Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптік білімнің ұстаханасы

Кәсіптік білімнің ұстаханасы

Жастарға кәсіп сырын меңгертіп, болашаққа бағыт сілтейтін оқу орындарының қатарында Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің шоқтығы биік. 64 жылдық тарихы бар кәсіптік білім ошағынан мыңдаған түлек түлеп ұшып, дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қаланды. Әу баста ауыл шаруашылық мамандарын даярлайтын кәсіптік техникалық училище бүгінде құлашын кеңге жайып, 20 мамандық, 33 біліктілік бойынша өндіріс саласының мамандарын оқытады.
Тарихы тереңде жатқан колледждің тазалығы мен ішкі-сыртқы көгалдандыру жұмыстары жайлы жазбай кетпеске болмас. Иә, аталған білім ордасының аркасынан бастап жасыл желекке көмкерілген. «Сырт көз сыншы» дегендей, сырттан келген қонақ ең алдымен тазалыққа мән береді. Колледж табалдырығын аттай қалсаң, мұнтаздай таза екеніне бірден көзің жетеді. Яғни білім ордасы тазалықты ту етіп алған ба дерсің?!
Сонымен Шиелі индустриалды-агралық колледжінде 18-19 мамыр күндері колледждің оқу-әдістемелік жұмыс жоспарына сәйкес «Үздік жалпы пән оқытушысы – 2022» байқауы болып өтті. Колледж әдіскері Лиза Рахманберді мен бірлестік жетекшісі Гүлсара Ахметованың ұйымдастыруымен өткізілген байқау 3 кезеңді қамтыды. Олар: «Креативті оқытушы», «Сөзге ұста – ойға шебер ұстаз»эссе жазу кезеңі мен «Өнерлі ұстаз – өрелі ұстаз» атты өнер сайы­сы. Аталған сайысқа 15 жалпы пән оқытушысы қатысып, бақтарын сынады. Әділ-қазылардың қатарында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы ­Жадыра Отарбаева, «Өскен өңір» газетінің тілшілері Гүлхан Яхия мен Сұлушаш Мадиярова, колледж директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов, колледж директорының оқу-өндіріс жұмыстары жөніндегі орынбасары Дастан Полатов, колледж директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Арайлым Күлтаева болды. Нәтижесінде І орын химия және биология пән оқытушысы Үміткүл Аңламасоваға, ІІ орын география пәнінің оқытушысы Гүлшат Досымоваға, ІІІ орын физика және информатика пәнінің оқытушысы Гүлмира Дайрақұловаға бұйырды. Жеңімпаздар арнайы дипломмен және колледжішілік бастауыш кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Педагогтардың қоғамдағы мәртебесі мен беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін насихаттау мақсатында өткен байқау болды бұл. Бүгінде ұстаздар қауымын жер-жерден ұлықтап, еңбектеріне толағай табыс тілеп, өз деңгейінде құрмет те көрсетіліп жатыр. Себебі ұстаз – ұлы есім.

Сұлушаш Мадиярова
23 мамыр 2022 ж. 430 0