Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Кәусәр» ұлттық өнім ұсынады

«Кәусәр» ұлттық өнім ұсынады

Бейбіт қоғамда бейнетшіл адамға кәсіп қылудың сан түрлі жолы қаралуда. Қайшы алып шаш қисаңыз да, қамшы алып төрт түлік бақсаңызда, кәсіп ашып нәсібін көремін десеңіз де, ешкім беттен қақпайды. Тек бойдағы жалқаулықтан арылып, жоспарлы жұмыс істесеңіз болғаны. Бүгінгі кейіпкеріміз де ешкімге қол жаймай, еңбекпен еңсесін тіктеген жандардың бірі. Ол – Тартоғай ауылының тұрғыны Халифа Абызбайқызы.
«Еңбектің өзін тапқан, байлықтың көзін табады» деген атам қазақ. Біздің кейіпкеріміз сол аталы сөздің астарын ұғынып, нағыз білекті түргізіп, маңдайды сүрткізіп, берекелі іс қылуға бел байлайды. Мемлекеттік бағдарламаларға қатыспай-ақ, жиған-терген қаржысын жолдасы Абызбай Қуатбаев екеуі жеке кәсіп ашуға жұмсайды. Халифа түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды меңгерсе, жолдасы қазақтың ұлттық сусындарын халыққа қол жетімді бағамен ұсынуды көздейді. Осылайша отбасылық кәсіптің көзін тапқан көпбалалы отбасы ауыл ішіндегі үйдің 2 бөлмесін жаңа жұмыстың құтты мекеніне айналдырып, «Кәусәр» деп маңдайшасын ілді.
«Күміс алқа» иегері Халифаның айтуынша, «Аманат қоры» коорпорациясы жуырда ғана ауыл ішінде орналасқан үйдің кілтін табыстаған екен. Осылайша жаңа үй жаңа бастаманың ұйытқысына айналады. Қасиетті жұма күні лентасы қиылған кәсіптің бастауы қайырымдылықпен көрініс тапты.
– Әр аптаның жұма күндері «Қайырымды жұма» акциясын өткізетін боламыз. Яғни осы күні ауылдағы тұрмысы төмен отбасы мен асыраушысынан айырылған балаларға, көмекке мұқтаж жандарға тегін тамақ таратылады. Ал дүйсенбі күндері «тазалық күні» болады. Алдағы уақытта ұлттық сусындардан бөлек тұтынушы талабына сай тағам мәзірлерін де толықтыру жоспарда бар. Ал сәндік қолөнер бұйымдарын арнайы тапсырыс арқылы жасаймын. Қазір де әшекей бұйымдарға тапсырыс түсіп жатыр, – деді Х.Халендерова.
«Адал еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп хәкім Абай үндегендей қайырлы іспен алғашқы қадамын басқан ­Халифа №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейде информатика пәнінің мұғалімі болып қызмет істейді. Көпбалалы ана көпке үлгі боларлық іс бастап, ауыл тұрғындарын ұлттық өнімдермен қамтуды көздеп отыр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
25 тамыз 2020 ж. 667 0