Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайсар рухты қолбасшы

Қайсар рухты қолбасшы

Әлі есімде. 2017 жылдың қыркүйек айында аудандық мәслихат хатшысы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Әшім Оразбекұлы жұмыс орнына соғып кетуімді сұрады. «Аға, білетін шығарсыз, мына генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов менің құрдасым әрі досым еді» деп бастады әңгімесін.
Сөйтіп Әшім Оразбекұлы Құрбан досының өтінішін жеткізді. Қан майданда қаза болған Байдүйсен атасының тағдырын Шиелі тұрғындары да білсін деді ме, аты ардақталса екен деп ойлады ма, атасы туралы мақала жазылғанын қалапты.
Мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғайтын Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген, халықтың ықыласына бөленген Құрбан Сәкенұлындай қаһарман ұлдың, әскери қолбасшының атасы Байдүйсен жайлы, олардың әулеті туралы зерттеп аудандық «Өскен өңір» газетінің 20 қыркүйек 2017 жылғы №73 санында аудандық ономастикалық комиссия назарына деген айдармен «Соғыстан өзі емес, есімі оралған солдат» атты мақала жаздым. Мақаланы Құрбан бауырымыз оқып, риза болып, Әшім Оразбекұлынан өзінің атынан рахмет айтуын сұрапты. «Сәті түсіп елге барсам жолығармыз» депті.
Бірақ тағдыр бізді жолығуға жазбапты. Телеарнадан «2021 жылы 31 шілде күні отставкадағы генерал-лейтенант Құрбан Сәкенұлы Қаражанов өмірден озды. Қазақстан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша Құрбан Қаражанов коронавирус инфекциясынан көз жұмған. Ол 64 жас­та болған» деген суық хабарды естігенде «ой, әттеген-ай, әттеген-ай, қап, қап» деп ­отырып қалдық. «Өлімге қимайтын арыс азаматтан қалай айырылып қалдық екен?» деген өкініш ішімізді өртегендей болып еді. Бір Алла білмесе, біз білмейтін, біз түсінбейтін тылсым күшке миымыз жетпей әлі келеміз. Осындай үлкен шенді, биік дәрежелі азаматтың өмірін қалайша сақтап қала алмадық? Әскери күшті дәрігерлеріміз қайда? Ауданымыздың даңқын шығарған генерал-лейтенант Қ.Қаражановтың енді құранда ғана есімі аталып жататыны жанға бататын өкінішті жағдай. Оны өлімге қимайсың. Өмірлік сүйікті жары ­Рахима жалған дүниенің Құрбансыз екеніне әлі де сенбейді. «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, өлгенге қайтып келмек жоқ» деген атам қазақ. Рахимаға жолыққанымызда өксігін баса алмай «Құрбан іс-сапарға кетіп, күнде есіктен кіріп келетіндей көрінеді. Рахимажан деп еркелетіп, сымбатымен, көркем мінезімен отбасымызды нұрға бөлейтін еді. Жоқ, ол өлген жоқ» деп орамалымен жанарына толған жасын сүрте берді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Құдайдың берген үш ұлы да әке жолын қуып, әскери мамандық алыпты. Тұңғыш ұлы Руслан Москва әскери академиясын бітірген, әскери шені – майор. Одан кейінгі егіз ұлдары Рүстем мен Данияр ­Петербург қаласындағы әскери академияның түлектері. Өткен жылы ғана оқу бітірген лейтенанттар. Құрбан мен ­Рахима егіз ұлдарының академияны бітіріп, диплом алу рәсіміне Петербургке барып, сол жақтан коронавирус індетін жұқтырып, келе салып ауруханаға түскен көрінеді.
