Ел қорғаған батырлар
«Ерді ел үшін, жігітті жұрт үшін мақта» деп қазақтың хас батырларының өткен ғасырдағы жалғасы Бауыржан Момышұлы айтқандай, көзі тірісінде ел мен жұрттың ортақ ұранына айналып, әулиеге теңелген батырлар мен абыз ақылмандар ұлтымызда аз емес. Олар қазақ мемлекеттігінің құрылуына, іргесі бекіп қалыптасуына, халықтың еншісі тұтас қалпында бүгінге жетуіне орасан зор үлес қосқан. Ел мен жердің, ұлт пен ұлыстың тағдыры шешілер тұста, жұдырықтай жұмылып, білектей бірігіп, жыраулар сөзіне жүгінсек, «қарағай басын шортан шалған», «буыршын мұздан тайған» тұста адал сүт емген ұлдар ұран шақырып, жұрт намысын қамшылап, «толарсақтан саз кешіп» сынға түскен. Сын сағатта елге қорған болған батырлар жігері жасып, қанды қырғыннан қаймығып, есеңгіреп қалған елдің еңсесін көтерген. Қалғып бара жатқан рухтың қайта оянуына себепкер болған. Оны арғы-бергі тарихқа көз салған адам айқын аңғарады.Солардың бірі – ел есінде батырлығымен сақталған Бағаналыдан шыққан Тауасар Тілекеұлы. Тауасар батыр туралы бізге жеткен деректер аз болғанымен, ол кісінің батыр болғаны даусыз. Себебі қазақ ұлттық энциклопедиясында оның атақты найман батыры Барлыбайдың әкесі екендігі және оның қалмақтармен шайқаста аты шыққандығы айтылады. Тағы бір деректерде Қабанбай батыр бастаған қалмақтарға қарсы тойтарыста Тауасар, Шоңай, Барақ, Қара, Дәулетбай бесеуі мыңбасы болғаны жазылған. Дегенмен тарихта бірнеше Тауасар атты батыр болғандықтан мына сөздерімізге күмән келтіруіңіз мүмкін. Алайда Қабанбай найманнан шыққан батыр болғандықтан, айналасындағы сенімді серіктері найманнан шығуы әбден мүмкін. Сонан соң Тауасар батыр болмаса оған мың сарбаз сеніп тапсырылып, оны мыңбасы етпес еді. Мыңбасы болмақ түгілі жүзбасы болу үшін де асқан қайсарлықпен көзге түскен ержүрек әрі жаудан беті қайтпайтын қайсар болуы қажет. Мұнысымен қоса жұртты басқара алатындай, қалың қолға бас бола алатындай қабілеттерімен даралануы тиіс.
Тауасар батыр туралы шиелілік журналист Әзиз Батырбеков бұған дейін де сан мәрте зерттеп, зерделеген болатын. Ол «Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Ақмая деген ауыл бар. Сол ауылда Әбілқас Дәрібайұлы деген ақсақал өмір сүрді. Өзі шежіреші, ескі де есті әңгімелерді көп білетін жан болатын. Сол кісімен бірнеше рет сұхбаттасқаным бар еді. Әбілқас ақсақал айтқан әңгіменің бірі – Тауасар батыр жайлы болатын. «Жоңғарлармен болған бір шайқаста Қабанбай батырдың атына жебе тиіп, тұлпарсыз қалған екен. Оны көрген жау жағы Қабанбай жаққа шұбыра жөнеліпті. Сонда Тауасар батыр «Қабанбай, менің атымды ал да, шайқасты жалғастыра бер» депті. Қабанбай болса: «Жасыңыз үлкен ағасыз. Найманның сіздей батырын атсыз қалдырған маған жарамас» деп жауап қайырады. «Аға тұтсаң, артыма мінгес. Менің атым екеуімізге де жетеді» деп хан батыры атанған Қабанбайды жау қоршауынан алып шыққан екен. Бұл – Әбілқас ақсақалдың айтқаны» деп дерек келтіреді «Сайын дала сардары» атты мақаласында. Бұл тау тұлғалы Тауасардың алып күш иесі ғана емес, сөзі өтімді, ержүрек батыр болғанының дәлелі.
Тарихты тағы бір парақтасақ, найманның атақты шежірешілерінің бірі саналатын Тайғара Ермағанбетұлының жазбаларында «Тауасар батыр Сығанақтың бегі болған. Жаумен шайқасып, Сығанақтың түбіндегі соғыста шейіт болған» деген дәйек бар. Осылайша тарихтың әр бетінен қылт еткен деректерді түйістірген шежірешілердің мәліметі Тауасар батырдың Сығанаққа бек болғанын айқындай түседі.
