Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол апаты жиілеп кетті. Неге?

Жол апаты жиілеп кетті. Неге?

Жоғары жылдамдықпен жүруді әдетке айналдырған жауапсыз жүргізушілер мен жолда жүру ережесін ескере бермейтін жаяу жүргіншілердің кесірінен елімізде күн сайын жол-көлік апаты болып жатады. Екі күннің бірінде күре жол үстіндегі қайғылы оқиғадан талай жанның тағдыры үзіліп, талайы ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойына мүгедек болып қалуда.
Өткен жексенбіде кентте орын алған жол апаты 3 жасар баланың өмірін жалмады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жолдың арғы бетінде тұрған анасына қарай өтпек болып, жүгіріп шыққан бүлдіршінді «Жигули» автокөлігі 5-6 метр қашықтыққа ұшырып түсірген. Оқиға Әл-Фараби көшесінің бойындағы жаңа өткелдің тұсында болған. Өкінішке қарай балақай апат орнында көз жұмыпты. Ең қорқыныштысы бұл дәл осы жерде орын алған алғашқы апат емес. Сол маңайда тұратын Индира ­Ахметова да былтыр тура осы жерден қызын көлік қағып кеткенін айтады:
– Өткен жылы 5 сынып оқитын қызым дәл осы жерден жолдың арғы бетіне жалғыз өзі өтіп бара жатқанда көлік қақты. Жүргізуші жылдам ізін суытып үлгеріпті. Абырой болғанда қызым аман, бірақ аяғынан біраз жарақат алды. Кейіннен бейнебақылау арқылы кінәліні таптық. Дәл осы жер жаяу жүргіншілер үшін өте қауіпті. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолын сала ма, әлде көлік жүргізушілерге арнап белгі қоя ма, әйтеуір апаттың алдын алса, – дейді.
«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын айтқан екен. Атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айналғандай. Соңғы кездері «пәлен жерде мынадай апат болыпты», «мұнша адам көз жұмыпты» деген сөздерге әбден етіміз үйренген. Тіпті, адамдар дүниеден озып жатса да селк етпейтін болдық. Оның үстіне қазір әлеуметтік желіде, сайттарда жан түршігерлік жол-көлік апаттары туралы хабарды жиі оқимыз.
Көліктен ұшып кеткен немесе ішінде жан тапсырған адамдардың қанға бөккен суреті, ұялы телефонға түсірілген видеолары бірге салынады. Бұрын мұндай деректер тек полицияның қолында болатын. Арнайы топ келіп, оқиға болған жерді қоршап, өздері сараптама жасайтын. Ал қазір кім көрінген телефонына түсіріп, желіде ­жариялап жібере салады.
Автомобильдің әлемдегі ең қауіпті көлік екендігі бұған дейін де айтылып жүр. Өйткені жыл сайын әлемдегі бірнеше миллион адам көлік апатынан көз жұмады. Өкініштісі, бұл көрсеткіш әзірге азаймай тұр. Кейде тіпті бірнеше жылдық тәжірибесі бар көлік жүргізушісінің өзі мүлт кетіп, ақыры қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Ондайды көргенде, әдетте, жазмыш дейміз… Бірақ Құдіреті шексіз Алланың «Сақтансаң, сақтаймын!» дегенін де ұмытпаған жөн болар. Алда жаз мезгілі келе жатыр. Яғни балалар қауіпсіздігін күшейту басты назарда тұр.
Балалар демекші, кент орталығында орналасқан «Самғау» оқу орталығында 100-ге жуық бала білім алып жатыр. Оқушылар таңғы 8:30-дан кешкі 17:00-ге дейінгі уақытын осы мектепте өткізеді. Мәселе тағы да сол – қауіпсіздікте. Мектеп екі орталық көшенің қиылысында орналасқан. Білім ордасына келіп-кететін оқушылардың көбі жолдың үстімен өтеді. Балалардың үзілісте сыртқа шығып ойнайтыны тағы бар. Бірін-бірі қуысып ойнаған оқушылар жолдың үстіне шығып кетіп жатады. Ғимарат кенттің орталғында орналасқандықтан, жолда жүйткіген көлік те көп. Осыны ескеріп балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында мектеп алдына қандай да бір белгі қойып, не жаяу жүргіншілер жолын салуға болмас па еді? Қиылысқан екі көшенің бірінде, яғни, Абылай хан көшесінде жаяу жүргіншілер жолы болғанымен, қазір ақ жолақтың ізі де қалмаған, белгі атымен жоқ. Ары-бері өтетін жүргіншілер көліктің тоқтағанын тосып тұруға мәжбүр. Беті аулақ, бірақ қандай да бір оқыс оқиға орын ала қалса кімді кінәлаймыз? Бұл жолмен мектеп оқушыларының жиі жүретінін ойлау тіпті қорқынышты.
Көктем мезгілі бел ортасынан асып келеді. Тазалық, көгалдандыру науқанының басталғаны қашан. Біздіңше балалардың қауіпсіздігі үшін жасалатын жұмыс кезек күтпеуі керек. Бұл туралы аудандық жол полициясы қызметкерлерінен сұрадық. Аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік тәжірибе тобының аға инспекторы, полиция капитаны Бексұлтан Амангелдіұлы:
– Абылай хан көшесінде бұрыннан жаяу жүргіншілер жолы бар. Ал мектепке қарама-қарсы көшеде жоқ. Бұл мәселені көктемгі зерделеу жұмыстары кезінде қарайтын боламыз. Өзара кеңесе отырып, заңға қайшы болмаса тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне нұсқама береміз. Ары қарай аталған бөлім жұмыс жасайтын болады, – дейді.
Бұдан кейін де жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің құқықтық мәдениетін көтеру мәселесі күн тәртібінен еш түспейтіні анық. Жолда жүру мәдениеті әркімнің өзіне байланысты. Бірақ қоғам, мемлекет тарапынан ішкі мәдениетті қалыптастыру шаралары үздіксіз жүруі тиіс. Құқықтық насихат күшейтіле берсе дейміз. Қазақ мұндай жағдайды «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген. Десе де бұл сөзді кейбіреулердің ұғынбайтыны қынжылтады.
Жол – адамзаттың қарым-қатынасын жалғайтын игілігі. Сондай-ақ жетістікке, дамуға бастайтын бірден-бір құндылық. Ендеше әрбіріміз жол қозғалысы ережесін есте сақтап, қоғамның дамуы үшін, өз өміріміздің қымбат екенін ұғынуымыз қажет.

ТҮЙІН. Адамның айдың-күннің ­аманында жарық дүниеден мезгілсіз өтіп кеткенінен артық қасірет жоқ. Төтелеп келген ажал ата-анасы болашағынан үміт күткен жасты, әсіресе буыны қатып үлгермеген баланы жұлып алып әкетсе, тіпті жаның жұтап, сең соққандай есеңгіреп қаласың.
Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі, әрі бірден-бір кепілі. Жолды жөндеуге болады, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбей жағдайдың оңға басуы қиын. Мәселе –
заңның қатайтылуында емес, қоғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де төмендігінде екені көзге ұрып тұр.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
22 сәуір 2022 ж. 379 0

Қоғам

ҚАРА ӨЛЕҢГЕ ҚҰМАР ЕЛЕНА
01 мамыр 2024 ж. 137

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031