Қызылорда облысындағы жылыжайлардан өткен жылы 480,9 тонна өнім жиналған
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында бүгінде жалпы көлемі 14,6 гектар болатын 22 жылыжай нақты жұмыс істейді.
Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Жүсіпбек Әжібековтің айтуынша, өткен жылы облыстағы жылыжайлардан 480,9 тонна өнім жиналған.Облыс халқын маусымаралық кезеңде жергілікті сапалы көкөніс өніммен қамтамасыз етудің бір жолы – жылыжай өндірісін дамыту болып табылады. Бүгінде аймақта 22 жылыжай бар десек, оның басым бөлігі облыс орталығында. Жаңақорған ауданында – 1, Шиеліде – 4, Сырдария ауданында – 4, Жалағашта – 2, Қазалы ауданында 4 жылыжай жыл бойы жұмыс жасауда. Осы жылыжайлардан өткен жылы 480,9 тонна көкөніс жиналды. Оның 443,8 тоннасы қияр және 37 тонна қызанақ өнімі, - дейді Жүсіпбек Әжібеков.Қазіргі таңда облыс орталығындағы жылыжайлардың дені биылғы жылдың алғашқы өнімін жинауға кіріскен. Қызылорда қаласындағы көлемі 2,2 гектарды құрайтын «КазАгроМир» ЖШС биыл қиярдың «Бьерн F1» сортын егіп, сәуір айынан бастап мол өнім алуға кіріскелі отыр. Өңірдегі жылыжайларда қияр мен қызынақтан басқа да өнімдер егіледі. Атап айтар болсақ, Шиелі ауданындағы «Перизат» жеке кәсіпкерлігі 7 гектар жерде орналасқан жылыжайда қауын, қарбыз көшеттерін өсіруде. Ал облыстағы белді оқу орындарының бірі – «Болашақ» университетінің жылыжайында жыл бойы қияр, қызанақ көкөнісі мен бірге құлпынай жидегі де өседі.
Қуаттылығы жылына 900 тонналық жоғары технологиялы заманауи автоматтандырылған жылыжай кешені өткен жылы 50 мың түп қиярдың «Панама» сортын отырғызып, 236 тонна қияр жинады. Сонымен қатар Қызылорда қаласының тұрғыны Ақсуат ауылдық округінде 200 шаршы метр жерге жылыжай тұрғызып, қияр егіп, өнімді сәуір айында жинау күтілуде, – дейді Жүсіпбек Әжібеков.
Осы жылдың наурыз айының бас кезеңінде оқу ғимаратының жылыжайында қиярдың «Хойрат» және «Аринара» түрлері егілді. Ғалымдар жылыжайдағы өсімдіктерді тамшылатып суаруда.
Университет оқытушысы, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Марат Жанзақовтың айтуынша, қиярдың Аринара түрі ірі, әрі ерте пісіп, үш ай бойы мол өнім береді.
Жылыжайда жыл бойы қиярдан мол өнім алуға мүмкіндік бар. Бір аринара қиярының салмағы 105-136 граммды құрайды. Жылыжайда вермикомпост органикалық тыңайытқыш өндіру үшін калифорниялық қызыл жауын құрты пайдаланылды. Күн жылыған соң бұл тыңайтқышты жылыжайды ішінде емес, далада жүргізетін боламыз, – дейді Марат Жанзақов.Жылыжай шаруашылығын дамытуға аймақтағы аудан тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді. Жалағаш ауданының тұрғыны Нұржан Жүсіптің екі жылыжайы бар. Жылыжай кәсібін қолға алған аудан тұрғыны көкөніс және гүл өсіру ісімен айналысады. Кәсіпкер алғашқы жылыжайын өз үйінің бақшасында салған.Жылыжай иесінің айтуынша, ақпан айының соңында раушан, қызғалдақ, шырайгүл (петуния) гүлдерінің көшеті отырғызылады.
Алғашқыда барлығы өз ойымдағыдай болмады. Жылыжай шаруашылығын біраз уақыт мұқият зерттегеннен кейін жағдай жақсарды. Үлкен жылыжайда гүл көшеттерін өсіремін. Екінші жылыжайда қияр, қызанақ, болгар бұрышы мен тағамдық ас көктердің көшеттерін егемін. Сонымен қатар, үйдің ауласында жеміс ағаштары өседі. Қыста ауыл тұрғындары көкөніс сатып алса, көктемде көшет сатып алады. Жылыжай 9 ай бойы жұмыс істейді. Қыс мезгілінде жылыжай жөндеуден өтіп, тұқым жиналып келесі маусымға дайындық жұмысы жүргізіледі, – Нұржан Жүсіп.
Елімізде жылыжай бизнесі күннен-күнге кеңейіп келеді. Бұл кәсіппен айналысқысы келетіндерге мемлекеттік грант пен несиелік жеңілдіктер қарастырылған. Алайда жылыжай өсірушілердің көбісінде қажетті білім жоқ. Сондықтан алғашқы бес жылда ешқандай пайда болмайтыны анық. Жылыжай өндірісін қолға алғандардың дені бес жылдан соң ғана шығындардың 40 пайызын өтеп бастайды. Сонымен қатар жылына екі рет пайда таба бастады.
Жалпы елімізде жылыжай кәсібін дөңгелетемін деген әр адамға мемлекеттен қолдау бар. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы несие алуға, жаңа индустриялық аймақтан жер учаскесін алып, онда барлық коммуникацияларды тартуға және субсидия алуға көмек көрсетіледі. Бірақ әзірге шаруалардың жабық жерде көкөніс өсіру тәжірибесі жоқ.
Бұл орайда ондаған жылдар бойы жылыжай шаруашылығымен айналысып келе жатқан ардагер шаруа Нұрлыбай Ұлықпанұлының айтары көп.
Жылыжайдағы өнімді арттыру керек. Бізге бұл салада білікті мамандар, жылыжайларды басқару орталықтары, жоғары сапалы тұқым, топырақ, тыңайтқыштар мен пестицидтер сататын мамандандырылған дүкендер қажет. Мұндай сауда нүктелері қазірден құрылуы керек, өйткені бұл кәсіпке деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді, – дейді Нұрлыбай Ұлықпанұлы.Ардагер шаруаның айтуынша, қызылордалықтардың саяжайларындағы жылыжайды жабдықтауға мүмкіндігі мол. Айта кетейік, облыста жылыжайлар құрылысын жүргізу мақсатында Қызылорда қаласындағы «Жан-Арай» ЖШС жалпы көлемі 3,9 гектар болатын заманауи жылыжай кешенінің құрылысы биылғы жылдың екінші маусымында басталады деп күтілуде.
Егер тұрғындар жерді дұрыс пайдалана білсе, жыл бойы табыс болады. Үйде де, сыртта да кез келген өсімдікті өсіруге мүмкіндік бар. Бұл шаруашылықты қолға алу үшін биік, әрі үлкен жылыжай салудың қажеті жоқ. Тек жер жеткілікті болса болғаны. Жылыжай кәсібімен айналысамын деушілерге ақыл-кеңес беруге қуана көмектесемін. Уақыт өте келе барлық қажетті шаралар жүзеге асып, содан кейін Қызылорда базарларында импорттық өнімдерден гөрі жергілікті өнім көп болатынына сенемін, - дейді Нұрлыбай Ұлықпанұлы.