Құрбан Сәкенұлы – 1957 жылы 7 маусымда Шиелі кентінде дүниеге келген. Әкесі – Сәкен Байдүйсенұлы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінде қылмысты іздестіру уәкілі және тергеуші қызметтерін абыройлы атқарады. Алматы милиция мектебінің түлегі, милиция майоры Сәкен Байдүйсенұлы кенет, қызмет бабында жүргенде бар-жоғы 29 жасында 1967 жылы жол апатынан қаза болады. Анасы Гүлдариха Әбенқызы Шиелі аудандық жинақтау банкін жиырма жыл басқарып, 1986 жылы құрметті зейнетке шығып, 1998 жылы дүние салады. Тағдыр тауқыметін тартқан Гүлдариха апай үш ұл, бір қызын ешкімнен кем қылмай, «тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай» тәрбиелеп өсіреді. Әкесіз ер жетіп жетімдіктің дәмін татқан Құрбан тез есейеді. Анасына, іні-қарындастарына қамқоршы болады. Ерік-жігері мықты, нағыз патриот азамат болып өседі. Аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебін 1974 жылы бітіріп, бала жастан арманы әскери оқуға түсуді қалайды. Еңбек жолын Шиелідегі ПМК-1607 мекемесінде жұмысшылықтан бастайды. 1975 жылы Алматы қаласындағы ВСЖУ-ға оқуға түсіп, 1979 жылы үздік бітіріп шығады. Жас әскери офицер Құрбан 7 жыл Қиыр Шығыста қызмет етеді. Қ.Қаражанов 1988-1992 жылдар аралығында ­ Белорусь әскери округінде танк полкы штабы бастығының аға көмекшісі, батальон командирінің орынбасары, штаб бастығы қызметтерін атқарса, Чехословакияда Кеңес әскерінің Орталық шоғырландырылған әскері сапында ­батальон командирі қызметін жалғастырды. Қайтадан Белорусь әскери округіне жіберіліп, батальон штабының бастығы қызметінде болады. КСРО ыдырап, Отанымыз Тәуелсіздік алған кезде алғы шепте шыңдалған командир іле-шала еліне асыға оралады. 1992 жылдан Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде мото батальон командирінен гвардиялық полк командирінің орынбасары – штаб бастығы, полк командирі, мото бригада командирі, мото дивизия командирінің орынбасары, дивизия командирі болғанын қалайша мақтаныш етпеске?
Ол қызмет атқарып жүріп, білімін де арттырады. Кеңес заманынан бас қолбасшылар даярлайтын әлемге танымал жоғарғы оқу орындары – Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы әскери академияны 1996 жылы, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын 2007 жылы үздік бітіреді. Генерал-майор, генерал-лейтенант жоғары қолбасшы әскери атақтары берілді. Әскер басшыларына арналған ең жоғары арнайы марапат І, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен мапаратталды. КСРО заманында Қиыр Шығыстан Орталық Еуропаға дейін сырт жерде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып жүрсе де, ұлттық негізден ажырамаған, ана тілінен айырылмаған, отбасымен қазақша кітаптар оқуды тастамаған – Құрбан сөзге де шешен болған, қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтқан. Оның қазақтың біртуар хас батыры Бауыржан Момышұлын үлгі тұтып қалыптасқаны байқалатын. Сөйлеуі, саңқылдаған үнімен қарамағындағыларға тапсырманы нық беру мәнері батырды қайталап тұрғандай болады. Тіпті, жұмыс үстелінде Баукеңнің «Соғыс психологиясы» атты кітабы жататын болған. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері жинағы қызмет бабымен жолға шыққанда бірге ала жүретін киелі кітабы, сырласар серігіне айналып кеткен. Ол Абай мен Бауыржанды жүрегінде рухани ту етіп желбіреткен, ұран етіп қастерлеген. Оның сардарлық ұстанымы жас офицерлер үшін нағыз өнеге болатын. Мемлекет басшысы алдына мәртебелі марапаттар алуға барған жоғары шенді офицерлер арасынан жауап сөз сөйлеу әркез Құрбан Сәкенұлына беріліп отырған. Өйткені, шиелілік генерал қазақ тіліне де, орыс тіліне де жүйрік еді. Еңбек демалысына, отставкаға шыққаннан кейін үлгі тұтқан тағы бір батыр ағасы – «Кеңес Одағының Батыры», қазақтың тұңғыш «Халық қаһарманы», ең алғашқы Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы «Жасұлан» әскери мектебін басқарды. Көп ұзамай бір кезде өзі оқып шыққан Алматыдағы әскери училище – бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери институтына басшылық жасайды. Не деген ғұмыр? Не деген әскери атақ? Недеген қабілет пен телегей теңіз білім? Құрбан Сыр елінен шыққан тұңғыш әскери генерал-лейтенант болатын. Шиелі халқы, туған елі оны ардақтап Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын берді. Өзінің саналы ғұмырын, бүкіл өмірін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің нығаюйына арнаған арда азамат, жерлесіміз генерал-лейтенант Құрбан Қаражановтың құрметіне Шиелі кентінен бір көшеге есімі беріліп жатса, қазақтың қайсар рухты қолбасшысына жасалған құрметіміз болар еді. Оның атындағы көше жастарымызды патриоттық рухта тәрбиелейтін ерекше көше болатыны да сөзсіз. Кезінде өзі армандап атасы Байдүйсенге бұйырмаған көше атауы немересіне берілсе, несі айып? Аудандық ономастикалық комиссияның назарын осыған шындап бұрғымыз келеді. «Батырлы ел – бақытты ел» депті көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов.
