Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАҢЫЗДЫҢ ТҰСАУЫН КІМ КЕСТІ?

БАЛАҢЫЗДЫҢ ТҰСАУЫН КІМ КЕСТІ?

Қазақ халқында бала дүниеге келгеннен бастап жасалатын рәсімдер жетерлік. Әуелі дүние есігін ашқан сәбиді қырқынан шығарып, шілдехана тойын жасайды. Одан кейін бала қадам басқанда, тұсауын кеседі.Бұлсалт қазір де сақталғанымен, тұсаукесер рәсімі өзгеше өтеді. Қазір ата-аналар баласының тұсауын кесу үшін арнайы той жасап, ағайын-туыс, дос-жаранның басын қосады. Сондай-ақ бүгінгілер баланың тұсауын көргенді кісілерге, үлкендерге емес, инста блогерлерге, шоумендерге, одан қалса, түрлі өнер жұлдыздарына кестіруге әуес. Әрине, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасайтын қазақ ұрпағының қуанышына өнер жұлдыздарының келгені жөн-ақ. Бірақ алғашқы қадамын басып, қаз тұрған баланың тұсауын оң-солын танып үлгермеген жас балаға кестіру қаншалықты дұрыс?
Ерте кезден-ақ дана қазақ баланың келешегіне ақ жол тілеп, «балам тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсаукесер тойын жасайтын болған. Кез келген ата-ана баласының алғашқы қадамын майлап, тұсауын кестіруді өз борышы санаған. Көптің ризалығын, ақсақалдардың батасын алу осылайша салтқа айналған. Рас. Бұрынырақта тәй-тәй басқан тәтті балапан қыз бала болса, жүрісі ширақ, істеген ісін тиянақты тындыратын қағілез, ақжарқын мінезді апаларға, ұл баланың тұсауын жақсы аты ел аузында жүрген, қолға алған шаруа­сын нәтижелі атқаратын, еті тірі еңбекқор азаматқа кестіруді жөн санаған. Ел ішінде ертеден бала тұсауын кім кессе, соған тартады деген сенім қалыптасқандықтан, ықылым заманнан бері бүлдіршіннің тұсауын кез келген адамға кестірмеген. Тұсау кесу туралы Бауыржан Момышұлының келіні ­Зейнеп Ахметова «Күретамыр» атты кітабында өз пікірін білдірген екен.
Адамның бір жасы мен алпыс үш жасы тойлану керек» дегенді естіп қалатынымыз бар. Нақты бірдеңе деу қиын. Қазір сол бір жасты дүрілдетіп, тойлатып той жасап, желі жұлдыздарына тұсау кестіріп жатса таңғалмайтын болдық. Ырымдап, мейілінше танымал адамдарға, миллионер блогергерге, өнер иелеріне тұсау кестіріп жүргендерді сіз бен біз көріп те, есіп те жүрміз. Оған әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, түрлі өнер иелерінің тұсаукесер рәсімін тұрақты жұмысқа айналдырып алғаны дәлел. Өнер иелері былай тұрсын, «Қалаулым» жобасына барып, жар іздеп жүргендерге де бүгінде бала тұсауын кестіріп жүр қара халық. Ондағысы «балам осы секілді, көп оқырманды, танымал» болсын дегені шығар. Содан болар адамдардың заманның ағымы деп, қатардан қалғысы жоқ. Олардың бұл әрекеттері өздеріне дұрыс көрінгенімен, сырт көзге оғаш.Баласының жұлдыз болғанын, ел алдында танымал болып жүргенін кім қаламасын?! Бірақ соңғы кездері баланың тұсауын әртістер мен блогерлерге кескізу салт емес, сәнге айналып барады. Өзгелердің бұл әрекетін айыптаудан аулақпыз. Бірақ жұртшылықтың осындай даңғазаға әусетеніп кеткені көңілге кірбің ұялатады.
Осыдан үшін ай бұрын аудан тұрғыны Айгүл де баласының тұсауын танымал блогерлердің біріне кестіріп, дүркіретіп той жасаған болатын. Ол өзінің бұл ісі үшін үлкендерден сөз естігенімен еш өкінбейтіндігін айтады.
– Менің есімім – Айгүл. Жуырда ғана Ұлым Алидың тұсауын сүйікті блогерлерімнің біріне кестірдім. Әрине, оны Алматыдан шақырту үшін әкесі екеуіміз қалтамыздан біраз қаражат шығарғанымызды жасырмаймыз. Алайда баламыздың сол адамға ұқсағанын қалағандықтан, ол үшін ештеңе аяғымыз келмеді. Құлынымыздың тұсауын кескен адамды шақыртудың өзі қиынға соқты. Қанша дегенмен миллиондаған оқырманы бар адам болған соң, біразға дейін байланыса алмай жүрдік. Біз оның инстаблогын күнделікті бақылап, қалт жібермей отырамыз. Ұлымыз сол секілді табысты, ауқатты болсын деп осындай шешімше келдік, – дейді кент тұрғыны.
