Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр елінде азаматтарды әскери есепке тіркеу жалғасуда

Сыр елінде азаматтарды әскери есепке тіркеу жалғасуда

Қызылорда облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте БАҚ өкілдерінің Сыр елі азаматтарының әскери есепке тіркеу туралы сұрақтарына подполковник Алмат Жақыпов жауап берді.

Алдын-ала есептерге сүйенсек Сыр елінде биыл бес мыңнан астам жасөспірім әскери есепке алынады. Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысында үш мыңға жуық жасөспірім әскери есепке тіркеліп үлгерді. Қазіргі уақытта жергілікті әскери басқару органдары қызметшілері жасөспірімдердің санын, білім деңгейін, әскери қызметке жарамдылығы мен дене дайындығын анықтап, әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жұмыстарын қарқынды жүргізуде. «Әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу кезінде лауазымды тұлғалар азаматтардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесін белгілеу үшін олармен әңгіме жүргізіп, қажетті құжаттарын тексереді. Сосын арнайы тәртіппен медициналық комиссиядан өтеді. Медициналық тексерістен өткен азаматтар тіркеу жөніндегі комиссия шешімімен әскери есепке қабылданады», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Алмат Жақыпов. Тіркеу науқаны кезінде азаматтарға әскери қызметтің мүмкіншіліктері мен болашағы, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына оқуға түсу қағидалары жан-жақты түсіндіріледі. Осы аталған барлық тексерулерден кейін жасөспірімдерге шақыру учаскесіне тіркеу куәлігі жазылып, алғашқы әскери құжат беріледі. Он жеті жасқа толатын жасөспірімдерді шақыру учаскелеріне тіркеу елімізде жыл сайын, қаңтар айынан бастап наурыз айына дейін үш ай бойы жалғасады.

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы сержант Мұхит Қонаров
09 ақпан 2021 ж. 421 0