ЖАРЫСҚАЗАН
Қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым үдірістері талай-талай тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, небір зұлмат замандарды артта қалдырып, сан алуан дәуірлердің таңбасын бойына сіңіріп бізге жеткен.
Қоғамдық құрлыс пен өмір салты өзгеріп тұратыны табиғи құбылыс. Халқымыз басып өткен белестермен бірге әдет-ғұрпымыздың да талайы тарих қойнауына кетіп, көзден тасаланғаны белгілі. Алайда, «өткеніңді білмей, жеткеніңнің бағасын жете білмейсің» депті кемеңгер бабалар. Иә, өткенді білгеннің артықшылығы жоқ, ол басқанікі емес, өзіміздікі ғой.
Аналар қауымы жалпыға ортақ перзентханаларда босанғалы бері салттан шығып қалған, қолданыста жоқ ырымдарының бірі – «жарысқазан».
Келін босанар сәтте бірнеше әйел қазан көтеріп, от жағып тамақ әзірлеуге кіріседі. Уақыт алып ұзақ пісетін ас таңдалмайды, керісінше тезірек даяр болатын жеңіл-желпісін жасайды. Ондағы мақсат «қазан қайнап, ас піскенше бала дүниеге келсін», «келін аман-есен апы-күпі тез босансын» деп қазан мен толғақты «жарыстырып» тілек тілейді.
Сөйтіп, келіншек қол-аяғын бауырына алып жеңілдегенде ас та әзір болып, қуаныш дастарқаны жайылып, шілде тойдың алды басталып та кетеді екен.
Бұрын көне қазақ ауылында болған, қазір келмеске кетіп ұмытылған тағы бір ырым – «түсті ме?» - деп дауыстайды. Іштегі әйелдер: «Түсті! Түсті!» - деп жауап қатады. Бұл әрекет қажетіне қарай қайталанады.
Ащы толғақ шыдатпай қиналып, жан-жағына тырмыса қарманып жанұшырып жатқан келінге айналасында соншама адамның өзіне тілеулес болып, көңіл демеулерін беруі әсер етпей қоймайды дейді. Сол кезде келіннің сіресіп тұрған бойы босап, бала да шыр етіп түсетін көрінеді. Әжелеріміздің бұл әдісінің негізгі мәні – келінге рухани күш-қуат дарытып, өзіне деген сенімін арттырып жігерлендіруді көздегені екен.