Иә, тұсаукесер – баланың алғашқы туған жерінде табанын жерге басып, ары қарай аттап, алды ашылатын бір белесі. Ал бұл дәстүрдің бүгінгі жайы туралы Жақаев ауылының тұрғыны Аманкүл апа былай дейді:
– Әркімнің өз қалауы бар. Өзгенің пікірімен, ойымен санасу менің адамдық борышым. Дегенмен қазіргілер салт-дәстүрміздің атауын жақсы білгенімен, оның мән-мағынасына терең бойлай бермейді. Өзекті тақырып болып отырған тұсаукесердің түпкі мақсаты – баланың қуанышын бөлісіп, алғашқы қадамына жақсылық тілеу. Ал баланың болашағы жарқын болуы үшін көпке үлгі бола білген, ел мақтаулысына айналған адамдарға тұсау кестірген жөн. Қазіргі жастар заман талабы осы екен деп бесіктен кеше ғана белі шыққан жап-жас жігіттерге баласының тұсауын кестіріп жатады. Бұл дұрыс емес. 25-ке енді толған жас бала нені қатырып, нені жасап үлгерді дейсіз? Қазақта жас болса да бас болып жүрген жігіттер көп-ақ. Алайда, енді қаз-қаз басып келе жатқан бүлдіршіннің тұсауын жастар емес, қырықты алқымдап, елуді еңсерген ел ағаларының кескені дұрысырақ. Ел ішінде халқына қалаулы, еліне елеулі болып жүрген мұндай азаматтарымыз жетерлік, – дейді кейуана.
Тұсау кесер рәсімі салт-дәстүр ретінде саналғанымен, бұл үрдіс асыл дінімізде жоқ. Бірақ, дінге қайшы келмейтіндіктен, ата-бабаларымыз бұл жоралғыны ерте кезден-ақ жасаған. Бұл туралы ауданның бас имамы да өз пікірін білдірген еді.
– «Тұсаукесер» салтын бала өміріндегі әрбір кезеңінің әр қадамының сәтті болуы үшін жақсы ниетте жасаған. Тіпті қиылған ала жіпті ағайындар «сондай күнге біз де жете берейік» деп алады. Бұл аяғын тәй-тәй басқан бүлдіршіннің жолы ашық болып, келешекке нық қадам басып, көп сүрінбеуіне үміт ете жасалатын жоралғы. Шариғатта мұсылмандар жақсы көрген игі дәстүрлер де жағымды саналады. Бұл да Пайғамбарымыздан(с.а.с) қалған жол деуге болады, өйткені ­Расулымыз (с.а.с) жаңа туған сәбиге құрма шайнап, таңдайына жаққан екен. Алла елшісінің (с.а.с) әрбір істеген амалы – сүннет. Осы сүннетті берік ұстаған аталарымыз үйіне аузы дуалы ақын, сөзге шебер шешен келсе жас баласының ауызына түкіртіп отырған. Қалай десек те, өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет, мазмұнды тәрбие жатыр. Аталарымыздан ғасырлар бойы келе жатқан «Тұсау кесерді» жақсы дәстүрге жатқызуға әбден болады. Расулымыздан жеткен хадис­те: «Әрбір амал ниетке байланысты» депті адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымыз (с.а.с). Яғни «Тұсау кесердегі» ниеттен шариғатқа қайшы келетін ешнәрсе көре алмаймыз. Алла ата-ананың өз перзенті үшін жасаған дұғасын сөзсіз қабыл етеді. Пайғамбар (с.а.с) былай деген: «Үш түрлі дұға сөзсіз қабыл болады: жәбір көрушінің дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың баласына жасаған игі дұғасы (тілегі)» Қандай ниет жатыр, қараңызшы?! Балаңның болашағына үлкен сенім артып, көңіліңді өсіретін мұндай дәстүрден қандай жамандық іздеуге болады? Ең бастысы балаңыздың тұсауын құрметке лайық, ауызында Алласы бар, абыройлы адамдарға кестіргеніміз жөн, – дейді Бақыт Ұлжаев.
Қазақтың ертеден келе жатқан салтының жойылып кетпей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткені көңіл қуантады. Алайда салтымыздың мәнін өзгерткеніміз көңілге кірбің ұялатады. Бұл күні қазақ жұрты баласының тұсауын кескенде оның алдағы қадамы оң болсын, ешқашан сүрінбесін деген ниеттен бұрын ел-жұрттың аузында ұзақ жүретін той өткізуді ойлайтын тәрізді. Қалай десек те, атадан балаға жалғасқан қазақ салтының қадірін кетіріп алмасақ жарар еді.

Сымбат СҰЛТАН
18 сәуір 2022 ж. 1 404 0