«Өмір үшін күрес» атты мақалаға тиісті мекеме өз жауабын жолдады
Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің №27 санында жарық көрген «Өмір үшін күрес» атты мақалада көтерілген мәселелерге тиісті мекеме өз жауабын жолдады.
Г.Сәбитқызы
Соңғы 3 айда диализге тәуелді 7 аудан тұрғыны көз жұмды, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұған «жасанды бүйрек» аппаратына құйылатын сұйықтықтың сапасыздығы бірден-бір себеп. Оған қоса дәрігерлер науқастың денсаулығына немқұрайлы қарайды. Диализге жүгінетіндердің басым бөлігінде гемоглабин төмен, ал оны қалыпты ұстап тұру үшін қажетті дәрі-дәрмекпен қатамасыз етілмейді. Бұл диализге тәуелді аудан тұрғындарының редакцияға түсірген шағымы.
Көрсетілген дерек-дәйектің ақ-қарасын ажырату үшін «B.B.NURA» ЖШС басшысы О.Новиковамен байланысқан болатынбыз. Ол «2022 жылдың 3 айындағы дерекке сүйенер болсақ, диализ қабылдайтын 1 ғана науқас көз жұмды. 7 науқас деген жалған ақпарат. Ал жасанды бүйрек апаратына құйылатын Ren a K2 CA 1.5 mg0.5 na140 G1(С2Н402) 3-10 л концентрацияланған қышқылды ерітінді мемлекеттік тіркеуге ие. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығында» және тиімділік және қауіпсіздік сараптама орталығының, қауіпсіздік туралы қорытындының тексерілуінен өтеді. Біз клиникалық хаттамада көрсетілген, тексеруден өткен препараттарды ғана қолданамыз» деп жауап қатты.
Ал диализ қабылдаушы Мақсат Ахедов «Диализге кірерде қан қысымым қалыпты болып тұрады да шыққан соң күрт жоғарылап кетеді. Ол кезде өзім үйден дәрі ішіп, болмай бара жатса жедел жәрдем шақырып, әйтеуір өлместің күнін кешемін. Бұрын-соңды қан қысымым мүлде мазалаған емес. Еш жерім ауырмайтын да. Барлығы осы сапасыз диализден соң басталды. Тек мен ғана емес, барлығында осылай. Бірер күн бұрын ғана Арман Жиенбаев деген азамат диализден шыққан соң жансақтау бөліміне түсті. Ол да аппаратқа жүгінерде қан қысымы 130 болған, шыққан соң 140-ты көрсетсе, шамалы уақыттан кейін бірден 280-ге жоғарылап кеткен, – дейді. Айтуынша, Арман Жиенбаев Шиеліден диализ орталығын ашуға атсалысқан бірден-бір азамат. Арманның өзі де денсаулығына жауапкершілікпен қарап, диета мен ережелерді қатаң сақтанып жүретін. Оның жансақтау бөліміне түскеніне диализдің сапасыздығы ғана себеп. Бірақ дәрігерлер өздеріне шаң жуытпай, Арманның өзін кінәлап жатыр деп күйінеді бірге ем қабылдаушылар.
Бұл айтылған сынды «B.B.NURA» ЖШС басшысы жоққа шығарды. Оның айтуынша «Науқас М.Ахедов, 30 наурызда диализ қабылдағанға дейін қан қысымы 120/80 болса, өшіргеннен кейін 140/90 деп тіркелді. Бізде науқасты бақылау нысаны бар. Науқас кофеин препаратына тәуелді болды. Ол қан қысымын жоғарылату қасиетіне ие. Бұл препарат емдеу хаттамасына сәйкес қолданылмайды. Ал науқас болса бұл препаратты өз бетінше қолданады және дәрігерлердің оған қарсы көрсетілімдері туралы бірнеше рет хабарлауын елемеген. Одан бөлек емделуші А.Жиенбаев осы орталықта ұзақ уақыт бойы бүйрек алмастыру терапиясын алып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, барлық ұсыныстарды орындаған еді. Бірақ бұған қарамастан, ұзақ мерзімді бүйрек жеткіліксіздігінің салдары, соның ішінде жүрек-тамыр жүйесі ауруымен ауырды. Емделуші қайтыс болған күні барлық ем-дом емдеу бағдарламасына сәйкес өтті. Науқас диализден соң 5 сағаттан кейін, үйден жедел жәрдем шақырып, кешке орталық аудандық ауруханаға жатқызылды. Біз тек бүйрек жетіспеушілігі салдарынан туындаған мәселелерге ғана жауаптымыз. Басқа диагноз бойынша емдік шара қолдана алмаймыз» дейді.
