Қазақтың жаны – домбыра
Ұлттық құндылығымызды ұлықтап, жалпы халықты ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғыру идеясының төңірегінде елбасының қолдауымен 1 шілде – ұлттық домбыра күні болып бекітілді. Бұл қасиетті домбыраға деген асқан құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі.
Қазақтың музыкалық мәдениетінің басты символы әрі ұлттық аспабы – домбыра. Ол елдің – асыл мұрасы, өткен ғасырдың куәсі. Сондай-ақ, домбыра тарту – әрбір адамның, әрбір баланың асыл арманы. Оның үнін тыңдау – әлемдегі ең нәзік те ғажайып сезімге бөлену деген сөз. Бұл жөнінде ұлы ақын Қадыр Мырзалиев ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең жолдарында сан ғасырдың тарихын сипаттайтын қазақ домбырасының қасиетін дәріптеп жырлаған. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Домбыра мәдениетіміздің жаңа кезеңінде өзінің айрықша келбетін, қайталанбас құндылығын ашқандай. Иә, табиғаттың сыбырын, тұлпардың дүбірін, тіпті, халықтың қилы тағдырын да айнытпай шанағынан төгілткен қасиетті аспаптың тарихы тереңде жатыр. Тіпті, текті өнердің жағасын қисайтпай, алтындай аялап, асылдай мәпелеп, өрісін ұзартып, өресін биіктетін домбыраға жастар жағы ынталы. Біздің өңірде 15 үйірме болса, онда 145 қатысушы сабақ алуда. Бұл үйірмелердің ерекешелігі домбыра аспабын сүйемелдеуге, қосылып ән айтуға үйрету арқылы ұлттық тәрбиенің негізін қалайды. Оның қасиетті үні тылсым әлемге жетелейді. Қазақ халқын басқа халықтардан ерекшелеп, рухын асқақтатып тұратын да осы – қасиетті қара домбыра. Біздің елде әу демейтін қазақ жоқ, сондықтан, әрбір қазақтың үйінде домбыра аспабы төрде ілулі тұрса, ол біздің ұлтжандығымыздың, отансүйгіштігіміздің дәлелі деп білемін. Себебі, көшпелі өмірдің шежіресін шерткен көне аспап қазақтың қасиетті құралы ғана емес, талай кезеңдердің тарихи куәгері. Сондықтан, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен ұлттық аспапты ел арасында кеңінен насихаттай беруіміз керек. Ықылым замандардан бері халық сүйсініп, күй шығарып, өзінің мұң-мұқтажын, қуанышын жеткізіп отырған. Үні де, дәстүрі де жинақталып келіп, домбыра арқылы берілген. Иә, қос ішекің шанағынан төгілген әрбір әуен, дархан даланың тарихын жырлайтындай, қазақ халқының кең пейілін бейнелейтіндей көрінеді. Тіпті, үн арқылы ұғысқан, күй арқылы табысқан көшпелі жұрттың домбыраға деген құрметі, махаббаты ерекше.
Жыл бойы қазақ елінде айтулы мерекелер көп. Тіпті, әр күніміздің өзі той-думан, мерекемен өтіп жатқаны жасырын емес. Әр айтуылы даталарда ауданда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы іс-шаралар барысында домбырамен ән шырқап, күй ойнауды көбінесе ескеріп, елей бермейміз. Мүлдем жоқ емес әрине, дегенмен таспаға басылған даңғара әуендерге басымдық беріп жіберетін кездер көп. Сондықтан тек домбыра күнінде емес, кез келген мерекені әуенмен қоса, домбырамен дүбірлетіп өткізген керемет емес пе? Әрі қос ішекті қазақтың домбырасының шоқтығын биіктететіп, жастардың домбыраға деген қызығушылығы артыра түсер едік. Бір жағынан сол жерде домбырамен орындалған әуенді әннен келген көрермендер де керемет әсер алып қайтары сөзсіз. Алдағы уақытта өтетін іс-шараларда осыны ескерсе екен ұсынысымыз бар.
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