Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Келешегі кемел кәсіпкер

Келешегі кемел кәсіпкер

Бейбіт қоғамда бейнетшіл пендеге қандай кәсіппен айналысамын десе де қолайлы жағдай жасалған. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түлік соңына түссеңіз де, дүкен ашып саудамен айналысамын десеңіз де, ешкім бетіңізден қақпайды. Керісінше, мемлекет тиімді жобалар ұсынып, несие беруде.
Тынымсыз еңбекті талап ететін кәсіппен айналысуға Жөлек ауылының тұрғыны, үш балалы ана Құндызай Панабергенқызы тәуекелге барған. Ол «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсынан өтіп, 2019 жылы 505000 мың қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Айтуынша, екі сиыр алып бастаған кәсіпкердің несібесі молайып, мал саны артқан. Кейіннен есік алдындағы қора-жайын жөндеп, жем-шөбін дайындап, мал басын көбейту үшін мемлекеттік қолдауларға жүгінеді. Ізденіп, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені алуға күш салған. Бизнес-жоспар әзірлеп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы өткен жылы 2 млн 100 мың теңге көлемінде қаржы алады. Осылайша, 7 бас сиыр алып, оны көбейтуге жағдай жасайды. Бүгінде заты нәзік әйел болса да, ерлермен қатар кәсіпкерлікті дөңгелетіп отыр. Мал санын 30 басқа жеткізген. Сонымен қатар, қорасында 10 бас занен тұқымдас орыс ешкісі де бар.
– Отбасылық кәсіпті бастауға жанұя мүшелерінің септігі көп тиді. Ойлана келе, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді жүзеге асыру барысын қарастырдық. Несиені 6 пайызбен алдым. Жеңілдетілген несие қаражатын тоқсан сайын кес­теге сәйкес төлеймін. Мал басын көбейту үшін алған қаржыны тиімді пайдаланып, қазір кәсібімді жүргізіп келемін. Алдағы уақытта мүйізді ірі қара санын арттырып, асылдандыру бағытына бет бұрмақшымын. Мал бағу оңай емес. Десе де, қазір қол қусырып отыруға болмайды. Бала-шағаның қамы үшін мемлекеттің берген жәрдемін пайдаланып, кәсіппен айналысу керек, – дейді шаруа иесі Құндызай Панабергенқызы.
Отбасында зайыбы екеуі 2 ұл, 1 қызды тәрбиелеуде. Алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, дамытуды жос­парлап отыр.

Ш.Тілеубаев
12 наурыз 2022 ж. 472 0