Сәкеннің «Салт пен санасы»
Ел арасында кітап оқудан алыстап кетудің бір себебі «Сауатты сынның жоқтығынан» деген пікірді естіп жүрген жайымыз бар. Әрине, бұл ой да белгілі бір деңгейде шындыққа жанасады. Алайда бүгін біз қаузағалы отқан әңгіме біршама уақыттан бері әдеби ортаның сұрауында һәм іздеуінде жүрген «Салт пен сана» кітабы жайлы болмақ.
Қараша халықтың көкірек көзі ашылып, санасына әдебиеттің нәзік сәулесі түскелі бері қанша ғасыр өткенін таразылап көрмеппіз. Уақыт шеңберіндегі әдебиет тақтасына қаншама ақын-жазушының есімі жазылып, бірінен соң бірі келіп, ұрпақ алмасып жатты. Өз заманының қоңырауын соққан қаншама кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқанын ойша да болжай алмаспыз, сірә.
Қараша халықтың көкірек көзі ашылып, санасына әдебиеттің нәзік сәулесі түскелі бері қанша ғасыр өткенін таразылап көрмеппіз. Уақыт шеңберіндегі әдебиет тақтасына қаншама ақын-жазушының есімі жазылып, бірінен соң бірі келіп, ұрпақ алмасып жатты. Өз заманының қоңырауын соққан қаншама кітаптың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқанын ойша да болжай алмаспыз, сірә.
Сонымен жуырда қолыма аймақтық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы, жазушы Сәкен Алдашбаевтың «Салт пен сана» кітабы тиді. Жинақта бізге таңсық яки түп төркінін біле бермейтін қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным мен сенімі жайлы толымды зерттеулер бар екен.
Автор қазақтың тұтас болмысын: салт, дәстүр, ырым, тыйым, наным-сенім, әдет-ғұрып деп алты қағидатқа жіктейді. Осы аталған қағидалардың көтерер жүгі бір болғанымен, шығу тегі, бағыты мен бағдары бір-біріне ұқсамайтындығын айтады. Иә, салт – жалпыхалықтық сипат алып үлгерген үрдіс. Бажайлап қарасаңыз, оның астарында меңзеу, ишара, таным мен түсінік, болмыс пен бітім бар. Ал дәстүр болса жаңадан қалыптасқан, түп-төркіні әлсіз ишара.
– Ырым мен тыйым екі тарап дүние. Ырым – белгілі бір діни сенім мен қағидаға сүйене отырып жақсылыққа қарай ұмтылу, тыйым – діни негізде тыйым салынғандардан алыстау. Қазақ мұндайды бір ғана «жаман боладымен» түйіндейді. Наным мен сенім де сондай. Бірақ оның дінге қатысы аз. Ал ырым мен тыйымды не шариғаттан алады, не табиғаттан алады. Мысалы, халқымызда «бәле-жаладан сақтайды» деген оймен бесікке үкінің сирағын тағып қоятын ырым бар. Жат ағым өкілдері «бұл Аллаға серік қосу» деп бабаларымызды күстаналағысы келеді. Ал оның негізіне түсінсе, олай демеген болар еді. Себебі қазақ үкінің жылан, тышқан секілді зиянкестермен қоректенетінін біліп, осылай істейді. Үкінің иісіне зиянкестердің жоламайтынын біледі. Тіпті сол үкінің аяғын ордалы жыланның ордасына тастаса, әлгілер сол мезетте көшіп кетеді екен. «Үйді айналып жүгірме» деген тыйым бар. Себебін сұрасаңыз «жаман болады» деп тыйып тастайды. Бұл тыйым негізін діннен алған. Яғни мұсылманда адамдар тек Қағбаны айналып жүгіреді деген түсінік бар. Таңдайды тақылдату – ата-анасы қарғысқа ұшыраған Әбілет пен Тәбілеттің әрекеттері болатын. «Ысқырма», «саусағыңды сықырлатпа» дегендер де осындай. Сондай-ақ, дінге еш қатысы жоқ «үйге қарай жүгірме» деген тыйымның астарында елді жау шапқанда, түз тағысы тигенде, өрт болғанда көрініс беретін әрекеттер жатыр.
Енді наным-сенім жайында да сөз қозғасақ, Ұлбосын, Қызтай, Тоқтаған, Күшікбай деген адам аттарын бір сенімге сүйеніп қояды. Бірақ сол сенімі Алланың құдіретімен орындаладыда. Ендеше, мұны ғылыми, діни тұрғыдан зерттеу керек.
Ұлттық болмысты сақтап қалу, құндылықтарды қастерлеу, қадірлеу, ата дәстүрді дәріптеу – басты борыш. Ұлттық рухты бойға сіңіріп, жалпыадамзаттық оң үрдістерді үйрене отырып тәрбиеленген адамның, әлемдік өркениеттің көшінен қалмай, оның озығынан үлгі алатын халықтың келешегі кемел. Яғни, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, ұлтты ұлт етіп тұрған оның тілі, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі. Сондықтан біз дәстүрді өткен дәуірде жасалған жалпыұлттық, жалпыадамзаттық маңызы бар бүгінгі заманның қажеттіліктері мен сұраныстарын өтей алатын айрықша құндылық деу артықтық етпес. Тіршіліктің салқар көші тоқтамай, өмір жалғаса беру үшін мына біздер, жастар өз дәуірінің сұранысын жаңаша қанағаттандырып, дүние дидарын жаңаша өрнектегені абзал.
Айта кеткен жөн, қабырғалы қаламгер әр түрлі дәйектерге, біршама ғалымның еңбектеріне сүйене отырып, қала берді халық аузынан алынған нұсқаларды да алып сараптайды, саралайды. Мазмұны мен болмысы бөлектеу кітапты құмартып оқуға тұрарлықтай. Себебі таным көкжиегіңіз кеңейе түседі. Автор ұлтымыздың сан ғасырдан бері қанына сіңген салт-дәстүрді үріп ауызға салғандай етіп, әдемі штрихпен жеткізеді. Топшылай келе, «Салт пен сананы» әрбір қазақ мүмкіндігінше алып, санаға сіңіру керек. Туындыдағы құнды қазынаға тең дүниелер белгілі бір ортада талқылануы тиіс. Неге десеңіз, түп-тамырыңды толық танымау әбестік.
Сұлушаш МАДИЯРОВА