Енді Құрбан Сәкенұлы Қаражанов туралы замандастары, достары, әскери қызметшілер не дейді екен, соған құлақ түрейік.
Құрлық әскерлері әскери институтының басшысы, генерал-майор Адырбеков Дулат Темірғалиұлы:
– Генерал-лейтенант Құрбан Қаражановпен біраз жыл бірге жүрдік. «Өзі алда болмағанның «Алға деп ұран тастауға қақысы жоқ» дегені әскери нақыл бар. Құрбан Сәкенұлы әрқашан алда болды. Әскери қызметте де алғы шепте, бейбіт өмірде де солай. Атақ-даңқы жетіп артылса да, соншалықты қарапайым. Әскери адам бола тұра, қатал емес, қамқор болған. Бұл сардарға тән қасиет. Ол кісі – елді сүю, Отанды сүю, қарапайымдылық, патриоттылықтың нағыз эталоны еді. Оның отансүйгіштігі, елсүйгіштігі ерекше. Елдікті, ерлікті дәріптеп отыратын.. «Әскерде әділеттілік болуы керек, бөліну дейтін сұмдық болмауы тиіс. Ауылдан келген жап-жас балаларға жекіріп, ұрысып сөйлеу – ең үлкен кемшілік әрі мәдениетсіздік. Армия қазір қазақ тіліне көшуде. Командирлер мемлекеттік тілді жетік біліп, әскерді қазақша сөйлетуі керек!» деп отырушы еді. Оны алғаш көргенде-ақ, Бауыржанға ұқсайтын нағыз батыр деп едік. Құрбан батырдың бейнесі жылдар жылжыған сайын асқақтай түсері анық.
Ж.Н.Бисенбаева, профессор, PhD доктор:
– Бұл кісінің ерекше еңбегі – еліміз егемен болып, Тәуелсіздіктің туын тіктеген тұста мемлекеттіліктің бір тірегі Қарулы күштердің қалыптасуы мен нығаюына белсене қатысып, ұмтылып отандық әскер құрудың жұмысына көп еңбек етті. Құрбан ағаның шәкірті болдық. Болмысы болаттай берік, мінезі жібектей жұмсақ, тапсырмалары тиянақты еді. Құрбан ағамыздың тағы бір ерекшелігі – талаптылығы, жауапкершілігі, есте сақтау қабілетінің мықтылығы, жанының жайсаңдығы, адалдығы, ақниеттілігі, сабырлығы, қамқорлығы. Даналық оқу-жаттығуларға өзі қатысып, көзбен көріп, қате-кемшіліктер мен жетістіктерді саралап, бағасын беріп жататын. Ол ұлағатты ұстаз болатын. Жүрген жері береке. Иә, уақыт озған сайын дарынды қолбасшы генерал-лейтенант Құрбан Қаражановтың еліне, Қарулы Күштерге арнаған еңбегі айрықша бағаланады деген сенімдемін.
