Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерген болған майдангер

Мерген болған майдангер

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы небір зұлмат жылдар мен қаншама қырғынды көзбен көріп, бастан кешірді. Солардың ішінде «Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен» ең бір қайғылы кезең Ұлы Отан соғысы десек болады. Сол майданның аяқталғанына биыл 77 жыл толып отыр. Осы соғыста жан алысып, жан беріскен, ел үшін жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлік істері халық жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Сол сұрапыл соғысқа қатысып, майданда бақилық болған ардагерлерімізге тағзым етіп, оларды естен шығармау біздің, кейінгі ұрпақтың айнымас парызы болмақ.
Кейіпкеріміз Тәжімағанбет Айыпұлы 1923 жылы 8 наурызда Керделі ауылдық округінде шаруа отбасында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қатарластарымен бірге еңбекте ерте шыңдалады. Тәжімағанбет ауылға Америкадан келген «ФОРДЗОН» тракторын тізгіндеуді ауылдағы алғашқы тракторист жездесі Сарыбайдан үйренеді. Осылай егін егіп, қамба толтырып, күн ұзаққа созылған ауыр жұмыс арасында жүргенде соғыс басталды деген суық хабар келеді. Содан, 1941 жылдың 21 маусымында ел дүрбелеңге түскенде 18 жасар Тәжібай (ауылдастары осылай атап кеткен) , алғашқылардың бірі болып, ауылдағы азаматтармен бірге қан майданға аттанды. Техника мен механиканың тілін мықты меңгерген оны Т-34 танкісінің зеңбірекші көздеушісі етіп тағайындайды. Өзінің мергендігімен көзге түскен ол көптеген қиян-кескі ұрыстарда фашистердің талай танкісін талқандап, ерлігімен көзге түседі.
Екінші Украин фронтындағы кескілескен жорықтарда Украина жерлерін басқыншылардан босатады. Одан кейін Днепр, Кривой Рог жерлеріндегі шайқастарында соғыс тактикасын меңгеріп, шыңдала түседі. Ауылдан бірге барған жерлес жауынгер, жақын досы Сейітжан Қалекеевке неміс снаряды тиіп, көз алдында жан тапсырағаны оңай соқпады, есеңгіреп қалды. Сондай қиындықтарға қарамастан қырағы сарбаз, майданда мерген атанып, сержант атағына ие болды. Жан алып, жан беріскен қанды шайқастарда жас сарбаз азаматтық намысты жоғары қойды. Елім, жерім деп кеудесін оққа тосты. Жауынгерлермен бірге Днепр өзенінен өтіп жатқан кезде іш құрылысынан ауыр жараланып, госпитальге түседі. Тән жарасы жазылар-ау, жүрекке түскен жан жарасын кім емдейді? Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің өтеуін кім төлейді? Бұл бір ғана Тәжімағанбет Айыпұлы арқалаған жүк емес. Шиелі жерінен аттанған 5 мыңнан астам жауынгердің жүрегінде қалған сызат еді бұл. Ауыр жарақаты жауынгердің жігерін жасытпады.
Ұзақ ем алып, госпитальда аяғынан тұрған сарбаз совет жерлерін түгелдей азат етуге қатысады. 9 мамыр – Жеңіс күнін Берлин түбінде тойлайды. «Елге қайтамыз» деп шаттанып тұрғанда, Сталиннің бұйрығымен, мыңдаған совет жауынгерлерінен құралған дивизия сапына еніп, 1945 жылы маусым айында Манчжурия жерлерін Жапон басқыншыларынан азат етуге аттанады. Халгин Голда жапон милитаристерін біржола Қытай жерінен қуып, 1947 жылдың күзінде ауылға тағы да Жеңіспен оралды.
Ауылға аман-есен келген сарбаз прорабтар дайындайтын техникумды үздік бітіріп, өндірісте, құрылыста прораб болып ұзақ жылдар нәтижелі жұмыс істеп, еңбек демалысына шығады. Сол жылдары жаңадан құрылған Келінтөбе совхозының құрылысына басшылық жасайды. Өзі басы-қасында жүріп соғылған, қалпына келтірілген көптеген ғимараттар Шиеліде бүгінгі күнге дейін мен мұндалап тұр. Соның бірі – Қызыл-Ту колхозындағы үйлер, Автобаза маңындағы 1969 жылы соғылған «Быткомбинат», 1963 жылы қалпына келтірілген Есабыз бабамыз жатқан тарихи кесене. Ол – ауыл шарушылығының дамуына дем беріп, шаруалардың еңсесін тіктеуіне қажыр-қайратын аямады. Ауыл келбетін ажарландырып, жасыл желекке көмкеруде бастамашылдық талабынан таңбады. Елді айрандай ұйыған ауызбіршілікке үндеді. Үлкен жүрек иесі осындай азаматтық үлгісінен зейнеткерлікке шыққан соң да ажырамады. Қашан болсын ел тағдырына, ауыл өміріне келіп тірелетін мәселелерде ақсақалдық ақыл-өсиетін, төбелі елге төрелігін айтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Әсіресе жастарға жол көрсетіп, елді бірлікке, ағайынды татулыққа шақырды.
Тәжімағанбет Айыпұлы қызметте жоғарыласа да төмендегіні ұмыт қалдырмаған жан. Әлсізге қамқор, кішіге ақылшы, дәрменсізге демеу болды. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың жарлығымен Ұлы Жеңістің 45 жылдық мерекесі қарсаңында Тәжімағанбет ақсақалға жеңіл автокөліктің кілті табысталды. Одан бөлек, Ұлы жеңісті жақындатқаны үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, және бірнеше медальдармен марапатталған. Барлық орден медальдары аудандық орталық музейде тарихи экспонат ретінде сақтаулы.

Ш.Тілеубаев
28 наурыз 2022 ж. 540 0