Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті ветеринар

Білікті ветеринар

Жақсылығымен жанына сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп жүретін жақсы адамдардың кейде жанымызда жүргенін елеп-ескере бермейміз. Сондай адамгершілігімен, адал еңбегімен айналасына сыйлы болған жандардың бірі – Әбушахман Саюпов. Ұзақ жылғы ғұмырын мал дәрігерлік саласына арнаған ол сексеннің бесеуін бағындырып, ауданның ақылшысына айналып отыр.
Әбушахман ағаның балалық шағы ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Ол дүниеге келген 1937 жылы айнала жау іздеген аласапыран шақ еді. Әрине өмірге жаңа есік ашқан нәресте мұны қайдан білсін, бірақ кейін есейген, ат жалын тартып мінген шақтарында сол уақыттың зардабын сезініп жүрді. Ол бұрынғы «КИМ» колхозы, бүгінгі Майлытоғай ауылындағы, 17-інші бекетте дүние дидарына келген. Сұрапыл соғыс басталғанда, ағамыз төрт жаста еді. 1947 жылы қазіргі Қ.Сәбіров атындағы мектептің бірінші сыныбына барып, жеті жылдықты сонда бітіреді. Одан кейін сегізінші сыныпты 1-Май ауылындағы Орджонекидзе мектебіне қатынап оқып, тоғызыншы сыныпты №45 орта мектепте жалғастырады. Қазақта, әсіресе ауыл тұрғындары арасында, баланы оқыту, жоғары білімді мамандыққа бейімдеу қалыптасқан үрдіс еді. Осы мектепті 1957 жылы бітірген бозбала 1958 жылы Қапланбек атындағы зооветеринария техникумына оқуға түседі. Бір жыл Тартоғай совхозының 2-інші қой фермасында жұмысшы болады. Еңбекпен піскен Әбушахман техникумды үздік бітіреді. Үш жыл ішінде мал дәрігерлік ілімнің қыр-сырын игеріп, білікті маман болып шықты.
Ол кезде шаруашылықтарда білікті қызметкерлер, әсіресе, ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейтін. Әбушахманды өзі ұшырған 2-інші ферма басшылары қуана қарсы алды. Ауылдың бүкіл шаруасын бала кезінен игеріп өскен жас жігіт бірден білек сыбана іске кірісті. Техникумда тәжірибелі ұстаздардан алған тәлімін ыңғайына қарай жүйелі түрде қолдануға көшті. Малдың түрлі ауруларының алдын алу, қозыға көкдәрі құю секілді науқан ретімен айналып келіп тұратын. Алдын алу, емдік шараларды жас маман жаңылыспай атқара білді. Арада бір жыл өтер-өтпестен 1963 жылы аудандық ветстанцияда ветеринарлық инс­пектор қызметіне ауысты. Оған Қаратау етегіндегі Қосүйеңкі деген жерде Қызыл Ту, Гигант, Авангард сынды 3 колхоздың қой қырқымында болып, 60 мыңдай қойдың мал дәрігері қызметі жүктеледі. Әрине, илейтін терінің пұшпағы бір, дегенмен әр жұмыстың өзіндік міндеттері болады. Соған қарамастан ол жауапкершілікті терең сезініп, екі жұмыстың иінін бір арнаға тоғыстырып, үйлестіре білді.
Одан соң, бірнеше жұмысты қатар атқарған білікті маман өзінің іскерлігін де, икемділігін де танытып, 1975 жылға дейін Төңкеріс, Коммунизм, Қызыл Ту, Ленин атындағы колхоздарда мал дәрігері болып жұмыс істеді. Туған топырағына оралған ол жаңа құрылған Телікөл қой совхозына мамандығы бойынша ауыстырылады. 3-інші фермада үш жыл еңбек етіп, 1978 жылдан 1989 жылға дейін 2–1-ші фермаларда мал дәрігері болып үздіксіз қызмет істейді. Осыдан-ақ еңбекшіл де жаңалыққа жаны құмар жас дәрігер қай кезде болсын малшылардың қалаулы жандарының біріне айналды. Ол мал дәрігері болып қызмет еткен жылдары мал өлімі азайып, өсірілуге қалдырылған төл саны артты. Одан әрі 1989 жылдан 1992 жыл аралығында ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдары Ә.Саюпов басқаратын ферма қойдың асыл тұқымды «Сухандария» алтын сұр елтірісін даярлайтын халге жеткен еді. Ол кезде өзге фермалар қаракөл елтірісімен айналысатын.
– Алғашқы еңбек жолымнан бастап аузын ашса жүрегі көрінетін, айтқан сөзіңе баладай сенетін, міндетін адалдықпен атқаратын шаруалар мен еңбекшілердің арасына түстім. Соңғы директорымыз Нұрбек Есжанов болатын. Ферма меңгерушілерінен есімде қалғандары Дана Сапаров, Еркінбек Рсымбетов, ­Жамалхан Әбжапбаров, Жүніс Бекайдаров, зоотехник Сейділдахан Алпамысов, Алпысбай Жүсіпов, мал дәрігері Шәдібек Мақұлбеков, Сұлтан Сарбасов, Дүйсен Ахметовтер. Осындай жайсаң, керемет адамдармен бірге жұмыс істедім. Замандас, сырлас болдық. Барлығы да адами қасиеттері жоғары, жан дүниесі бай, еңбекке ынта жігерімен берілген жандар болатын, – дейді ол.
Аз ғана жыл ішінде 1-інші ферма қалыпты тіршілікке көшті. Бірақ алда басқа да өзгерісті кезеңдер күтіп тұр еді. Уақыт талабына сәйкес барлық фермалар тарап, жекешеленді. Одан кейін 1993 жылы қайтадан 3-інші ферма құрылды. Кейіпкеріміз Әбушахман сонда мал дәрігері болып, осы жылдың наурыз айында 55 жасында зейнеткерлікке шықты. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік оның елге абыройын асқақтатып, беделін биіктетті. Әбушахман ақсақал жары Күләндамен көңіл қосып, екеуі 1 ұл мен 2 қыз өсіріп, олардан немере-шөбере сүйді. Зайыбы Күләнда Қызыл Ту колхозында озат механизатор болған. «Құрмет» орденді, кеудесіне «Лениннің 100 жылдығы» медалін қадаған тракторшы еді. Тағдырдың жазуымен 2009 жылы өмірден өтті. Ал, сексеннің бесіне жеткен ақсақалдың сергектігі – бір бөлек әңгіме. Ол әлі де жастарға үлгі болып келеді. Бірақ «осындай ауданның өсіп-өркендеу жолында қажырлы еңбек еткен азаматтарды өз дәрежесінде қадірлеп, лайықты құрмет көрсете алып жүрміз бе?» деген сұрақтың көңілде қылаң беруі орынды. Мәселен, ­ауылдарда еңбегі еленбей, ескерілмей ­тасада қалып жатқандар баршылық. Оны кім іздеп, зерттеп жүр? Сондықтан да мал дәрігері, шопандар «әскерін» басқарған Әбушахман Саюповтың еңбегін елге, жеткізгенді жөн көрдік.

Шапағат Тілеубаев
11 сәуір 2022 ж. 470 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930