Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Домбыра күні – ұлттың үні

Домбыра күні – ұлттың үні

Тарихымызды қос ішегіне сыйдырған ұлы аспапты киелі санап, қастерлеп, төрге іліп қоятын қазақ халқы қосішекті домбырамен әуелетіп ән де, күмбірлетіп күй де шырқаған. ҚР Тұңғыш президенті Н.Назарбаев қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде және одан әрі топтастыру мақсатында шілде айының алғашқы жексенбісін «домбыра күні» деп белгілеуі де тегін емес. Оның өзі ұлтымызды ұлықтайтын ұлы аспапқа деген асқан құрметі мен сүйіспеншілігінің белгісі.
Домбыра – қазақ жанының барометрі. Қалың бұқараның басынан өткен қуанышты сәт те, қайғылы кезең де домбыра үнімен қабысып, шанағынан күй болып төгілді. Қазақтың көңіл-күйінің тылсым табиғатпен байланысын, көкірегіндегі мұңын дәл осы домбыра мен қобыздан анық естуге болады. Үн арқылы ұғысқан, күй арқылы табысқан көшпелі жұрттың домбыраға деген құрметі, махаббаты ерекше. Ұлттық жаңғыру, ұлттың рухани кодын сақтау сияқты қастерлі сөздердің бір ұшы мәдениетке, оның ішінде ұлттық музыкаға тікелей қатысты. Сондықтан ата-бабадан мирас болып келе жатқан өнерді байытып, кертолғау күйді жаңғырта түсу керек. Қазақтың күй өнері сыбызғы, қобыз, домбыра, шаңқобыз аспаптары арқылы дамыған. Осы аспапқа арналған күйлер біздің дәуірімізге жетіп, 2014 жылы қазақтың қастерлі киіз үйі мен дәстүрлі күй өнерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі де ұлтымыз үшін лайықты мәртебе болды. Бұл – біздің төл өнерге деген үлкен құрмет, ұлт мерейі әлемдік деңгейге көтерілгенінің бір парасы.

Домбыра туралы не білеміз? Оның тарихы қандай?
Алтайдан Анадолыға дейінгі түркі халықтарында домбыра аспабы кең таралған. Сондықтан қазақтың қара домбырасының тарихы тым әріден басталғандығын дәлелдейтін деректер жетерлік. Домбыраны қаншама ғалымдар зерттеп, тарих бетіне өзіндік үлес қосып, зерделеді. Әбу Насыр әл-Фарабидың еңбегінде тамбур аспабы жайлы айтылады. Өзбектің дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында кездеседі. XI ғасырда Махмұд Қашқари ежелгі түрік тілдес елдердегі бірнеше аспаптың түрін атап көрсеткен. Олар қобыз, бубен, тамбурин, барабан, қоңырау, сыбызғы, сигналдық барабан еді. Сонымен қатар Хорезм маңынан табылған балбал тастағы суретте бала қолына бір аспапты ұстап отыр. Оған әлемде ең ұқсасы қазақтың домбырасы. Осы балбал тастың тарихы б.з.д. 5 мыңыншы жылдан басталады. Қазақ дегеннің аты да, иісі де жоқ кез. Демек қазақтан бұрын домбыраның болғандығын көрсетеді. Домбыра адамның силабикалық сезіміне ерік бере алады. Ішкі ырғақ пен әсем суретті, яғни тұтастай көріністі көз алдыңа әкеледі. Ұлттық код, генетикалық жады деп домбыраның үні мен пернеден төгілген дыбыс иірімін айтуға болады. Домбыраның 20-дан астам түрі бар. Қазақта домбыраның екі түрі көп тараған. Біріншісі – қауақ домбыра, форма жағынан пәлендей түрленбейді. Өзгеретін тек шанақтың көлемі мен мойынның ұзындығы ғана. Қауақ домбыра батыс Қазақстан, Түркменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Ауғанстан жерінде кеңінен тараған. Ал екіншісі – қалақ домбыра, өзінің сыртқы түрімен қалаққа ұқсас болғаннан кейін осылай аталған тәрізді. Оның үш түрі бар – иықты, бүйірлі және сауырлы домбыра. Олар Жиделібайсын, Жетісу мен Сарыарқаға тараған. Адамның бойының ұзындығына, тарту мәнеріне қарай домбыраны арнайы шеберге жасатады. Күйшілердің домбырасы бірдей болуы мүмкін. Ал әншілер даусына қарай ішегінің жуандығына мән беріп, құлашының ұзындығына қарай таңдайды. Табиғат дыбысының бәрі дерлік адам болмысына сәйкес өлшеммен өлшенеді. Сондықтан домбыраның шертілуіне, күйдің мән-мағынасына, ырғағына қарап, қоңыр дыбысты, қоңыр үнді деп баға беріп отырған. Домбыра ұлттың жаны мен жүрегі болғандықтан, халықтық мерекеге ұласуы, ұлт мәдениетінің мәйегіне айналып келеді. Қазақтың қос ішекті қара домбырасының қасиетін қайта жаңғыртып, дамуы айшықтала түскендігін айғақтайды.

Жұлдызай НОҒАЙБАЙҚЫЗЫ
06 шілде 2019 ж. 4 981 0