Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САРДАР

САРДАР


Суық хабар жетті. 2021 жылғы 31 шілдеде әскери сардар Құрбан Сәкенұлы 64 жасында мезгілсіз өмірден өтті. Әлемді жайлаған індет жалмап кетті. «Генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов абыройлы, ерік-жігері мықты, нағыз патриот болатын. Ол ұдайы күрделі қызметтерді атқарды. Бүкіл ғұмырын елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға арнады», – деп оның қызметіне жоғары баға берді Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, оның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.
Құрбан Сәкенұлы 1957 жылы 10 маусымда Сыр елінде Шиелі кентінде қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі милиционер, анасы банк қызметкері болған. Шиеліде қазақ орта мектебін бітірген соң өмірін бала жастан арманы әскери қызметке арнайды. Ол лейтенанттан генерал-лейтенантқа дейін жеткен әскер сардары.
1979 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін бітірген жалынды лейтенант әскери қызметке Қиыр Шығыс әскери округінде танк взводының командирі болып кірісті. Талапты да талантты жас офицердің талай жылғы сатылап өрлеуі басталды. Көп ұзамай батальон штабы бастығының көмекшісі, аға көмекшісі болып көтерілді.
Бұдан кейін әскери қызмет Беларусь әскери округінде жалғасты. Танк полкы штабы бастығының аға көмекшісі, батальон командирінің орынбасары – штаб бастығы болды.
Кеңес әскерінің Чехословакиядағы Орталық шоғырландырылған әскері сапында батальон командирі болып қызметін жалғастырды. Қайтадан Беларусь әскери округіне жіберіліп, батальон штабының бастығы қызметін атқарып жатты.
КСРО ыдырап, Отанымыз Тәуелсіздік алған кезде алғы шепте шыңдалған командир іле-шала туған еліне асыға оралды. 1992 жылдан Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қызметін абыроймен жалғастырды. Мотобатальон командирінен гвардиялық полк командирінің орынбасары – штаб бастығы, полк командирі, мотобригада командирі, мотодивизия командирінің орынбасары, дивизия командирі болды. Астана әскери аймағы, Оңтүстік әскери аймағы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы болып тағайындалды.
Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары – жауынгерлік әзірлік Бас басқармасының бастығы болды. 2011 жылғы тамыздан Қазақстан Республикасы Қорғаныс миистрлігі Бас штабы Бас инспекциясының бастығы жоғары жауапты қызметін атқарды.
Қызмет атқара жүріп, білімін де арттырды. Кеңес заманынан жоғары бас қолбасшылар даярлайтын әлемге танымал жоғарғы оқу орындары – Мәскеудегі М.В.Фрунзе атындағы Әскери академияны 1996 жылы, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын 2007 жылы үздік бітіреді.
Генерал-майор, генарал-лейтенант жоғары қолбасшы әскери атақтары берілді. Әскер басшыларына арналған ең жоғары арнайы марапат екінші, бірінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен толық марапатталды.
КСРО заманында Қиыр Шығыстан Орталық Еуропаға дейін сырт жерде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып жүрсе де, ұлттық негізден ажырамаған, ана тілінен айырылмаған, отбасымен қазақша кітаптар оқуды тастамаған Құрбан мен зайыбы Рақима 3 бала өсіріп тәрбиледі. Ұлдары әке жолын қуған, әскери оқуда. Құрбан сөзге де шебер еді, қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтатын.
Қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлын үлгі тұтып қалыптасқаны байқалатын. Сөйлеуі, саңқылдаған үнімен қарамағындағыларға тапсырманы нық беру мәнері батырды қайталап тұрғандай-ды. Тіпті, жұмыс үстелінде Баукеңнің «Соғыс психологиясы» кітабы жататын.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздері жинағы қызмет бабымен жолға шыққанда ала жүретін киелі кітабы, сырласар серігіне айналып кеткен-ді. Абай мен Бауыржанды жүрегінде рухани ту етіп желбіреткен, ұран етіп қастерлеген сардар ұстанымы жас офицерлер үшін нағыз өнеге еді. Елбасы алдына мәртебелі марапаттар алуға барған жоғары шенді офицерлер арасынан жауап сөз сөйлеу әр кез Құрбанға берілетін.
2017 жылы отставкаға шығарылғаннан кейін үлгі тұтқан тағы бір батыр ағасы – «Кеңес Одағының Батыры», тұңғыш «Халық қаһарманы», тұңғыш Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» әскери мектебін басқарды. Көп ұзамай бір кезде өзі оқып шыққан Алматыдағы әскери училище – бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери институтына басшылыққа ауысты.
Күш-жігері бойында, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек кемел шағында турашыл, қолы адал сирек мінезді сардар қасаң қисық қалыпқа симады ма, көп ұзамай әскери қызметпен біржола қоштасты. Білдірмегенмен іштей қынжылатыны сезілетін.
Сардар Сыр елінен шыққан тұңғыш әскери генерал-лейтенант болатын. Елі ардақтап оған Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын берген-ді.
Ағаларындай ел тұлғасына айналсын деп ұлымның тұсауын кестірген үш қайраткер азаматтың бірі де бірегейі осы Құрбан еді. Оның жарқын бейнесі, саңқылдағы үні, ақкөңіл де өткір мінезі әрдайым жадымыздан шықпайды. Қош, аяулы інім, Отанына, халқына қалтқысыз қызмет еткен сардарым.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
журналист-заңгер,
Қазақстанның мәдениет қайраткері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
07 тамыз 2021 ж. 639 0