Қырық жастағы Азат Төлеевтің де диализге тәуелді болып жүргеніне биыл 7 жыл толды. Әр аптаның сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері орталықтың көмегіне жүгінетін ол:
– Диализге кірерде қан қысымым 140 болады да, шыққан соң 170-180-ге көтеріледі. Бұрын Жаңақорғанға барып қабылдап жүргенімде бұлай болмайтын. Аптасына 3 мәрте ол жаққа бара беруге қалта көтермейді. Амал жоқ, ауырсақ та осы жерге барамыз. Бізді қойшы, қазір диализге жас жігіттер келіп жатыр, соларға обал. Осыны бір тексеріп, қоспалардың сапасын қадағалайтын біреу бар ма өзі? Қаншама жылдан бері айтып шаршадық. Бірде-бір адамның бізге мойнын бұрып, уәжімізді тыңдағанын көрген жоқпыз. Негізінде бізді Қызылордадан нефролог мамандар келіп тексеріп тұруы керек. Себебі, орталық сол жақта. Бірақ ол да жоқ. Тек 1-2 рет аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасынан ғана келді. Басқа ешкім біздің жағдайымызды сұрап, дәрі-дәрмек тапшылығын қадағалаған емес, – дейді.
Енді тағы да маман жауабына жүгініп көрейік.
– Науқас Азат Төлеев орталыққа 140/90-150/100-160/90 көрсеткіштегі қан қысымымен келеді. Алайда препаратты қабылдаған соң қан қысымын тексергенде 140/90 көрсетеді. Сондай-ақ бұл емделуші де III сатыдағы артериялық Гипертензия сынды 20 жыл бойы қатарлас аурулармен ауырады. Тиісінше, науқас кардиолог, терапевт тағайындаған дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдауы керек. Гемодиализ орталығы кардиологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттарды тағайындаумен айналыспайды, бұл емдеу МСАК деңгейінде жүргізілуі тиіс. Амбулаториялық гемодиализ орталығы бұған уәкілетті мемлекеттік органдардың кестесіне сәйкес барлық регламенттелген тексерулерден тұрақты өтеді, барлық қорытындылар бар. Ал нефрологтың Қызылорда қаласынан шығуы тұрақты түрде жүргізіледі. Тиісті іссапар құжаттары бар. Емдеу нефрологиялық бұйрыққа сәйкес жүргізіледі, онда тегін медициналық көмек, амбулаториялық гемодиализ, анализдерді түзету, қосымша емдеу көрсетіледі. Бірақ 1 топтағы мүгедектерді емдеумен тұрғылықты жері бойынша емханада учаскелік терапевтер, нефрологтар және кардиологтар айналысуы тиіс екенін атап өткіміз келеді.
Шиелідегі медициналық орталықта 30 адам ем қабылдайды. Әрқайсысы айына 14-13 мәрте 4 сағаттан аппаратқа жүгінуге мұқтаж. Бұл үшін мемлекет арнайы қаржы бөледі. Науқастарға қажетті дәрі-дәрмек те мемлекет есебінен тегін берілуі тиіс. Алайда диализге жүгінетіндердің оған көңілі толмай отыр. Бұл жөнінде орталықтың басшысы толығынан тарқатып айтып берді.
– Емделушілерге әр апта сайын дәрілік препараттар олардың талдаулары мен тағайындауларына сәйкес тағайындалады. Тағайындау пациенттің өтініші бойынша емес, зертханалық көрсеткіштер мен реттеуші құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады. Өкінішке қарай кейбір ем қабылдаушылар өз денсаулығына бей-жай қарайды. Мәселен дәрігерлер тағайындаған диетаны ұстанбай, зиянды әдеттерден, ауыр физикалық жүктемелерден тыйылмай жатады. Бірақ ол науқастың жағдайына кері әсер ететінін түсінуі керек. Айта кетейік диализге келген күні аскорбин қышқылы, тиамин гидрохлориді, пиридоксин гидрохлориді мөлшерімен әр науқасқа егіледі. Ал өзге дәрілік препараттарды науқастың қалауына қарай емес, анализ қорытындысына, зертханалық сараптамалар нәтижесі бойынша дәрігерлер тағайындайды, – дейді «В.В.NURA» ЖШС басшысы О.Новикова.
Г.Сәбитқызы