Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шамалғандағы апат қайталанып жүрмесін

Шамалғандағы апат қайталанып жүрмесін

Кентте күн санап автокөліктің саны артып келеді. Салық басқармасы берген мәлімет бойы­нша бүгінге дейін 13500-ге жуық көлік жүргізуші тіркелген. Аудан бойынша 100 қоғамдық көлік бар болса, оның 70-ке жуығы Самара-Шымкент тас жолы бойындағы теміржол өткелі арқылы жүреді.Ал дәл осы өткелдің үстінен күніне 25-30 шақты пойыз жүріп өтеді екен. Сонда бір күнде бұл жерде осыншама рет кептеліс болады деген сөз. Біз айтқалы отырған мәселе де осы – теміржол өткелінен өтудің машақаты туралы болып отыр.
Автокөлік санының көптігі сонша, бекет жабылған бас-аяғы 5-6 минутта жолдың бір жақ бетінің өзінде шамамен 40-50-дей автокөлік кептелісте тұратын болар. Олардың арасында шаруаларымен асығыс келе жатқаны бар, жұмысқа кешіктім деп дегбірсізденгені бар, әйтеуір, қашан қарасаңыз да жүргізушілер бір-бірімен орынға таласып, ентелеп жатқанына куә боласыз. Осындайда Шамалғанның шойын жолындағы апат қайталанып қалмаса болар еді деп, маза қашады. Бұл біздің ғана емес, аудан халқының көкейінде жүрген мәселе. Кент тұрғыны ­Болат Біләлов:
– Бұрын көлік аз болған соң көп біліне бермейтін. Ал қазір әр үйде кемінде бір автокөліктен бар. Кенттің орталық көшелерінде кәдімгідей кептелістер болып тұрады. Әсіресе, теміржол өткелінен өтетін болсақ, пойыз келіп қалмаса екен деп тілеп барамыз. Ал, пойыз жүріп, өткел жабыла қалса, жарты сағатқа дейін кептелісте тұрып қалатын кездер болады. Оған ашуланған көлік жүргізушілері бір-бірімен айқайласып, кейде тіпті жолға таласып, көліктерін соғып кететін жағдайлар жиілеп кетті. Сондай жағдайға тап болмайын деп таңертең жұмысқа 10 минуттық жол үшін 40 минут бұрын шығуға тура келеді, – дейді.
– Жақында ғана Шамалған ауданында үлкен апат орын алды. Алла сақтасын, сол оқиға түсірілген бейнежазбаны көріп отырып, өзіміздегі теміржол өткелі көзіме елестей берді. Өйткені біздікі де тура сондай өткел ғой. Ол жерден өтетін көлік те көп. Өткен жылы «Өскен өңір» газетінің бетінен көлік жүретін көпір салынайын деп жатыр дегенді оқып қуанып қалып едік. Бірақ сол мақаладан басқа ешбір әрекетті байқаған жоқпыз. Әлде жұмысты жеделдету үшін сондай бір қайғылы оқиғаның орын алуын күтіп жүрміз бе? – дейді Ағайдар Жұмағұлов есімді ақсақал.
Өткен жолы аудан әкімдігінде облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен өткен алқалы жиындардың бірінде дәл осы мәселе көтерілген болатын. Жиында баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров көпірдің қажеттілігіне ерекше тоқталып, қаржысын республикалық бюджеттен қарауға қолдау көрсетулерін сұрағаны есімізде.
Редакцияға келіп, жоғарыдағыдай бірнеше кісі уәжін айтқан соң, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аманға хабарластық. Айтуынша өзі де дәл осы мәселемен айналысу үстінде екен:
– Өзіміз де осы теміржол өткелінен күнделікті өтіп, жағдайды көріп жүрміз. Көпірдің кешіккені рас. Оған басты себеп – қаржыға келіп тірелген болатын. Қазір барлығы шешілуге шақ қалды. Көпір құрылысы үшін аудандық бюджеттен 1 млн теңге бөлініп қойды. Енді республикалық бюджеттен хабар күтіп отырмыз. Ол жақтан шамамен 30 млн теңгедей беріліп қалады. Бірақ ол қаржы бөлінемін дегенше қарап отырмаймыз. Көпір құрылысын жүргізетін мердігерлерге конкурс жариялап, жұмысты жүргізе бермекпіз. Нақты көпір салу жұмыстары қараша айының ортасына таман басталады деп жоспарлап отырмыз, – дейді бөлім басшысы.

Гүлхан ЯХИЯ

28 қыркүйек 2019 ж. 1 301 0