Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Трендке айналған тақия

Трендке айналған тақия

Біз өткенді өнеге, бүгінді бағдар еткен еңселі елміз. Бізде темірқазықтай жол нұсқап тұратын салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, атадан балаға мирас болған ұлттық киімдеріміз бар. Сондай-ақ асылдың сынығы саналатын «алтын тәжіміз» бар. Алайда, бүгінде «басымыздағы тәждің берекесі мен қадірі қашып кеткен жоқ па?» деген сауал көкейде қылаң береді. Айтпағымыз, сәнге айналған тақия хақында. Олай болса, бойжеткендердің басынан түспей жүрген бүгінгінің бірендін бірге зерттеп көрейік...
Көне тарих қойнауына көз жіберсеңіз, байырғы қазақ дәстүрінде ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Сол замандарда құлдар ғана жалаңбас жүреді деген ұғым қалыптасқан. Содан болар, қазақтың талай қаймағы ғұмыр бойы басынан тақиясын тастамады. Олар осылайша, қазақ деген ұлттың, оның ұлттық бас киімі барын көрсетіп кетті, бізге аманаттады. Ұлттық киімнің дәстүрлі үлгілері сақталып, әсемдігін жоғалтпай, кейінге мұра болып отырды.
Жә, сонымен тақияны бұрын кімдер киді? Тақияны Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғабит Мүсірепов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Әлкей Марғұлан сынды тау тұлғалар басынан тастамады. Бәрін қамтып түгендеу мүмкін емес. Дегенмен, қазақ қаймақтарының ұлттық бас киімді қадір тұтып, ұдайы киіп жүргендіктен тарих бедерінен байқауға болады.
Бертін келе бұл бағалы бас киім қолданыстан бірте-бірте шыға бастады. Биссмилләсіз сөз бастамай, тақияны тастамай киетін ата-бабамыздың бұл сарқыншағы уақыт өткен сайын сарқыла бастағандай. Салт-дәстүріміздің бір бөлшегі саналатын бас киімді тек мешіттегі молдалар мен егде тартқан ақсақалдардың ғана басынан көретін болдық. Содан болса керек, жас ұрпақтың санасында тақияны тек діни шараларда, ораза-намаз, ауызашар уақытында ғана пайдаланады деген ой қалыптасты. Бір сөзбен тақия ұлттық киім емес, мұсылманшылық киімі ретінде рөл атқарды.
Салт-дәстүріміз ұмыт болып бара жатыр деп алаңдап жүрген едік. Қуанышқа қарай соңғы 2-3 жылда ұлттық киімдер брендке айналып, әшекейлі көйлектер жаңаша стильде нақыштала бастады. Бұрынғының буы қайта сезіліп, қазақы киімдер де түрліше көркейе түсті. Жат болып кеткен дәстүріміз бен ұлттық киімдеріміздің жаңаша жаңғырғанын қайтейік, атадан аманатталған дүниелердің діңгегі босап, желі қолданушылары ұлттық киімдердің қадірін қашыра бастады. Жастар жартылай жалаңаштанып, қазақы образда желіні шулатуға көшті. Әрине, мұның артында танымал болудың жолы бары анық. Алайда, мұндай арзан атақтың абырой алып бермейтінін олар аңғармаған секілді. Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын Шырын ­Нарчаева есімді қазақ қызы ұлттық бас киімді қор қылып, жартылай жалаңаштанып дауға қалған болатын. Бойжеткен бұл ісін еш әбестік санамағанымен, желі қолданушылары оны жерден алып, жерге салған еді. Хейтерлер Шырынның парақшасына «басыңдағы сәукеле мен тақиядан садаға кеткір, ұятсыз» дегендей пікірлер қалдырып, оны тоқтатуға тырыспақ болған. Дегенмен, «қазақ көргенін істейді» дейміз бе? Қазақ қызының бұл әрекетінен кейін ұлттық киімдерді қорлайтындар одан сайын көбейді. Өкінішті-ақ...