Рахымжанов Мұрат, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, запастағы полковник:
– Құрбан Қаражанов даңқты ­Бауыржан батырға ұқсайтын кескін-келбетімен, қайсар да өр мінезімен жеңімпаз рухты қалыптастырған талантты қолбасшы, әскер басы бола білді. Ол әскери білімнің қайнарынан қанып ішіп, еңбектің көрігінде шыңдалған тұлға еді. Қарулы Күштерге бергені көп тәжірибелі ұстаз, білікті командир болатын. Сардар ретінде жеке құрамға көрсеткен үлгісі, сілтеген бағыт-бағдарына баға жетпейтін. Құрбан Сәкенұлы Қазақстан Қарулы Күштері үшін маңдай терін сорғалатып жүріп, адал қызмет еткен адам. Ол «Даңқ» орденінің толық кавалері болды. Көптеген мемлекетті ордендер мен медальдарды иеленді. 7 шілде күні туған күнімен құттықтап, өткен-кеткенді еске алысып едік. 31 шілдеде «Генерал Қаражанов қайтыс болыпты» деген қаралы хабарды естігенде төбемнен жай түскенде күй кештім. «Бұл қалай болды, спортсмен азамат еді ғой? Өмірі темекі тартып, спирттік ішімдікті татпаған, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген ағамыз еді ғой» деп, пендешілік ойға берілгенім де рас. Алайда, Алланың ісіне не шара, сұм індет аяулы ағамызды ортамыздан жұлып алып кетті. Иманы саламат болсын. Жаны пейіште шалқысын. Жасамаған жасын кейінгі ұрпағына берсін. Данышпан Абай:
«Ем таба алмай,
От жалындай
Толды қайғы кеудеге» – дейді.
Неткен баянсыз өмір еді?!
Пшембаев Ермек Уәлиұлы, запастағы әділет полковнигі:
– Генерал-лейтенант Құрбан Сәкенұлы тік мінезділігімен, шыншылдығымен, білімділігімен, батыл жүректілігімен, нағыз ұлтшыл азамат екендігімен, Абай атамыздың қара сөздерін жатқа білетінімен, әскери салада атағы жайылған нағыз өз елін, өз жерін сүйетін өз ұлтының ұлы. Шынын айтса, осындай атаққа ие болатын ол кісі сияқты генералдар қазіргі кезде біздің Қарулы Күштерінде жоқ деп айтуға болады. Басқадай білімдерін айтпай-ақ, өз ана тілін жақсы білетіні жоқ екені айдай анық.
Нартаев Серік Махмутұлы, Құрбанның сыныптас досы:
– Шиелі кентіндегі №45 қазақ орта мектебін 1974 жылы 59 бала бітірдік. Құрбан сыныптағы барлық жағынан ерекше бала болатын, зеректігі мен ізденгіштігі, ынта-ыждағаттығы мен жігерлігі, ұқыптылығы мен тазалығы, мұқиятты нақтылығы мен тәртібі, адамгершілігі пен парасаттылығы.Он жыл бойы мұғалімдеріміз Құрбанның осы қасиеттерін айтып бәрімізді түзетіп, жөнге салумен болды. Әкесі Сәкен ағай кенеттен қаза болды. Анасы Гүлдариха аңырап қалды. Үйіне кіріп көңіл айтып шықтық. Сол күннен бастап Құрбан балалық шағымен қоштасып, үйдің ер азаматының үлкені деген міндетті мойнына алған еді. Ол інілері Ерден мен Нұрғалидың, қарындасы Шолпанның үсті-басына қатты қарайтын. Олар әрқашан тап-таза жүретін. Үй ішін де мұнтаздай таза ұстайтын. Ол еркін күреспен айналысты. Мектеп қабырғасында спорт шеберлігіне кандидат болса, бір жылдан соң 18 жасында спорт шебері атанды. Құрбан жасынан кітапты көп оқитын. Көбінесе оны әскери және соғыс тақырыбындағы шығармалар қызықтыратын. Оның ойында сақтау қабілеті өте жақсы болатын. Қазақ әдебиетінен жаттауды тез жаттап алатын. Ол орыс тілін де оңай меңгеріп алды. Сол оқушылық күндерден бері де, міне, 35 жыл өтіпті. Құрбанның қайтыс болғанын 2021 жылдың 31 шілдесі күні оның туған бажасы Нұртас Қонбаевтан телефон арқылы естідім. Осылайша, айбынды да айбарлы, достарымыздың ішіндегі ең арлысы және ардақтысы, жандосымыз Құрбан Сәкенұлы Қаражановты жоқтап, жылап-сықтап қала бердік. Ой, жалған дүние десейші!

Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы

07 шілде 2022 ж. 455 0