Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘДЕНИЕТ – ҚОҒАМ КЕЛБЕТІНІҢ АЙНАСЫ

МӘДЕНИЕТ – ҚОҒАМ КЕЛБЕТІНІҢ АЙНАСЫ

Бүгін – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бас­тауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр. Шынымен де мәдениет – қоғам келбетінің айнасы. Өнері өркендеп, мәдениеті гүлденген рухы мықты елдің қашан да келешегі жарқын. Мереке қарсаңында аудандық мәдени-шығармашылық орталығының басшысы ­Молдабай Дулатовпен сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Шиеліден небір өнер майталмандары, әнші, күйші, ақындардың шыққаны белгілі. Қазақ өнерін биікке көтерген ауданымыздан шыққан қаншама таланттар бар. Тізбектеп айтып, бір еске түсіріп көрейікші.
– Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен дархан даламыз қасиет пен тектіліктің мекені. Өнер өлкесінің өр биігіне айналған Шиелі топырағы да таланты теңіздей толқыған, өшпестің отын маздатқан өнер жұлдыздарын дүниеге әкелді.
Қасиетті Шиелі топырағынан шыққан талай азамат өнер мен мәдениеттің, әдебиеттің көкжиегін жұлдыздай жарқыратып, әсем саздың өрнегін төккені баршамызға мәлім. Осы елдің түлегі аты аңызға айналған Бұдабай Қабылұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, ­Нартай, Мәнсұр Бекежановтар, ұлттық әдебиетіміздің классигі Әбділда Тәжібаев, жазушы ­Оразбек Сәрсенбаев, ақын Дәулетбек ­Байдрахманов, Әбіләш Әбуов, Мейірман Нүрекеев, Бағыбек Құндақбаев, Махамбетқали Тұрсанов, Құрманбек Бекпейістер мәңгі ел есінде десек, Әлмырза Ноғайбаев, Кенжебай Жүсіп, Батырхан Маханов, Алмат Қалекеев, ­Рахметулла Жолтаев, Нұртілек Ақтаевтар – ел мақтаныштары.
Әшімхан, Әлімхан Оспановтар, Әмина Тасболатова, Жақаш Қоңыратбаев, Роза Байсақалова, Рабиға Байзақ – мәдениет пен өнер саласында өзіндік өрнек салған жандар десек, Бөрібай Қоңқабаев, Өскенбай Тәшенов, Алиакбарова Мария, Дәулетқұлова Тоқтабибі, Әбдіраманова Алтын, Аманқұлова Балтагүл, Қуатбай Нарқұловтар – өз ісінің нағыз шеберлері, мәдениет майталмандары дер едім.
Әр тау-тасы, бұтасы мен өзен-көлі ән салып, күй төгіп тұрғандай әсер беретін өлкеде қанымызға сіңген қасиетті өнер салтанат құра бермек. Мәдениетпен мәртебеленіп, өнерменен өрнек өрген өлкеден әлі де талай қарлығаштар қанат қағары сөзсіз!