Батырдан батыр туады, әке жолын қуады
Енді Тауасар батырдың ұлы Барлыбай батыр жайлы әңгіме өрбітейік. Барлыбай Тауасарұлы (шамамен 1690-1770) – атақты батыр, ел басқарған көсем. Ел жадында «Бағаналы Барлыбай», «Барлыбай сардар» есімдерімен сақталған. Барлыбай Тауасарұлы Орталық Қазақстанда Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған. Барлыбай батыр Тауасарұлы Түркістан түбіндегі Қарнақ медресесін, Үргеніш медресесін бітіріп, араб, парсы, көне түрік тілдерін меңгерген. ХVIII ғасырдың басында Ұранқой қалмақтарының қарақшылары Сыр бойына дейін жетіп, бейбіт жатқан Кіші жүз және Найман, Қоңырат руларын шауып, жылқыларын айдап алып кетеді. Қоңырат, Найман, Кіші жүзден Әлімұлы руларының жігіттері бірлесе атқа қонып, Шу бойында оларды қуып жетеді. Қалмақтар арасынан Жоржы деген алпамсадай батыр ойқастай шығып, жекпе-жекке шақырады. Сол мезетте Сыр бойындағы Кіші жүз руларының биі, төртқара руынан шыққан Көбек би: «мына қалмақты кім өлтірсе, соған билік орнымды беремін» деп жігерлендіреді. Бағаналының Сарыаталық нәсілінен шыққан он жеті жастағы бозбала Барлыбай алға ұмтыла шығып, Көбек пен басқа ақсақалдардан бата сұрайды. Көбек би бастаған үлкендер Барлыбайға баталарын беріп, ақ жол тілеп, жекпе-жекке шығуға рұқсат етеді. Жекпе-жек үстінде Жоржыны найзамен шаншып өлтірген Барлыбай жауының басын кесіп, қара арғымағын жетегіне алған күйі «Қаптағайлап» ұрандата, жауға қарсы шабады. Сенген батырларының басын қолына ұстап, өздеріне қарай ұмтылған қазақ батырынан сескенген қалмақтар қаша жөнеледі. Қазақ жасағы соңдарынан түре қуып, талайын жер жастандырады. Қуалай жүріп, бірде-біреуін қалдырмастан тұтқындап, мінген ат, асынған қару-жарақтарын олжалап, өз малдарын қайтарып, елге оралады. «Елге келген соң Көбек би той жасап, Барлыбайдың қарсылығына қарамастан, той үстінде жас батырға ақ батасын беріп, қалың елдің алдында өз орнына би етіп сайлаған екен» дейді аңыз сөзі.
Барлыбай батыр туралы ел арасында тараған әңгімелер жеткілікті. Солардың ішінен оның өмір жолынан тұжырымды мағұлмат беретін Абылайхан заманынан көл-көсір деректер қалдырған ақын Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихат» дастанында: «Шапырашты Наурызбай Дүр бірісі
Найманнан Барлыбай бар екіншісі.
Елшіге кіші жүзден қосылды кеп,
Тамадан Есет батыр деген кісі..» деп, Барлыбай батыр есімін Абылайдың Қытайға үш жүзден жасақтап жіберген елшілердің қатарында атайды. Бұл оқиға 1749 жылға дейін болған. Шәді төре дастанындағы мәлімет Барлыбай батырдың ел ішіндегі биік беделі мен айрықша ақыл-парасаттан хабардар етеді.
Ал Барлыбай батырдың тарих сахнасына суырылып шығуы халқымыздың ХVІІІ ғасырдың басындағы жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күресінде үш жүзге танылған қолбасшы батыр дәрежесіне көтерілуінен басталады. Бұл кезде оны қара қазақтан шықса да, хандарға бергісіз аса көрнекті тұлға Шақшақ Жәнібек тархан маңайынан көреміз. Халық ақыны Иманжан Жылқайдаровтың «Шақшақұлы Ер Жәнібек» атты ел ауызындағы деректерден құрылған дастанында Барлыбайдың басқыншыға қарсы аттанған айтулы батырлардың сапында болғандығы айтылады. Бұл дастанға 1726-1731 жылдардағы жоңғарға тегеуірінді тойтарыс берген, жаудың бетін түбегейлі қайтарған шайқастардың оқиғалары арқау болған. Бұл Барлыбайдың жігіт ағасы жасына жетіп, қолбасшылық дәрежеге жеткен шағы. Сонда оның осы тұста 35-40 жастағы кезі деп болжауға болады. Осындай жорамал жетегімен біз Барлыбай Тауасарұлы 1690 жылдар шамасында дүниеге келген деп қисынды тұжырым жасасақ, қателесе қоймайтын секілдіміз.
