Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Саяжайы бардың сыбағасы мол

Саяжайы бардың сыбағасы мол

Көгеріп көктем келген соң облыс орталығының іргесіндегі саяжайларда тіршілік нышаны пайда болды. Өтпелі кезеңнің өкпек желінен аман қалған аумақта тырбанып жұмыс істегендер ақ адал еңбегімен сыбағаларын молайтуға талпыныс жасауда.
Саяжай басында өткен қыстан қалған өліқауды отап, жеміс-жидегін егетін алқаптың топырағын қопсытып, тыңайтқыш төгіп, тырбанып жатқан тәмам ел. Тек желді күні көң-қоқысты өртеудің қауіптілігін ескеру керек тәрізді. Оның үстіне ұзақ уақыт шірімейтін полиэтилен қаптар да желмен ұшып, төңіректі ақжаңқа қылуда. Күзгі азығының қамын жасап жатқандарды ескерткеннен гөрі есіркеген дұрыс. Дені жастары жер ортасынан асып кеткен адамдар. Адал еңбектің қадірін білетін ақ дастарқандарына маңдай терімен өсірген ырыздығын қоятын аға буын. Ал байыптап қарасаңыз, жастар жоқтың қасы. Демек саяжай жай ғана сыбағаны молайтатын орын емес, балалар мен немерелерді еңбекке тәрбиелейтін орын деп айтсақ, оғаштығы бола қоймас.
– Демалыс күндері осында немере­лерімді ертіп келемін, – дейді қала тұрғыны Қонысбай Есенгелдинов, – қаланың қара түтініне қамалып өскен балалар бір мезгіл таза ауа жұтады. Маған көкөніс егетін алқаптың арамшөбін жұлып, топырағын қопсытуға көмектеседі. Су тасып береді. Қоршаудың бұзылған жерлерін жөндеседі. Өткен күзде бәрін тап-таза қылып жинап кетіп едім, қыс бойы саяжайды паналайтын кезбелердің кесірінен барлығы қаусап қалыпты. Ең жаманы, күзгі маусымдағы ұрлық. Оңай олжаны кәсіп еткен кезбелер пісіп тұрған шие мен құлпынайды, қарақатты теріп алып, базарға апарып арзан бағамен сатып жібереді. Бір күн көзің тайып кетсе, жаз бойғы еңбегің зая.
Аумағы атшаптырым саяжай аумағы қысқы қоқыстан тазартылып, аула біткен көгалдандырылып жатыр. Көкейде көп жұмыс сайрап тұрғанымен, ілгері басқан қадамды кері кетіретін тосқауыл кедергі де аз емес. Қазіргісі жолаушылар автобусының сирек қатынауы. Қара қазандай болған ел өкпесі осы тарапта айтылуда. Келіп-кету қиын болған соң кейбір көршілеріміз саяжайдан бас тартуда дейді жер ембек болып жүрген жандар. 10 сәуірден бастап №36 саяжайға қатынайтын автобус бағыты іске қосылыпты. Шынтуайтында, бұл жалғыз бағыт. Сон­дықтан облыс орталығы тұр­ғында­рының барлығына бірдей қолайлы емес.
– Қазір тәулігіне бес айналым жасап жүрміз, – дейді «Көкшетау автобус паркі» серік­тестігінің бас директоры Олег Агоев, – алғашқы бетте жолаушылардың ағынын зерделедік. Шамамен, бір мезетте отыз адам көлігімізді пайдалануы мүмкін. Күн жылынған соң саяжайға келетіндер қатары молайса, тиісінше автобус бағыттары да көбейеді.
Өткен жылдары уақтылы су берілмей, электр қуаты болмағандықтан, Көкшетау, Зеренді бағытындағы саяжайлардың оң қапталы ойсырап қалған. Көгеріп өскен көкөністі, жеміс-жидекті иесінің аузына тигізбей, пісер-піспесте үптеп кететін кезбелердің қорлығы да аз емес.
– Саяжайда бейнебақылау камерасы орнатылған, күзет желісі жұмыс істейді, – дейді Көкшетау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Жанар Шәріпов, – бұл жерде орын алған қылмыс жедел ашылады. Қыста саяжайларды кезбелердің баспана ететіні де бар. Кейбір тұрмыстық қылмыстар осындай жайдан туындайды. Кісі өлімі де болды. Қылмыс ізін суытпай, дер кезінде ашылды. Бұрын саяжай аумағын салт атты полиция қызметкерлері күзететін еді. Қазір ол қысқартылып, автопатруль арқылы бақылау жүргізіледі.
Саяжайлардың ішінде мұнтаздай таза, ұқыпты қолдың табы анық байқалатын үлгілі серіктестіктер де бар. Соның бі­рі «Пищевик» саяжай кооперативі. Коопе­ра­тив құрамында 286 жер телімі бар. Ор­тақ жұмыс ортаға салынып, сая­жай иелері көп болып қауымдасып, бі­рігуі­нің нәтижесінде мүшелік жарнаға төлеген қаржының есебінен су құбырын толығымен жаңартып алмақ.
– Металл су құбырларының барлығы тозығы жетіп, істен шықты, – дейді коо­ператив төрағасы Николай Лахмай, – қажетінше полиэтилен құбырларын сатып алдық. Су желісін тартып алсақ, біраз қиындықты еңсеріп тастар едік.
Үлгілі делінген кооперативтің өзінде жүзге жуық жер телімі бос жатыр. Суды өз күштерімен тартып алғанымен, электр желісін жөндеу жүзеге аспай жатыр. Жер телімінің бос жатуы өзгелер үшін қолайсыз. Күтілмеген жерді арамшөп қаулап, зиянды жәндіктердің де көбейіп кетуі әбден ықтимал. Құнарлы жер телімі иесін тапса ғана игілікке айналмақ. Сондықтан кооператив басшылары алдағы уақытта қала тұрғындарына құлақ­қағыс етіп, тусырап бос жатқан жерді кәдеге асырса, бәріне де пайдалы болар еді. Саяжайы бардың сыбағасы аз болмас. Бүгінгідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда, қысқы азығын қамдап алса, көп-көрім жеңілдік емес пе?!


https://egemen.kz​​​
22 сәуір 2022 ж. 356 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930