– Өнер адамға қанмен берілетін қасиет пе, әлде талпынған жан талантты бола ала ма? Қалай ойлайсыз?
– Өнерсіз өмір жоқ екенімен ешкім таласа қоймас. Белгілі жырау Алмас Алматов айтқандай «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз». Өнер адамына берілетін бұдан әділ баға болмаса керек.
Ал сұраққа келетін болсақ, өнер – қазақтың қасиетінде. Өнер – әр қазақтың қанында бар. Қанымызда болғандықтан болар, сол өнерге байланып, сол өнерден бақыт іздейтініміз.
– Президенттің биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағанына да жырты жылға жуық уақыт болып қалды. Оған ауданның мәдениет саласы қандай үлесін қосты? Жалпы жыл басынан бері өнер ұжымында қандай жұмыстар жасалды?
Шиелі ауданында бүгінгі таңда ­аудан халқына 1 аудандық мәдени шығармашылық орталығы, 1 «Нартай өнер мектебі» КМҚК, 1 «Арман» кенттік мәдениет үйі, 11 ауылдық мәдениет үйлері мен 14 ауылдық клубы, барлығы 28 мәдени ошақтары, 7 халықтық ұжым, 2 мәдени-демалыс кешендері халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді.
Аудан мәдениетінің дамуы мен өркендеуі жолында еңбек етіп келе жатқан «Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы» КМҚК Балалар жылына орай «Жұлдыздар мен өнерлі ұл-қыздар» атты ауқымды мерекелік концерт ұйымдастырған болатын. 29 сәуір – Халықаралық Бишілер күніне және Балалар жылына орай «Би өнері – әлемнің рухани елшісі» атты аудандық би фестивалі өтті. Одан бөлек 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Әкем, анам және мен» атты жас өнерлі отбасылар арасында спорттық сайыс ұйымдастырып, өнер сүйер қауым мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Ал жалпы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты жоғарыда атаған мәдени ошақтардың ішінде ағымдағы жылдың 5 айында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған «Әйел – тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы» атты салтанатты кешін, Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың әнші бұлбұлы» атты облыстық әншілер конкурсын, Ыбырай Жақаев атындағы саябақта 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына арналған «Жаңа Қазақстан – жаңа күн» атты театрландырылған қойылым, мерекелік концертін, 27 ­наурыз – Халықаралық театр күніне орай Сұлтанәлі Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» атты драмасын, Халық жазушысы М.Әуезовтың 125 жылдығына орай «Дәуірдің дара тұлғасы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», жазушы, жерлесіміз Қуандық Түменбайдың «Саябақтағы классикалық әуен» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімін және А. Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет Үйі жанынан құралған «Жастар» театрының сахналауымен екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаевпен Жазылбек Қуанышбаевтың еңбектеріне арналған «Екі бала, екі шал» атты спактаклінің қойылымын, 7 мамыр – Отан қорғаушылар мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай «Отаным – бақыт ордасы» атты мерекелік салтанатты кешін, Шиелі кентіндегі «Тағзым» алаңында 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған мерекелік шарасын өз деңгейінде ұйымдастырып, рухани кешке қаныққан тұрғындар ризашылығын білдіріп келеді. Мұның бәрі өнер деп өркен жайған, бақыт байрағын өнер деп көтерген Шиелідегі өнер ордасының осы жылдың 5 айында ғана атқарған жұмыстары.
– Түсінікті. Жыл соңына дейін мұндай рухани шаралар толастамасы анық. Мүмкін болса алдағы жоспарларды да бір шолып өте аласыз ба?
– Иә, алдағы жоспарларға сәйкес қаншама іс-шаралар өткізу үшін қаржы көздері қарастырылып, жұмыс жасалуда. Атап айтсар болсақ, Үлгілі «Халықтық» атағы бар ұжымдардың есепті концерті, «Әнге айналған Шиелі» атты Шиелі жайлы әндерден ән кеші, ауылдық округтер арасында «Ел іші-өнер кеніші» атты өнер фестивалі, Ұлттық домбыра күніне «Домбыра көненің көзі, бабаның үні» атты кеш, 30 тамыз – Қазақстан Респуб­ликасы Конституциясы күніне «Айбыным сенсің – Ата Заң» атты салтанатты кеш, 5 қыркүйек – Қазақстан халықтары Тілдері күні мерекесіне «Тіл – бабаның үні, ұлттың жүрегі» атты дөңгелек үстел, «Алтын күз-2022» мерекесі аясында ақын Бұдабай Қабылұлының 180 жылдығына арналған «Өзге сөзден өлеңге ұста – Бұдабай» атты республикалық ақындар айтысы, ғалым Ш.Есеновтің 95 жылдығына орай «Ұлттың ұлы Шахмарданы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция, қоғам қайраткері Қ.Қоңыратбаевтың 125 жылдығы мен Ә.Қоңыратбаевтың 115 жылдығына «Соқпақты жолдар, сортаңды белдер» атты танымдық кеш, ұстаз М.Қалдыбаевтың 115 жылдығына «Білімнің жағып шырағын...» атты оқушылар арасында аудандық жас ақындар мүшәйрасы, Ақын Т.Шопашевтың 100 жылдығына «Тағдырлар толы тарихтың, Сан жылдар сырын шертеді» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы, М.Рүстемовтің 90 жылдығына «Әнім сенсің, Туған жер» атты жыршы-термешілер концерті, ақын М.Тұрсановтың 85 жылдығына «Ақындықтың тұғырынан түспеген Тұрсанов» атты облыстық жас ақындар айтысы, ғалым, профессор А.Қыраубаеваның 75 жылдығына «Ұмытылмайтын Алма» атты еске алу кеші, жазушы М.Күлімбетовтің 75 жылдығына «Баспасөздің сыршыл сардары» атты еске алу кеші, әнші Ә.Ноғайбаевтың 75 жасқа толу мерейтойына «Әні әдемі Әлмырза» атты және мәдениет майталманы Бөрібай Қоңқабаевтың 75 жасқа толу мерейтойына «Болмысы бөлек Бөрібай» атты кездесу кешітерін өткізу жоспарда бар. Әрине, барлығы уақыттың еншісінде.
– Шиелі дегенде сырттағы жұрттың көзіне кетпенін ұстаған Ыбырай мен сырнайын тартқан Нартай елестейтіні сөзсіз. Қос тұлғаның есімін ұлықтап, келер ұрпақ жадында жаңғырту үшін жыл сайын түрлі жобалар ұйымдастырылып, шаралар өтетінін білеміз. Биыл ақын Нартайға арналған жоспар қандай?
– Киелі Шиелі ауданын ауызға алғанда еске түсері Нартай мен Ыбырай десек, биыл Нартай Бекежановтың есімін келешек ұрпақтың жадында жаңғырту үшін республикалық дәрежеде іс-шара ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар ауданымыздағы «Нартай өнер Үйі» КМҚК күрделі жөндеуден өткізуге қаржы сұралуда. Егер қаржы көзі шешіліп жатса ғимарат толық жаңарып, жабдықталатын болады. Одан бөлек айта кетейін, қазіргі таңда Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығы КМҚК күрделі жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба сметалық құжаты дайындалу үстінде.
– Шиелілік өнерсүйер қауымға не айтар едіңіз?
– Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романында мынадай ой бар: «Өмір мәңгілік емес. Мәңгілік – өнер ғана! Өнерім өлмеу керек. Мұңым сол» деген. Шынымен де өнер – қасиетімізде, өнер – қанымызда. Қанымызда болғандықтан болар, сол өнерге байланып, сол өнерден бақыт іздейтініміз. Біз де сол өнердің өлмеуін тілейміз.
Өнер Тәңірдің адамзатқа жіберген сұлу сыйы, руханият әлемінің әміршісі, сондықтан да ұлы мәртебелі Өнерді бағалай білейік!
– Сұқбатыңызға рахмет! Тағы да мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттауда сіздердің еңбектеріңіз ерекше, мәдениетіміздің қазынасына қосылған шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт, мол қуаныш, отбасыларыңызға амандық тілейміз!

Сұқбаттасқан Г.ЯХИЯ
23 мамыр 2022 ж. 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930