Елші Барлыбайды, қолбасшы Барлыбайды халық жадында сақталған әңгімелерде хан болған дейді. Оның өмір сүрген дәуірінде қалыптасқан саяси, әлеуметтік жағдаяттар тұрғысынан қарағанда мұның қисыны жеткілікті. Біріншіден, біз хан деген атақты билеушінің дәрежесін аспандатудың, жалған мадақтың, жағымпаздықтың белгісі емес, қарадан шықса да халқына қорған, қамқор болған адамға қарата айтылатын, түп тамыры сонау Шыңғысхан заманынан да әріге кететін ежелгі дәстүріміздің сабақтастық сарыны екендігін естен шығармауымыз керек. Екіншіден, біздің қолымызда Барлыбайдың билік басына келуінен тікелей болмаса да жанама дерек беретін бірқатар құжаттар бар. 1749 жылы 8 шілдеде Орынборға, генерал-губернатор И.Неплюевпен кездесіп, келіссөздер жүргізуге Нұралы хан, Бөгенбай батыр, Жәнібек тархандар бастаған көптеген рубасылары мен беделді өкілдері келген. Бұл делегацияның құрамында Кіші жүзден мыңнан астам, Орта жүзден екі жүздей адам болған. Келіссөздер барысында И.Неплюев Жәнібекпен өте жиі және ұзақ сөйлесіп, одан Орта жүзге кіретін, бұрын ақ патшаға адалдық ант берген рулар ішіндегі жағдайдан хабар алып, Әбілқайыр өлгенге дейін Барақ сұлтан басқарған Бағаналы наймандарға байланысты сұрақтар қойған. Жәнібек генерал-губернаторға Барақтың қашып кетуіне байланысты наймандар басқа басқарушы (правитель) сайлатындығын хабарлаған. Сонымен қатар Әбілқайырдың қазасы төңірегіндегі оқиғалар бүкіл қазақ қауымын алаңдатқанымен, бағаналылардың ұлы мәртебелі император ағзамға адалдықта, тыныш өмір сүріп жатқандығын айтқан. Бұл деректер белгілі тарихшы В.Я.Басиннің архив құжаттары негізінде жазылған «Россия и казахское ханства в ХVІ-ХVІІІ в.в» атты кітабынан алынып отыр. Барақтан кейін Бағаналы тайпасын төре текті сұлтан емес, өз ішінен суырылып шыққан Барлыбай батыр басқарған. Барлыбай батырдың жас мөлшері де, сол кездегі қазақ қауымы ішіндегі беделі де, жолы да осындай тұжырым жасауымызға толық негіз бола алады. Оны бұл мәртебеге жеткізуге бүкіл Орта жүз бен Кіші жүзге салмақ сала алатындай дәреже-деңгейі бар, ханға да, қараға да сөзі өтіп, ел бірлігі жолында салиқалы саясат ұстанып отырған ауылдас-бауырлас, қоныстас-өрістес Жәнібек тарханның толыққанды ықпалы болғаны айтпасақ та түсінікті. Қалыптасқан ежелгі салт-дәстүр бойынша халық Барлыбайды ақ киізге көтеріп, хан деп атаған. Барақ сұлтанды да халықтың кезінде хан атағаны тарихтан белгілі. Осыған дәлел болар сол заманда Барақ басқарған Бағаналы жұртының жағдайынан мәлімет беретін бірқатар құнды деректерді «қазақ даласының Геродоты» атанған аса көрнекті орыс ғалымы А.И.Левшиннің 1832 жылы Петербургте жарық көрген «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей» атты кітабынан табамыз. Бұдан Барақты елдің хан деп құрметтегенін көреміз. Осы мәлімет ел аузындағы әңгімелерді жандандырып, Барақ сұлтанның орнын басқан Барлыбайдың да хан атанғандығын толық айқындайды. Біз бұл ретте дүние жүзі ғалымдары тарапынан құндылығы бірауыздан мойындалған еңбекке сілтеме жасап отырмыз. Болмаса, басқа да тарихшылар жазған тілге тиек етерлік жанама деректер мол. Бағаналы Барлыбай ханның жасы сексеннен асып қайтыс болғандығын Жанкісі ақынның оның әйелі Таңшолпанға көңіл айтуынан білеміз.
Барлыбай Тауасарұлының өнегелі өмірі, іргелі істері мен ерен ерліктері ХІХ ғасырдағы ауыз әдебиетінде біршама бейнеленген. Оның әкесі Тауасар Тілекеұлының батырлық, ерлік әрекеттері тарих беттерінде сақтаулы. Тек келешек ұрпақ батырларының ерліктері мен жанкешті ұрыстарын ұмытпай, санасында жаңғыртып отыруы тиіс. Даңқты батырлардың елдік һәм ерлік жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету біздің де бір мақсатымыз болып қала бермек.
Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