Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тымақ, бөрік ашады көркіңізді 

Тымақ, бөрік ашады көркіңізді 



Бас киім адамзат баласы үшін құндылықтардың бірі болып бағалануы тиіс. Қазақ халқы «бас киімді жерге тастаса, бақ тая­ды, бас кемиді» деп ырымдап, оны үнемі биікке қойған. Даналық пен даралыққа ие қазақ осылай десе, бекер емесі анық. Олай болса, құндылықтарымызды жандандырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұлттық бас киімдерімізді де қайта жаңғырту керек-ақ.

Қазақ ғұрпында жақ­сылықтың барлығы адамның маңдайына жазылады деген ұғым бар. Сонымен қа­тар, бас киім үйдің құты мен берекесі, басқа қонған бақтың тұрағы. Сол үшін де бас киімді тарту етпеу, ауыстырып немесе қабаттап кимеу керек деп наным-сенімдерге жүгініп жатамыз. Бүгінде тымақ, бөрік сынды бас киімдердің дәурені өтіп, түрлі тоқыма қалпақ пен құлақшындардың сән төрінен орын алғаны белгілі. Алайда, күн суытып, қыс ызғары білінген осы мезгілде көне көз қариялардың бірен-сараңы жарасымды тымақ киіп, үстіне ішік ілгенін көзіміз шалып жүр. Болмысы бөлек, тымағын тастамайтын жандардың бірі Жұмабек Айтбай ақсақал. Көпке үлгі боларлық қарияны тілге тиек етуіміз бекер емес. Өйткені, топ ішінен дараланып, тұлғасы мен бет пішініне жараса кеткен тымақты киетін жандардың қатары сирек екені жасырын емес. Жалпы, тымақ – ерлер үшін қыстың қытымыр аязында жылы, жеңіл, қонымды бас киім. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Түлкі, елтірі, сеңсең, пұшпақ тымақ секілді түрлері де бар. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін тымағына қарап таныған. Абайдың «Ескілік киімі» деген өлеңінде:
Күләпара бастырған, пұшпақ тымақ,
Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.
Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,
Артын белге қыстырған бар құрысақ, – деп суреттейді.
Сондай-ақ, тымақ – қасиетті бас киім. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған көрінеді. Бұрынғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелесе керек. Ал, «тымақ ұру» дәстүрі дау-жанжал кезінде кінәлілер арызданушылардың алдына барып, тымағын тастап, кешірім сұрау барысында қолданылған.
Ұлтымызға жарасатын бас киімнің тағы бір түрі – бөрік. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат, құндыз, жанат, сусар, түлкі, күзен бөрік деп аталады. Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады. Жас жігіттер мен сал-сері ақындар бөркіне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген. Ал, Махмұт Қашқари үлбірлі тымақтарды «камач бөрік» деп атаған. Тіпті, Ш.Уәлихановтың әкесі Шыңғыстың камшат үлбірімен көмкерілген бөрігі Эрмитажда сақтаулы тұр. Иә, ата-бабадан қалған асыл мұраларға жан бітіріп, жан-дүниемізді рухани жаңғырту өзімізден бастау алатынын біле жүрейік.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).

30 қараша 2018 ж. 5 705 0