шиелі ауданы сол кездегі Жеміс-жидек, қазіргі Алмалы ауылына көшіп келеді. Аты айтып тұрғандай, бұл ауыл сол кездері жер жәннаты іспеттес еді. Жеміс-жидек, көкөніс, дәнді дақылдың көптеген түрі өсіріледі: жүзім, алма, алмұрт, шие, өрік, қауын, қарбыз не керектінің бәрі табылатын. Шаруашылықта сол кездері 200 га алма бағы, 100 га жүзімдік болса, 200 га жерге бақша егілді. 500 тонналық жеміс-жидек сақтайтын тоңазытқышы болып, жыл бойы аудан халқын сапалы жеміс-жидек түрлерімен қамтамасыз етсе, жеміс өңдеу цехы арқылы жылына миллион банка консервленген жемістер шығарылып, тосап қайнатылатын, көкөністерден салат жасалып, қауын, қарбыздан джем дайындалып, бүкіл республиканы қысы-жазы тәтті өнімдермен қамтамасыз ететін. Тіпті шетелге де экспортталып, сатылатын. 0,1 га жерге жылыжай орналыстырылып, жылдың барлық мезгілдерінде көкөністер шығарылып, ауданда бағаның тұрақталуына септігін тигізетін. Әке-шешеміз шаруашылықтағы еңбек науқанына етене араласып, ерен еңбектің үлгісін танытады. Анамыз 70 га алқаптағы алманың түрлі сорттарына күтім жасап, мол өнім жинап, соғыстан кейінгі жұтаған ауыл халқының тұрмыс-тіршілігінің оңалуына, елді мекеннің көркеюіне, нығаюына өлшеусіз үлес қосса, әкеміз күндіз алма және жүзім бақтарын, түнде қоймада қарауыл болып істеп, бір тыным таппайтын. Еңбекпен есейіп, өсіп-өнген жандар кіндігінен тараған ұрпағына, бүкіл ауылға ғибратты істерімен үлгі көрсетті. Тіпті анамыздың ауыр қара жұмыстан белі бүкірейіп те қалды. Еңбектері еленіп, талай жоғары марапатқа, төсбелгілерге ие болды. Совхоз бюджетінен жеке үй салып берді. Айшат анамыздың аты-жөні Қызылорда облысының «Құрмет кітапшасына» алтын әріппен жазылды, екі мәрте аудандық Кеңес депутаты болып сайланды, Лениннің туғанына 100 жылдық медалімен марапатталды, ҚазССР Жоғарғы Советі Президиумының «Құрмет грамотасы», «Өз кәсібінің шебері» дипломы, екі рет «Еңбек ардагері» медалімен, «5 жылдықтың жүлдегері» белгісімен наградталды.
Әкеміз 1980 жылы 9 маусымда 72 жасында, анамыз 2005 жылы 83 жасында дүниеден озды. 9 мамыр – Жеңіс күніне қарсы теледидардан Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмдер көрсетіп жатса, әкеміз жерге зыңылдап түсіп келе жатқан бомбаның дауысын естігенде таңдайын қағып, басын шайқап, «енді адамзат тарихында мұндай жантүршігерлік шайқас болмасын, біздің басымыздан өткен қасіретті Аллам жастарға, ұрпаққа көрсетпесін» деп отыратын.
Тәуба. Бүгін ұрпақтары ата-анадан алған тәлімдерін көкейлеріне өнеге етіп қондырып, республиканың барлық аймақтарында халық шаруашылығының түрлі салалары бойынша қызмет етуде. Сара ауылшаруашылығы, Ақыл, Алтын және Абай білім, Айымша сауда, Айбала қаржы саласында, еселі еңбек етіп, дәстүр жалғасуда.
Жанна Абайқызы