Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нағыз қазақ – домбыра

Нағыз қазақ – домбыра

Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы аспапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы қосішекті домбырамен әуелетіп ән де, күмбірлетіп күй де шырқаған. Сондықтан шілде айының алғашқы жексенбісін «домбыра күні» деп атап өту, өз ұлтымызды ұлықтайтын ұлы аспапқа деген асқан құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі.
Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға. Сондықтан ұлттық мәдениетімізді әлемге асқақтататын қасиетті аспаптың ұлықталуы заңдылық.
Ұлттық аспабымызды төрткүл дүниеге алғаш танытқан Әміре Қашаубай 1925 жылы Париж төрінде ән салып, Еуропа халқына мәдениетімізді паш еткен еді. Cәндік өнер мен көркемдік өндірістің халықаралық көрмесіне қандасымыздың қатысқанын Елбасы жеке архивінде сақтаулы тұрған жеделхаттың көшірмесі растайды. РКФСР ағарту комиссары А.Луначарскийдің Семей халық ағарту бөліміне жіберген хабарламасында «Алаш қаласы, Шығыс көшесінде тұратын қырғыз әншісі Әміре Қашаубайдың Парижде өтетін дүниежүзілік көрменің этнографиялық концерттеріне қатысу ниетін жедел анықтап, жауабын жедел хабарлау­ды сұраймын. Әншінің жолы мен жататын жері төленіп, қаламақы беріледі. Сапар 15 маусымнан 15 шілдеге дейін созылады. РКФСР халық ағарту комиссары Луначарский» делінген.
«Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды,жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», – дейді Ахмет Жұбанов. Белгілі қазақ композиторының қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек. Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болар.
Қазаққа қиындықта сүйеу, қуанышта көңіл қанаты болған қара домбыраның қоңыр үні – қанымызда, бебеулеген сарыны – санамызда сақталған, ұлттық кодымызда таңбаланған. Сондықтан шанағынан шамырқанған күй төгілсе, елең етпейтініміз жоқ. Жоралы жұртымыздың қатпар-қатпар тарихынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!

Еңлік Мұсылманқұл,
Шиелі аудандық өнер мектебінің
домбыра аспабының мұғалімі
02 шілде 2022 ж. 621 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031