Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлтымызды ұлықтайтын ұлы асбап

Ұлтымызды ұлықтайтын ұлы асбап


Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра деген сөзінен қазақ пен домбыраның бір-бірімен егіз екенін бірден аңғаруға болады. Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы асбапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы көп пернелі домбырамен әуелетіп ән де, күмбірлетіп күй де шырқаған. Тұңғыш президент Н.Назарбаев қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілде айының алғашқы жексенбісін «домбыра күні» деп белгілеуі де тегін емес. Оның өзі ұлтымызды ұлықтайтын ұлы асбапқа деген асқан құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі. Ал сол киелі асбапты нақышына келтіріп, түрлі оюлармен әсемдеп жасайтын он саусағынан өнер тамған хас шеберлер де халық арасында кездесіп жатады. Біз сөз еткелі отырған домбыра жасау шебері Ақтай Рыспамбет те өз ісіне махаббатымен берілген жан. Бестам ауылдық округіндегі қызу жұмыс жүріп жатқан шеберханаға арнайы барып, домбыра жасаудың қыры мен сырына қанық болдық.

– Мен домбыра жасаумен 1985 жылы Абай атындағы педагогикалық институтына түскеннен бас­тап айналысып келемін. Дипломдық жұмысым да осы іспен тікелей байланысты болды. Домбыра жасауды өзімнің достарым Нарбек Оханов пен Жолаушы Тұрдығыловтан үйрендім. Олар менің алғашқы ұстаздарым десем де болады. Өзім домбыра аспабында күй ойнағанды жақсы көремін. Әкем де өз кезегінде керемет күйші болған кісі. 1988 жылы Бестам ауылдық округінде №205 қазақ орта мектебіне бейнелеу өнері мен сызу пәндерінің мұғалімі болып орналастым. 1992 жылы аталмыш мектептің сол кездегі директоры Гүлхадиша Нысанбаеваның бастамасымен мектеп ішінен «Мирас» атты шағын кәсіпорын ашып, оқушыларды қолөнерге баулыдым. Халқымыздың ұлттық өнерін жаңғыртып, жас ұрпақты ұлттық қолөнерге баулыған еңбегім бағаланып, 1993 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. Кейіннен ұзақ мерзім науқастанып, жұмысымды тоқтата тұруға мәжбүр болдым. Одан кейін ұлы асбапты неге ұлықтамасқа деген ой келді. Бастапқы кезде жылына 1-2 ғана домбыра жасап жүрдім. 2016 жылы «Нариман» атты жеке кәсіпорын ашып, сол уақыттан бері тұрақты жұмыс жүргізіп келемін. 2017 жылы бизнес жоба қорғап, қайтарымсыз қаржы жеңіп алдым. Мемлекет тарапынан қолдау түскен соң, шеберханам бірнеше заманауи құрылғылармен толықты. Шеберлікке менімен қазіргі таңда жұмыс жасап жүрген ұлымды, інілерімді үйреттім. Алдағы уақытта кәсібімнің аясын кеңейту мақсатында түрлі жобаларға қатысып, жас буындарды тәрбиелеу де ойымда бар, – дейді шебер.
Қолы қалт етсе шеберханаға бүйрегі бұрып тұратын кейіпкеріміздің айтуынша аудандық тарихи өлкетану музейінің тапсырысы бойынша ағаш төсек, дөңгелек ас үстелі, сандық, жетіген, дауылпаз, қылқобыз, нарқобыз, айбалта, садақ сияқты бұйымдарды да жасаған. Қазіргі таңда Шиелі ауданынан бөлек Орал, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларынан да тапсырыс берушілердің қатары қалың. Асыл мұрамызды келер ұрпаққа сақтап қалуды көздеген қолөнерші түрлі додаларда өзін жетілдіріп, білімін шыңдау мақсатында бағын сынап жүр. 1996 жылы Алматы қаласында өткен домбыра жасаушы шеберлердің республикалық байқауында дипломант атанса, 2017 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған «Аңыз домбыра» атты домбыра жасау шеберлерінің арасында өткен республикалық сайыста алғыс хатпен марапатталған. Шебердің айтуынша жұмысына деген шынайы ниеттің арқасында шеберханаға тіпті қонып та қалады екен. Шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін кәсіпті сүймесең еңбегіңнің нәтижесін көруіңіз неғайбыл. Сондықтан Ақтай Пәтешұлы секілді ең алдымен бүкіл жан дүниеңізбен берілуіңіз керек.

Фариза КЕНЖЕШОВА.
18 маусым 2019 ж. 1 584 0