Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кір сабын өндірісі пайдалы кәсіп

Кір сабын өндірісі пайдалы кәсіп

Кез-келген кәсіп береке бас­тауы. Ал Абай Құнанбаев атамыз айтпақшы, кірпіштей дүниеге кетігін тауып, қалана білген адам ғана тұрақты табысқа кенелмек.
Газеттің дәл осы санында мемлекет тарапы­нан берілетін қайтарымсыз гранттар мен несиелерді пайдалана отырып бастауға болатын кәсіп түріне тоқталуды жөн көрдік.Дәлірек айтсақ, мақаламыз сабын шығару кәсібіне арналмақ. Бір қарағанда күрделі көрінетін бұл кәсіп түрін үй жағдайында бастауға болады. Тағы бір ерекшелігі қайтарымсыз несие алу үшін арнайы конкурсқа қатысқан уақытта сіздің бизнес жобаңыздың грантты ұтып алуға деген мүмкіндігі артады. Себебі сіздің бақталастарыңыз бір-бірінен ерекшеленбейтін сүт және ет бағытындағы мал басын көбейту секілді жобалар ұсынып жатқанда, сіздің сабын өндірісіне бағытталған жобаңыз көш ілгері тұрары анық. Енді кәсіпті бастауға кететін шығындарға тоқталайық. Ол үшін еліміздегі ауыл-аймақтарда осы кәсіпті жолға қойған азаматтардың тәжірибесін мысалға келтіреміз.
Мәселен, Атырау облысының тұрғыны былтыр мемлекет тарапынан берілетін 4 млн 700 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, сабын шығаратын цех ашқан. Оның айтуынша, сабын шығару үшін біраз ізденуіне тура келген. Шағын цех ашып, арнайы құрылғыларды сатып алған. «Кір сабын қоспасының басым бөлігі – кәдімгі күнбағыс пен малдың іш майы. Ауылдағы фастфут дайындайтын дүңгіршектерден қайнатылған күнбағыс майын жинаймыз. Оны арнайы ыдыс­та қайтадан қайнатып, үлкен қазанға құямыз. Қазандағы майға қоспаларын қосып, әбден араластырамыз. Қоймалжың қоспа нығыздалып, арнайы пішінге келтіретін құрылғыға ауыстырылады. Кәдімгі кір сабын осылай дайындалады», – дейді ол.
Ал жетісайлық кәсіпкер әйел Эльмира Жалтееваға кір сабын өндірісін бастау үшін бар болғаны жарты миллион теңге қаражат керек болған. Тіпті кәсібін ауласындағы шағын сарайда ашыпты. Ал бүгінде ол тәулігіне орташа есеппен 1 тонна, яғни 5000 дана сабын дайындайды. Әр сабынды 70-80 теңгеден саудалап, күніне 350 мың теңгенің өнімін өндіреді. «Отбасылық кәсіпті 2 адам дөңгелетіп отыр. Аталған кәсіптің шығыны аз, өйткені қолданылған тоң май сатып алып, қайнатады. Кір сабын дайындау үшін бар керегі – тоң май мен сода. Негізгі тұтынушылар Жетісай ауданының тұрғындары», – дейді кәсіпкер әйел.
Алғашқы мысалымызда Атыраулық азаматтың бұл кәсіпті 5 млн теңгеге жуық қаражатқа бастағанын көріп отырмыз. Себебі, бұл азамат өндірске қажетті құрылғыларды отандық өндірушілерден сатып алған. Сондай-ақ ол ашқан цехтың ауқымы әлде қайда үлкен. Ал жетісайлық азаматшаның сабынды қалыпқа келтіруге арналған құрылғысы шағын, әрі Қытайлық өндірушілердің туындысы. Сол себепті екі кәсіптің арасында осындай баға айырмашылығы бар. Ал сіз егерде дәл осы кәсіппен айналысқыңыз келсе жетісайлық азаматша секілді шағын өндірістен бастап, кейін кәсібіңізді кеңейтуіңізге болады. Бастысы жақсыны көрмекке ұмтылыс, ізденіс керек. Ал қол жайып қарап отырғаннан ешкімнің көсегесі көгермейтіні анық.

Рамазан Әнәпия
15 сәуір 2022 ж. 1 171 0