Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 2022 жылғы ең танымал отандық фильмдер

2022 жылғы ең танымал отандық фильмдер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл материалда көрермен тарапынан көп күтілген, 2022 жылы жарыққа шыққан және енді шығатын отандық комедия жанрынан бөлек фильмдердің бестігін назарларыңызға ұсынамыз. 

«Қаш» фильмі. Бұл фильм әлемдік дәрежедегі қазақстандық клипмейкер Айсұлтан Сейітовтың дебюттік толық метрі. 
Фильмнің сюжеті қазақ көрермені үшін өзекті 1930 жылдардағы отарлау кезеңі туралы баяндайды. Бас кейіпкер қорымшы Исатай (Еркебұлан Дайыров) бүкіл ауылдың тағдыры байланысты болатын күрделі таңдаудың алдында тұрады.
Фильмде сондай-ақ Оңдасын Бесікбасов, Александр Паль және Варвара Шмыкова сияқты актерлар түседі. Фильмнің премьерасы 2022 жылдың күзінде өтеді. Ал тизерін интернет желісінен тамашалауға болады. 
«Патриоттар уақыты» фильмі. Бұл фильмнің премьерасы 16 маусымда болады. Режиссері – Серікбол Өтепбергенов. 
Фильм сюжеті ағайынды Сұлтан мен Бекзаттың айналасында құрылады. Олар отбасылық дәстүрді жалғастырып бірі барлау офицері, бірі ұшқыш болады. Олардың өзара тіл табысуы өте қиын. Ағайындыларды біріктіретін жалғыз нәрсе – әскери бұйрықты орындау кезінде қайтыс болған әкесін еске алу.  
Бірақ халықаралық террористік топ елдің қауіпсіздігіне қауіп төндірген кезде бауырлар адам өмірін сақтап қалу үшін бірігіп, отбасы, жақындар және Отан ең құнды нәрсе екенін түсінуге мәжбүр.
«Нартай» фильмі. Бұл – Владимир Куниннің «Русские на Мариенплац» романы негізінде түсірілген Гүлнара Сарсенованың фильмі. Премьерасы 5 мамырда болды.
Оның сюжеті мынадай: КСРО-дан Германияға қашып кеткен ресейлік эквилибрист Эдик Петров Батыс әскер тобымен бірге Ресейге аттанған Т-62 танкін ұрлап әкетеді. Ал танкпен бірге Эдик оның жүргізушісі - аға сержант, қазақ Нартай Сапарғалиевті де бірге алып кетеді.
Нартайдың маңызды стратегиялық міндеті бар және ол бірінші кезекте командаларда болған қиындықтар туралы хабарлайды. Команда қиын жағдайдан шығудың жолын іздеп жатқанда, Нартай бос отыра алмайды. Ол кез келген техниканың жұмысын жолға қою қабілетінің арқасында жергілікті фермерлер арасында танымал болады. Танктің көмегімен егістікте жер жыртады. Ол өзінің бақытсыз «ұрлаушысы» Эдикке оны қуып жүрген бандиттерден қашуға көмектессе, Мюнхенде үйі мен ақшасы жоқ еврей қызы Катя Гуревичке көмектеседі. Ал финалда неофашистік топтармен кездесіп, жеңімпаз болады.
Нартай эпикалық кейіпкер сияқты, ол үшін мүмкін емес ештеңе жоқ. Тек бір нәрсе оған тыныштық бермейді. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік. Нартай, Эдик және Катя арасында Мәңгілік дау бар, ол әр адамға қатысты. Сенің үйің қайда? Ата-баба жерінде ме? Сен бақытты болатын жерде ме? Әлде сені сүйікті адамың күткен жер ме? 
«1941 жылдың жазы» фильмі. Бұл – Бекболат Шекеров режиссерлік еткен әскери воевик. Премьерасы 28 сәуірде өткен.  
Фильмдегі оқиғалар Ұлы Отан соғысының басында, 1941 жылдың жазында өрбиді. Лейтенант Ади Шариповтың отряды жау қоршауында болды. Батпақтарға шегінуге мәжбүр болған сарбаздар көмек күтуге еш жер жоқ екенін түсінеді. Алда жау оқтарынан да тезірек өлтіретін қорқыныш пен белгісіздік.
«Бақыт» фильмі. Бұл – Асқар Ұзабаевтың тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтеретін драмасы. 
Онда отбасындағы зорлық-зомбылықты жасыруға мәжбүр болған кейіпкердің оқиғасы көрсетіледі. Бірнеше жылдар бойы ол екі бірдей рөлді атқарып жүрді. Бір жағынан ол «Бақыт» брендінің амбассадоры, ал екінші жағынан үйі түрмеге ұқсайтын абьюз бен үй тиранының құрбаны.
Фильм премьерасы 2022 жылдың ақпанында болды. 
12 маусым 2022 ж. 413 0