Хош. «Бәріне уақыт емші» демекші, уақыт өткен сайын бәрі ұмытыла бастады. Өткенді шетке ысырғанымыз сол-ақ еді, Ұлы дала баласы Төреғали Төреәлі «Абай киген тақия, Шәмші киген тақия» деп тақия жайлы ән шығарды. Ән жарыққа шыға салысымен, өз тыңдармандарын тауып үлгерді. Қысқасы, бұл әнсіз бірде бір той өтпейтін болды. Дәл осы әннен кейін бас киімге қызуғышылардың қатары артып, ұлттық киімге деген сұраныс тағы да жоғарылады.
Тақияға тар келмейді деді ме, жоқ әлде тырнақ алды туынды болады деді ме, әйтеуір бұл көштен «ALZABI» тобы да қалыс қалмады. «Чтобы прокатится хочу на гелике, хоть бы не на велике» деген өлең жолдары арқылы олар қазақтың бас киімі мен қамажай көйлегіне жаңашылдық алып келді. Иә, әуен жастарға ұнағанымен, үлкендердің көңілінен шықпағаны анық. Неге дейсіз ғой? Өйткені, «Қамажай» деп аталатын бұл әннен іліп алар мағына табу қиын. Десе, де Қамажай бүгінгінің трендіне айналып үлгерді. Миллиондаған қаралым жинаған әнге жастар жарыса тик-ток түсіруде. Мәселе әннің танымалдығында емес. Мәселе оның қазақы нақыштағы бас киімнің қайта түрленуіне ықпал еткенінде. Бүгінде қамажайдың биін билеп, басқа тақия киіп трендте жүргендер көп. Демек, бұл ән қазақ қоғамына өз пайдасын беріп қана қоймай, ұлттық киімнің қайта жандануына әсер етті.
Қамажай әні танымал болғалы бері, отандық дизайнерлер де ешкім күтпеген жаңалық жасап, үкі мен тақияны ашық көрсетілімге шығарды. Әдетте Еуропаға еліктегенді жақсы көретін сәнқойлар бұл жолы бренд пен тренд қуалап, ұлттық нақыштағы тақиялардың топтамасын жасап шығарды. Мүмкіндікті қалт жібермейтін өзге де тігіншілер мен саудагерлер тақияның түр-түрін сатылымға шығара бастады. Оның сәнге айналғаны соншалық, қазір мұндай тақияның түрлерін кез келген киім дүкендерінен де жылдам табуға болады. Тіпті, инста блогерлердің өзі қазіргі уақытта тақияны табыс көзіне айналдыруда. Бір сөзбен айтқанда, сәннен қалмаймын десеңіз, сатып ала аласыз. Тақиялардың бағасы – 4000 теңгеден басталып, сапасына қарай түрлене береді. Желі қолданушылары оны кез келген киіммен кие беруге болады дейді. Тек түстер үйлесімін сақтай алсаңыз болғаны.
Рас. Түрлі оюлармен көмкеріліп, темір-терсектер жабыстырылған түрлі-түсті тақияларды қазір кез келген арудың басынан кезіктіруге болады. Оларға қарап шын сүйсінесің. Қазақы салт-дәстүріміздің сақталғанына қуанасың. Алайда, бұған ерте қуануға болмайды. Себебі, бүгінде бастағы тақияның қадірін қашырып жүрген бойжеткендерді жиі кезіктіріп жүрміз. Олар тақияны сән үшін кисе де, түп тамырын білмейді-ау, шамасы. Себебі, қысқа белдемше, жыртық-жыртық джинс шалбармен киген тақияның сәніне қарағанда мұңы басымдау болып тұрғаны... Бүйте беретін болсақ, ұлттық киімдеріміздің құны жойылып, қадірі қашпай ма? Оны да ойланайық...

Сымбат СҰЛТАН
11 сәуір 2022 ж. 979 0